Ресми

Конституция жобасы – Брайль қарпінде

Конституция жобасы Брайль қарпімен жазылып, кітап болып басылды. Кітаптың таныстырылымы облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада өтті.  

Суреттер автордан

– Конституция жобасының Брайль қарпімен басылуы – азаматтардың елдің негізгі заңына тең қол жеткізу қағидатының нақты көрінісі. Конституция жобасын талқылау, оған пікір білдіру, референдумға үн қосу – азаматтық қоғамның әр өкілі үшін бұл зор жауапкершілік. Елдің болашағына, егемендігіне ең қажетті құжатпен мүмкіндігі шектеулі жандар да танысуы тиіс. Өйткені, бәріміз бір отанның перзентіміз.  Референдум алдындағы ең маңызды іс-шаралардың бірі осы деп ойлаймын. Біз қоғамның әр өкіліне назар аударып, олардың ел мүддесі жолында өз үлестерін қосуына мүмкіндік жасауымыз тиіс. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін конституциялық мәтіннің қолжетімді болуы – әділетті әрі әлеуметтік бағдарланған мемлекет құру бағытын айқындайды, – деді облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы Ғалым Нұрланов.

Іс-шара барысында қоғамдық ұйымдардың өкілдері, инклюзивті білім беру саласының мамандары сөз сөйледі. Қолжетімді ортаны одан әрі дамыту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланады.

«Бұл таныстырылым мәдени-ағартушылық іс-шара ғана емес, қоғамдағы теңдік пен бірлік қағидаттарын нығайту жолындағы нақты қадам», – деп атап өтті қатысушылар.

Брайль қарпіндегі конституция жобасы мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылған. Кітапханаға келген әр оқырманға қолжетімді.

Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button