Коммуналдық сала қамқорлық күтеді
Қырық құрау коммуналдық сала – ескі жара. «Кәрі құда» табалдырықтан аттай бере сол ескі жараның аузын тырнап әлек. Қарашаның басындағы апаттан Риддер әлі ес жиып үлгермеді. Енді іргедегі Екібастұз жалпақ жұрттан жылу жинауға мәжбүр. «Кезекте келесі кім тұр?» деген көңіліміз алаң.
Алаңымыз – орынды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы жылу электр орталықтарының тозуы орта есеппен 66 пайызды құрайды. Ал, Қарағанды облысындағы көрсеткіш 70 пайызға жетті.
Көмірлі өлкеде көңілді күпті қылған мәселе көп. Айдың күні аманда жаурап отыратын Теміртауда жылыту маусымы биыл да әупіріммен басталды…
Президенттің пәрмені
Мыңдаған екібастұздықты бір-ақ түнде тоқсаныншы жылдарға топ еткізген апаттан кейін Президент Үкіметке пәрмен берді. Бұл туралы баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтты. «Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі, аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр…» деген жазбасын жариялады. Сондай-ақ, Екібастұздағы апатқа кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы тапсырма берілгенін де мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне алу жөніндегі жұмыстың тамырына қан жүгірді. Премьер-Министрдің баспасөз қызметі Үкімет пен Бас прокуратура бірнеше стансаны қайтаруға бел шеше кіріскенін хабарлады.
Сала мамандарының пайымынша, стратегиялық кәсіпорынды бабында ұстау қомақты қаражатты қажет етеді. Қазандықтардың құлағын ұстаған кейбір қожайындардың бұл мақсатта тиын шығаруға құлқы жоқ. Немесе қарызға белшеден батқан. Технологияны жаңғыртуға жоқшылық қолбайлау. Ескіні жамап-жасқаумен ұзаққа бармасы да анық.
Монополистер қит етсе, тарифті көтеру туралы мәселе көтереді. Ал, Үкімет тарифті қымбаттатпай-ақ проблема түйінін тарқатуды қарастыруда. Билік жекенің меншігіндегі орталықтарды қайтару арқылы энергетикалық қауіпсіздік тізгінін қолға алуды көздейді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстандағы ЖЭО-лардың басым бөлігі – 22-сі – жекеменшікке тиесілі. Мемлекет иелігінде 10 орталық бар. Ал, бес орталық – квазимемлекеттік құрылымның қолында.
Стансалардың «орташа жасы» – 61 жыл. 76 пайызының жұмыс істеп тұрғанына жарты ғасырдан асты. Технологиялық жаңғырту қажет-ақ. Бұл тұрғыда жекеменшік кәсіпорындар ерекше қамқорлыққа зәру.
Теміртау «топ жарды»
Былтыр ел көлемінде жылу беру ақауы бойынша 36 дерек тіркелді. Атап өтері, бұл оқиғалардың барлығы жекеменшік нысандарда орын алды. Тізімде Теміртаудағы ЖЭО-2 көш бастап тұр. Нақты айтсақ, ЖЭО-2-де – сегіз, Степногорскідегі ЖЭО-да – бес, Балқаштағы ЖЭО-да – бес, Петропавлдағы ЖЭО-2-де – үш, Ақтөбедегі ЖЭО-да – үш және Қарағандыдағы ЖЭО-3-те екі оқиға тіркелді.
Қарап отырсақ, Теміртаудың «топ жарғанынан» бөлек, Қарағанды облысының үлесі басым.
Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, аймақта сегіз энергия көзі бар. Бұлардың арасында біреуі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның өндірістік қажеттілігіне жұмыс істейді.
Қазіргі таңда стансалардың тозу деңгейі орта есеппен 70 пайызды межеледі. Мұнда Топар БТЭС, 1-БТЭС, Балқаш ЖЭО және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты ЖЭО-2-дағы қондырғылардың тозуы 75 пайыздан асты. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыратын статистика.
Әрине, ескірді деп қарап отырған құрылтайшы да жоқ. Биыл жылу электр орталықтарында 44 қазандық және 26 турбинаны жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, энергия көздерін дамыту жоспарларына сәйкес іс-шаралар қолға алынды. Энергетика министрлігі мен энергия өндіруші ұйымдар арасындағы инвестициялық келісім шеңберінде Қарағандыдағы ЖЭО-3, «Қазақмыс энерджи» ЖШС-нің иелігіндегі Топар және Балқаш стансаларының қуатын арттыру бойынша жобалар қанат қақпақ. Яғни, 2027 жылға дейін қосымша 310 МВт электр және 430 Гкал/сағ жылу қуатын енгізу жоспарлануда. Теміртаудағы стансаны да күшейту бағытында жоспар бар. Сәтін салса, құрыш қаланың бойы жылынатынына сенгіміз келеді.
Қарағандының халі қалай?
Қарағанды қаласының жылуына жауапты «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің қарауында екі орталық бар. ЖЭО-1 – 1960 жылы, ЖЭО-3 1977 жылы іске қосылды. Бұл стансалардың жағдайы өзгеге қарағанда тәуір. Бүгінде қос станса жабдықтарының тозуы – 53,6 пайыз деңгейінде. Серіктестіктің баспасөз хатшысы Татьяна Клокованың айтуынша, кәсіпорындарды жаңғырту, қуатын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді.
– 2010-2016 жылдар аралығында «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС қолданыстағы жабдықты жаңарту, жаңғырту және ЖЭО-3 қуатын кеңейту бойынша инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырды. Бағдарлама шеңберінде 2012 жылы – №5 турбоагрегат, 2016 жылы жаңа энергоблок – қазандық агрегаты және турбина іске қосылды. Жаңа бөліктердің арқасында және негізгі жабдықты жыл сайын күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде тозу көрсеткіші едәуір төмендеді, – дейді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ, кәсіпорын Оңтүстік-Шығысты жылумен қамтитын 3-ші жылу магистралі құрылысын, №9 қазандық агрегаты мен №7 турбоагрегат салу жобасын жүзеге асырмақ. Аталған жобалар станция қуатын арттыруы тиіс.
Қос стансадағы 13 қазандық, 10 турбина, 3 су жылыту қазандығы күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл мақсатта 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.
– Қарағандыда 2,5 мыңға жуық үйге, бірнеше жүз мекемеге, оның ішінде, 180-нің шамасында білім беру және денсаулық сақтау нысандарына жылу беріліп отыр. Жылыту маусымы ойдағыдай өтіп жатыр, – дейді Татьяна Клокова.
Қысқасы, компания өкілі жылыту маусымына қапысыз қамданғанын айтады.
Арқаның қары алты ай жатады. Қыс қаһарымен сынға алар кез әлі алда…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ