Конституция – тұрақты даму мен ұлттық бірліктің берік негізі
Заңгер, мәслихат депутаты және бизнес қауымдастығының өкілі ретінде мен жаңартылған Конституция жобасын мұқият зерттедім. Қазіргі заманғы күрделі сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұсынылған өзгерістерді қолдауды өзімнің азаматтық әрі кәсіби міндетім деп санаймын.

Ұсынылып отырған түзетулер еліміздің институционалдық дамуына жаңа серпін беріп, мемлекеттік басқару жүйесін заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Алдымен, Ата Заң жобасы тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға серпін береді.
Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімді әрі үйлесімді жүйесін құруды көздейді. Өкілеттіктерді нақты бөлу және Президенттің Конституцияның кепілі ретіндегі үйлестіруші рөлін күшейту — басқару сапасын арттырудың маңызды алғышарты.
Бұл бастамалар – экономика мен ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды болып табылатын тез өзгеретін әлем жағдайында стратегиялық шешімдер қабылдау жылдамдығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси шиеленістер кезеңінде уақытылы әрі салмақты шешім қабылдау — мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты.
Одан бөлек, әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды дәйекті түрде жүзеге асыру үшін қажетті атқарушы билік тізбегінің бірлігін қамтамасыз етеді. Бұл — мемлекеттік саясаттың сабақтастығы мен нәтижелілігін арттырады.
Сонымен бірге, күрделі геосаяси жағдайда қауіпсіздік органдарын жедел әрі орталықтандырылған басқару арқылы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін нығайтуға жағдай жасайды.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі — тек әкімшілік реформа емес, ол елдің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық кепілі.
Тағы бір айта кетерлігі, Ата Заң жобасы бизнестің қорғалуына және экономикалық өсімге жағдай жасауды көздейді.
Кәсіпкер ретінде мен үшін саяси және құқықтық тұрақтылық — инвестиция тартудың басты шарты. Бизнес сенімділік пен болжамдылықты қажет етеді. Ұсынылған өзгерістер басқару жүйесінің үйлесімділігін арттыра отырып, экономикалық өсімге нақты серпін береді.
Атап айтқанда, билік вертикалін нығайту және басқаруды орталықтандыру шешімдердің жылдам әрі келісілген түрде қабылдануына ықпал етеді. Бұл әкімшілік кедергілерді азайтып, бизнестің жұмыс істеуін жеңілдетеді.
Негізгі қадағалау және құқық қорғау органдарына бақылауды орталықтандыру сыбайлас жемқорлықпен және жергілікті деңгейдегі тар мүдделермен күресті күшейтеді. Бұл — әділ бәсекелестік ортаны қалыптастырудың негізгі шарты.
Сонымен қатар, Ұлттық банк пен негізгі реттеушілерге бақылауды күшейту арқылы экономикалық егемендікті қорғау қамтамасыз етіледі. Қаржы тұрақтылығы мен ұлттық мүдделердің сақталуы — елдің стратегиялық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі.
Экономиканың тұрақты дамуы — құқықтық айқындыққа, институционалдық беріктікке және мемлекеттік саясаттың жүйелілігіне тікелей байланысты.
Бұдан бөлек, идеологиялық негіздерді жаңарту – ұлттық консолидацияға апаратын жол екенін атап айту керек.
Негізгі қағидаттар тізімін кеңейту — жай ғана декларативті норма емес. Бұл — ортақ құндылықтарымыз бен стратегиялық мақсаттарымыздың конституциялық деңгейде бекітілуі.
Заңдылыққа, тәртіпке, бірлікке, еңбекқорлыққа және патриотизмге баса назар аудару – жастарды тәрбиелеу ісіне нақты идеологиялық бағдар береді, азаматтық қоғамды нығайтады, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады, Ұлттық бірегейлік пен ішкі тұтастықты күшейтеді.
Ұлттық консолидация — экономикалық дамудың да, саяси тұрақтылықтың да негізі. Қоғам ортақ құндылықтарға сүйенгенде ғана мемлекет ұзақ мерзімді табысқа жете алады.
Жаңартылған Конституция жобасы — еліміздің болашағына бағытталған стратегиялық қадам. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ұлттық бірлікті нығайту — өзара тығыз байланысты мақсаттар.
Осы өзгерістерді қолдау — еліміздің егемендігін, тұрақтылығын және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы саналы таңдау деп есептеймін.
Ермек ӘБІЛДИН,
«Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты



