Конституция – тасқа басылған таңба
Конституция – мемлекеттің төлқұжаты іспетті. Тіліміз бен ділімізді қалай қастерлесек, Ата Заңымызды да сол биіктен түсірмейміз. Себебі, заңы жоқ ел егемен ел болмайды. Төл Конституциямыздың жазылуы үшін құбылған талай заманның тәлкегін көрдік. Осы жолда атылдық, айдалдық, қудаландық. Өткенге мойын бұрсаңыз болғаны, кәрі тарих сайрап тұр. Ата Заңның дүниенің ешқандай байлығымен өлшенбейтін қадір-қасиетін содан асып ешкім айтпас. «Біз XV ғасырда «қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, Конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба» (Ғабит Мүсірепов).
Ата Заң уақыттың сұранысына сай жаңғырып отыруы тиіс. Бұл – заңдылық. Мемлекетіміздің қолданыстағы Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған еді. 9 тараудан, 98 баптан тұрды. 1995 жылғы Ата Заңның 1993 жылғысынан айырмашылығы – алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Бұл Конституция қабылданбас бұрын 33 мыңға жуық ұжымдық талқылаудан өткен.
Талқылауларға үш миллионнан астам азамат қатысты. Нәтижесінде 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту, 55 бапқа 1100-ден астам түзету мен толықтыру енгізілді. Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында Конституцияға референдум арқылы екі рет өзгерістер енгізілген. Біріншісі 1995 жылы өтті. Кейінгісі былтыр болды. 22 мамырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 18-бабына сәйкес, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін Республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы шықты.
2022 жылдың 8 маусымында соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан тұрады. Мынадай ауқымды өзгерістер болды.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Бұл шешімді қабылдаудағы негізгі мақсатты Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы кезінде айтқан еді. «Бізге Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру бойынша сындарлы қадамдар қажет. Мұнда ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу туралы айтылып отыр. Мұндай жүйе билік институттарының қолайлы теңгерімін қамтамасыз етеді және елдің орнықты дамуына ықпал ететін болады. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр.
Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз», – деді Президент.
Одан кейін, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дү ниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болды (6-баптың 3-тармағы). Ата Заңның ескі нұсқасында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін» делінген. Ал, жаңасында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін» деп өзгертілді.
Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарына тағайындала алмайды. Бұл да елді елең еткізген жаңалық болды. Ел басқарып отырған туысының ықпалымен шен алып, билік құруға жол жабылды.
Бір адам бір реттен артық Президент бола алмайды және мерзімі жеті жылға ұзартылды. Таяу шығыс саяси зерттеулер институтының басшысы Әли Семиннің сөзінше, түркітілдес елдерде бұрын-соңды мұндай болмаған. «Қазақстанда маңызды өзгерістер болып жатыр. Әсіресе, Президенттік мерзімге қатысты. Яғни, жеті жылға, тек бір мерзімге ғана сайлануға мүмкіндік беретін заң түркітілдес елдердің арасында тұңғыш рет қабылданып тұр. Бұл демократиялық қадам Қазақстанның әлем қауымдастығы алдындағы беделін арттырып, инвесторлардың сенімін күшейтетіні сөзсіз. Президент Тоқаевтың реформалары тек ел ішінде емес, сыртқы саясатта да маңызды өзгерістерге әкеледі деп сенемін», – деді Әли Семин.
Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Халықаралық деңгейдегі саяси сарапшылардың пікірінше, бұл шешім де демократияны күшейтуге жасалған нық қадам.
Өлім жазасына тыйым салынды, ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Бұрын өлім жазасы тек мараториймен тоқтатылып тұр еді. Мараторий 2003 жылы жарияланған. Оған дейін Қылмыстық кодекстің 17-бабы бойынша істі болғандарға қолданылып келді.
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады, Сенаттағы президенттік квота қысқартылып, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынды. Конституциялық сот құрылды.
Жалпы айтқанда, былтыр ел дамуына қарқын беретін маңызды шешімдер қабылданды. Президент Қазақстан халқына Жолдауында да, Ұлытау мен Түркістанда өткен ұлттық құрылтайларда да реформалардың мәні мен мақсаты хақында нақтылап айтты. «Бұл реформа өте маңызды. Ол Қазақстанның заманауи және тиімді мемлекетке трансформациялануына бағытталған жұмыстардың басын біріктіреді», – деді Президент.
Ата Заңымыз заманға сай жаңғырды. Халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер қамтылды. Ұлттың мүддесін қамтыды. Ендігіде жұрт болып жұмылсақ керек.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»