Ата заңымыз қабылданған мереке күні Топар кентінің тұрғындары үшін үлкен концерт қойылды.
Осындағы Энергетиктер Мәдениет үйінің алдында өткен концерттің беташарын Топар кентінің әкімі Марғұлан Сафаров құттықтау сөзбен ашып:
– Конституция мемлекеттік құрылыстың негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық,саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырып, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгілеп, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады, – деді.
Бұдан кейін алаңға жиналған халық осы Мәдениет үйінің директоры Әдемі Әбдиева басшылығымен дайындалған концерттік бағдарламаны сүйсіне тамашалап,тамсана тыңдады. Оларға мектеп оқушылары К.Шорманов, А.Аринушкина әсем әндер сыйлап, “Эспада” студиясының балғын бишілері осы заманның ырғақты биін көрсетті. Ал жергілікті ересек өнерпаздар да олардан қалыспай, Л.Грициндишин, Қ.Райымбеков, И.Губайдуллина, К.Гмырак та әуелете ән шырқап, тыңдаушыларын тәнті етті. Әсіресе, К.Грымак “На большом воздушном шаре” әнін айтқанда, оған үлкен-кіші қосылып кетті.
Көңілді концерт соңы жастардың дискотекасына ұласты.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан.