Ресми

Конституция жобасын жаңарту мен реформалау – заман талабы

Бүгінгі күннің басты жаңалығы – Конституцияны жаңартып, Ата Заңға өзгерістің енгені. «Елу жылда – ел жаңа» дейді қазақ. Еліміз тәуелсіздігін алып, өз-өзіне келгеніне де 35 жылдай уақыт өтіпті. Осы өткен уақыттың көптеген кемшіліктері мен жеткен жетістіктерінің бәрі де бізге сабақ пен тәжірибе болды. Жаңа ғасырды технология заманы, демократия дәуірі деп ойласақ, осынау өзгерістердің өзі – табиғи да, тарихи да заңдылық болар! Жалпы Конституция ұғымына ой жүгіртсек, көз алдымызда мынандай дерек пайда болады: «Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін басты заң. Ол елдің саяси жүйесін, билік тармақтарының қызметін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын белгілейді».

Бұған қарағанда, Конституция – әрбір мемлекеттің басындағы миы, тұла бойындағы күш құдіреті болуға тиіс. Әрі ақылды, әрі күшті мемлекет – өзінің жүрегі де, тірегі де бола алатын Конституциясын дүниеге әкелу керек. Және сол басты Заңдар жиынтығын қолдап қорғау, құрметтеп, сыйлау қажет! Енді бір деректе: «Қоғам дамуына, жаһандану үдерістеріне және ішкі-сыртқы өзгерістерге байланысты Конституцияға реформалар енгізу қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жобасын жаңарту мен реформалау – заман талабы», – дейді. Бұған да иланасың. Хакім Абай: «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек…» – дегенінде өмір өзгерісін, қоғам қозғалысын ой таразысына салады ғой. Ендеше, өзгерістің өзі – жаңалық, алға жылжудың қайырлы қадамы. Өмір де, қоғам да – өзен секілді. Ағады, буырқанады, толқиды. Табиғат та, жалпы тіршілік заңы да осылай күй кешеді. Дәл осылай біздің Конституциямыз да өзгеріп, жаңарып, толығып жатыр екен. Танысып шықтық. Билік халыққа жақындапты. Алдағы уақытта әлі де жақындап, алтын көпірге айналмақшы. Балаларға қамқорлық, қарттарға жеңілдік, еңбек адамына жағдай жасалып жатыр. Айнала тыныштық, бейбіт өмірдің берекелі бағы басымызда тұр. Осыған тәубә дейік!

Ел Тәуелсіздігі – басты құндылық! Тәуелсіздігімізді сақтасақ, барлық ұлттық құндылықтар сақталады. Осы орайда жаңарған Конституция халықтың бүгінгі игілігіне, ел ертеңіне қызмет етеді деп сенеміз.

Әлімжан ЖАҚАН
Е. Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университеті,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Басқа материалдар

Back to top button