АймақҚарағанды

Коммуналдық қызметтер ақысы тағы қымбаттады

Ыстық, суық суы келіп тұрған, жайлы, жылы пәтерде тұратын қалалықтар құдайдың рақатын кешіп жүргендей көрінеді. Алайда, судың да сұрауы болатыны белгілі. Қарағандыда жаңа жылдан бастап үш монополист өз қызметтерінің бағасын көтерді. Сондықтан, ақпан айы туар-тумастан жететін түбіртектерден бұрынғыдан көбірек соманы көргенде, оның дұрыстығына күмәнданбай-ақ қойыңыз. Иә, коммуналдық қызметтер ақысы өткен жылдың маусымында бір қымбаттағаны есімізде. Енді тағы…

Сурет: lada.kz

Қарағандылықтар жылу үшін бұған дейін әр шаршы метрге 165 теңге төлеп келсе, жаңа жылдың алғашқы айынан бастап 190 теңгеде төлейді. Ал ыстық судың әр текше метрі үшін бұрынғыдай 507 теңге емес, 583 теңгеден шығындаласыз. Жылу тарифінің сомасын пәтеріңіздің аумағына, ыстық су бағасын есептегіштің көрсеткішіне көбейтсеңіз, нақты қанша төлейтініңізді есептеп шығара аласыз.

Кәріз жүйелері қызметінің бағасы да күрт өсті. Әжетіңізден шыққан былғаныштар жүйесінің қызметі әр текше метрі үшін 175 теңгеден 213 теңгеге күрт көтерілді.

Қара суды пәтерге жеткізіп отырғандар да баға өсіруден қалысқан жоқ. Судың тарифі 11 пайызға өсіп, ақпан айында әр текше метріне баяғы 135 теңгені енді 150 теңгеге «дөңгелетіп» төлейсіз.

Қарағандыда сумен қамтамасыз ету қызметі еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда бұрыннан қымбат екені белгілі. Жаңа жылдан бастап бағаны тағы да көтеруді Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеттің Қарағанды облыстық департаменті мақұлдап отыр. Департамент басшысы Қымбат Бейсенов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында атап көрсеткендей, коммуналдық қызметтердің бағасы «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көтеріліп отыр. Яғни, тарифті көтеру жолымен түскен қаражат қаланың ескірген жүйелерін жаңартуға мүмкіндік береді.

Ресми деректерге қарасақ, Қарағандының коммуналдық инфрақұрылым жүйелері шынында да әбден тозған, 70-80 пайызын жаңарту қажет. Қызмет көрсетуші компаниялар тораптар мен қажетті жабдықтарды жаңартуға 19 миллиард теңге көлемінде қаражат салмақ. Бұл қаражатқа жүйелердің техникалық жағдайын оңалтып, аварияларды азайтып, коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға болады. Сондықтан, қала тұрғындары тарифтер бағасының мәжбүрліктен көтерілгенін біліп, түсіністік танытқаны абзал.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button