КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕ ӨТТІ
2017 жылғы 17 наурызда облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы Долинка кентіндегі АК-159/7 түзеу мекемесінде өтті. Бұл жолы комиссия көшпелі мәжілісін облыстық прокуратурамен, қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен үйлестірді. Оны аталмыш комиссия төрағасы, депутат Ж.Штрегер жүргізіп отырды. Оның жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Р.Әбдікеров, облыстық мәслихаттың депутаттары, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері, облыстық прокуратураның өкілдері, облыстық басқарма басшылары, «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның өңірлік басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде сотталғандар арасында жұмыспен қамтылғандардың санын арттыру мақсатында «Қылмыстық-түзету мекемелері жағдайында сотталғандардың жұмыспен қамтылуы» мәселесі қаралды.
Айтары жоқ, ондай мекемелер біздің өңірде баршылық. Отырғандар саны да жетерлік. Елдің дені солардың бәрін бірдей кісі өлтіруші, зорлықшы деп біледі, әрі-беріден кейін оларды қайтып түзелмейді деп есептейді. Шын мәнінде, отырғандардың дені есірткімен байланысты уақиғаларға қатысқандағы бойынша жазалы болып отыр. Ұсақ экономикалық қылмыстарға барғандар да баршылық. Олай болса біз ойлағандай олардың барлығы басбұзарлар болмаса керек.
Өңіріміз бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің он бөлімшесі орналасқан. Оның алтауында өнеркәсіп алаңы бар. Қарағанды облысының түзеу мекемелерінің сотталғандары үшін негізгі жұмыс беруші түзеу мекемелерінің аумағында орын тепкен алты филиал және үш телімнен тұратын «Еңбек-Қарағанды» РМК болып табылады.
Депутаттар корпусы ең алдымен осы кәсіпорынның жұмысымен танысты. Шегеден бастап еліміздің қорғаныс министрлігінен түскен тапсырыстарға дейін жасайды екен. Мұнан сырт кәсіпорынның өз қосалқы шаруашылықтары бар. Сол өнімдерін өздері өңдейді, сатылымға шығарады. Өз наубайханалары бар, өз диірмендері бар, ұн тартады, жарма тартады. Тіпті, кепкен картоп та шығарады. Жеміс шырыны өндірісін де жолға қойыпты.
Отандық шикізаттан жасайтын құрылыс материалдарының тізімі біршама екен. Елдің назарын аудартқаны мұнда тартан жасалады екен. Мұны нанотехнология деу керек. Тапсырыс баршылық. Алайда, ойдағыдай деңгейде емес.
Не жасамайды олар? Металл өңдеу жұмысы жолға қойылған. Есіктер, қақпалар, металл жиһаздар көздің жауын алады. Ағаш мүліктері де жетерлік. Парта, оқушы жиһазы дегендейін. Киім-кешек өндірісін де игерген. Оқушылардың киімі көп-көрім екен.
Бір айтарлығы, осылардың қай-қайсының болсын бағасы нарықтан төмен.
Осы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бөлімшелеріндегі сотталғандардың орташа тізімдік саны 4753 адамды құрайды. Осыдан екі жыл бұрын олардың саны 6 мыңға жетіп қалған-ды. Осылардың еңбекке жарамдылары – 2653 адам екен.
Мекеменің ішкі тәртібі тастай. Ешқандай тәртіп бұзу оқиғасы тіркелмеген. Елдің бәрі жұмыс істеуге құлықты. Ең алдымен табыс табады. Бала-шағаларына қаржылай көмектеседі. Жұмыстың бәрі бірдей болмаса да техникамен атқарылады. Тиісті мамандықты сол жергілікті жерде игеріп шығарады. Мекеме көлденең кадрға мұқтаж емес.
Алайда, жұмыс көлемі жоқ. Олай болатыны тапсырыс жоқ. Мемлекеттік мекемелерден де, жекелей тұлғалардан да.
Депутаттар отырыста осы мәселелерді ортаға салып, жіпке тізгендей талқылап шықты.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Н.Сахатов, облыстық прокуратураның жетінші басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Амандықов және басқалары сөз сөйлеп, жұмысты жолға қою бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Комиссия қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдады.
Төрехан МАЙБАС