Спорт

Команда құрамы күшейе түспек

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы құрамасын әлі түгендеп болмады. Бұл жолы бірнеше шабуылшы және бірнеше қорғаушымен келісімшарт мерзімін ұзартты. Әрі сырттан тағы да тәжірибелі ойыншылармен келісімге келіп, команда қатарына қосты.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

19 жастағы шабуылшы Тимофей Симонов – 2023 жылы ғана кәсіби мансабын бастаған ойыншы. Әрі осы қарағандылық клубтың түлегі. Клуб басшылығы хоккейшіні жас та болса, мұз айдынына жиі шығарып, үміт артқан. Мансабын енді бастаған жас хоккейші бірінші маусымында 54 ойын өткізіпті. Әрі бір гол салып, бес бірдей голдық пас шығарған. Былтырғы маусымдағы көрсеткіші де жаман емес. 34 ойында төрт шайба салыпты. Одан бөлек, былтыр ұлттық құрама сапына да шақыртылып, әлем чемпионатында өнер көрсеткен. Сауатты ойынымен көзге түсіп жүрген жас хоккейші алдағы хоккей маусымында тағы бір жыл түлеп шыққан клубында қала бермек.

Клубқа былтырғы маусымда ресейлік «Ростов» хоккей клубынан қорғаушы Михаил Степанов деген тәжірибелі ойыншы ауысып келген болатын. Бірақ, былтыр ол ойыншы алаңға жиі шықпады. Бар болғаны бес ойын ғана өткізген. Ол кәсіби мансабын ресейлік «Химик» клубынан бастапты. Содан бері «Атлант», «Ростов» секілді мықты клубтың сапында өнер көрсеткен. Алдағы маусымда 29 жастағы ойыншы тағы бір жыл қарағандылық клуб қатарында.

Тағы бір қорғаушы Кирилл Полохов та алдағы маусымда «Сарыарқа» сапында қалатын болды. 27 жастағы ойыншы мансабын 2015 жылы «Снежные Барс» клубынан бастаған. Одан кейін «Барыс», «Номад Астана», «Тамбов», «Арлан» сынды клубта болды. Жалпы, бұл ойыншы 2021-2022 жылғы маусымда «Сарыарқа» сапында ойнаған. «Тамбов» клубынан кейін «Арланға» ауысады. Сол уақытта қарағандылық клубта 10 ойын өткізіп, бес шайба және жеті голдық пас беріп үлгерген. Бұл ойыншы былтырғы маусымда да жаман ойнаған жоқ. 16 ойынға қатысып, бір гол салған. Әрі үш голдық пас та беріпті.

Ресейлік «Динамо Алтай» клубының негізгі ойыншыларының бірі шабуылшы Сергей Барбашев жаңа маусымда «Сарыарқада» өнер көрсетпек. 32 жастағы ойыншы бұған дейін 2021-2022 жылғы маусымда қарағандылық клубта бір жыл ойнапты. Сол уақытта команда жейдесінде 11 ойын өткізіп, 7 шайба, 14 нәтижелі пас берген. Былтырғы маусымда да өз клубының лидері болған. 54 ойында 8 гол салып, 13 нәтижелі пас тіркеген. Әрине, команда шабуылға шыққанда шабуылшының атқаратын рөлі орасан. Сондықтан, клубқа тәжірибелі әрі мүмкіндікті мүлт жібермейтін ойыншылар керек-ақ. Сондықтан, клуб басшылығы осы ойыншыны аттай қалап, командаға алдырған. Әрі осы клубқа бөтендігі жоқ, бұрын ойнаған ойыншыны қатарға қосу – клуб үшін үлкен олжа.

Көкшетаулық «Арлан» клубында Владимир Волков деген шабуылшы бар. Соңғы екі маусым қатарынан осы клубта. Екі маусымда 100 ойын өткізіп, 31 шайба, 22 нәтижелі пас тіркепті. Былтырдың өзінде қарсылас қақпасына 23 шайба салған. Хоккейшінің мансабына көз салсақ, 2022-2023 жылғы маусымда «Сарыарқа» жейдесінде бір маусым өткізіпті. Нәтижесінде, 26 ойында алты шайба, төрт голдық пас тіркеген. Дәл осы ойыншыны қарағандылық клуб басшылығы қатарларына қосты. Енді 31 жастағы шабуылшы жаңа хоккей маусымында мұз айдынға «сары жейделілер» сапында қайта оралмақ.

Өзбекстандық «Хумо» клубының 29 жастағы шабуылшысы Радель Фазлеев жаңа маусымда «Сарыарқада» өнер көрсетеді. Бұл ойыншы да 2023-2024 жылғы маусымда қарағандылық клубтың жейдесінде өнер көрсеткен. Сол уақытта 30 мәрте алаңға шығып, 11 шайба, 14 нәтижелі пас тіркепті. Ал, былтыр «Хумо» сапында 17 ойын өткізген. 3 шайба салып, 9 голдық пас берген.

Жалпы, жаңа хоккей маусымы басталғанша клуб сапында үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Трансферлік терезеде клуб басшылығы сырттан аса көп ойыншы алмаса да, үздіктерін, көшбасшыларын таңдап алды. Одан бөлек, «Сарыарқа» сапында жұлдызы жанып тұрған білікті ойыншылармен де келісімшарт мерзімін ұзартты. Бір сөзбен айтсақ, клуб құрамы әлдеқайда күшейді. Енді, жаңа маусымның басталғанын күту ғана қалып тұр…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button