Колледждерге құжат қабылдау науқаны басталады
Аймақта 25 маусымнан бастап колледждерге қабылдау науқаны басталмақ. «Гранттан» үмітті үміткерлер күндізгі оқу нысанына құжаттарын 18 тамызға дейін тапсырып үлгеруі қажет. «Ақылы негіздегі оқуға түсемін» десе, құжат жинау мерзімі 25 тамызға дейін жалғасады. Үміткерлер құжаттарын веб-порталы арқылы немесе оқу орындарына барып тапсыра алады.
Одан бөлек, шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша құжат жинау мерзімі 20 шілдеге дейін созылады. Ал, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша құжаттарды 15 тамызға дейін тапсыра алады.
Колледжге тапсырылатын құжаттардың тізімі төмендегідей.
– Құжаттарды қабылдау туралы өтініш;
– Білім туралы құжаттың түпнұсқасы;
– 3х4 см өлшемді фотосуреттер – 4 дана;
– №075-У нысанындағы медициналық анықтама, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін – 031-У нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы;
– Жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін).
Естеріңізге сала кетейік, күндізгі оқу нысанына қабылдау нәтижелері 31 тамызға дейін колледждерде және оқу орындарының сайтында жарияланады. Кешкі және сырттай оқу нысандарына түскені туралы хабарлама 30 қыркүйекке дейін жарияланады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz