Коммуналдық төлемге жеңілдік жасалады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың жекелеген санатына коммуналдық төлемдерді өтеу үшін көмек беріледі. Атап айтқанда, жергілікті әкімдіктер тұтынушының дербес есеп-шотына 2 ай бойы 15 мың теңгеден аударады. Оның қалай жүзеге асатыны туралы облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ айтып берді.
-І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасылары, төмен және одан да аз көлемде зейнетақы алатындар, АӘК алатын азаматтар, сондай-ақ, жалғызбасты зейнеткерлер сәуір және мамыр айларында 15 мың теңгеден алады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Көмекті алудың басты талабы – коммуналдық қызмет көрсету ұйымында тұтынушының дербес шотының болуы, – деді Ұлантай Үсенов.
Басқарма басшысының айтуынша, сәуір айына тиесілі төлемдер мамыр айында беріле бастайды. Коммуналдық қызмет ақысы көрсетілген түбіртекті алған азаматтар жергілікті әкімдіктерге хабарласып, жеңілдік алу үшін өтініш беруге құқылы. Әкімдік қызметкерлері өтініш берушінің мәліметтері мен жеке деректерін тексереді. Егер, олар көмек алуға құқылы азаматтардың санатына жататын болса, онда дербес шотына тиісті қаражат аударылады. Қазіргі таңда өтініштің үлгісі дайындалуда. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Ortalyq Qazaqstan»