Жаңалықтар

«Композитор, күйші болғым келеді»

3 мыңға жуық бала бағын сынаған Juldyzai халықаралық онлайн-фестивалінде Қарағандының 14 жастағы дарынды ұлы Нұрдәулет САҒАТБЕК Бас жүлдені иеленді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бұл халықаралық онлайн-фестивальде 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер бақ сынасқан еді. Таланттар вокал, хореография, аспаптарда ойнау, қимылмен ән салу номинациясында өнер көрсетті. Байқауға Қазақстан, Ресей, Грузия және Өзбекстаннан 3 мыңға жуық бала қатысқанын айта кеткен абзал. Оның 379-ы финалға шыққан. Соның арасынан Нұрдәулет жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды.

Нұрдәулет Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін төгілдіріп, қазылардың жүрегіне жол тапқан. Ол – көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында оқиды. Жетекшісі – Нұрдәулет Ыдырысов.

– Бала кезімнен музыкаға әуеспін. Бірақ, домбыраға 11 жасымда жазылдым. Үш жыл ішінде 13 күй, бір ән жаздым. Оны ата-анама арнадым. Әннің сөзі – Өркен Мұңайтпастыкі. Фестиваль кезінде аса айтарлықтай уайымдамадым, өйткені, мен өзіме сенімді едім. Жеңіске жететінімді сездім. Болашақта композитор, күйші болғым келеді, музыка жазсам деймін. Домбырадан басқа, вокалмен де айналысамын, фортепианода ойнаймын, – деді Нұрдәулет. Нұрдәулет бұған дейін бірнеше мәрте республикалық және облыстық байқауларда жеңімпаз атанған.

Бұл фестивальге Қарағандыдан қатысқан өзге дарындар да оқ бойы оза шауыпты. Атап айтқанда, «Қимылмен ән салуда» жоғары топтар арасында №3 арнайы мектеп-интернаты оқушылары Алина Бакина мен Илья Чичулиннің дуэті ІІ орынды жеңіп алды. Жетекшісі – Елена Литвишкова. «Аспаптық орындауда» жоғары топтар арасында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының оқушысы Нұршат Баетова «Қарлығаш» халық әнін әуелетіп, жүлделі ІІ орынға лайық танылды. Жетекшісі – Нұрдәулет Ыдырысов.

«Хореографияда» жоғары топтар арасында №9 арнайы мектеп-интернаты оқушысы Гүлнар Нұрмағанбетова үнді биін орындап, ІІІ орынды иеленді. Жетекшісі – Әсел Жағыпарова.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button