Колледж мәселесін көтерді
Шертпе күйдің шебері Тәттімбет атындағы колледждің жағдайы адам шошырлық. Талай дарындарды ұясынан ұшырған өнер ордасы орналасқан ғимараттың тозығы жеткен.
Көптің көкейінде жүрген мәселе Қарағанды шеңберінен шығып, Мәжіліске дейін жетті. Халық қалаулысы, ұлт жанашыры Нұрлан Дулатбеков бұл мәселені Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көтеріп, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті өнер ордасындағы ахуалды көзбен көруге шақырды.
– Қадыр Мырза-Әлиевтің өлеңі бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген. Күй өнерінде екі мектеп қалыптасқан. Оның біріншісі – төкпе күй. Құрманғазы мектебі. Екіншісі – шертпе күй. Тәттімбет мектебі. Мен бүгін Тәттімбет атындағы колледж туралы айтқым келіп отыр. Мен сіздердің бірнеше хаттарыңызды алдым. Бірақ, бұл хаттарыңыз маған ұнамайды. «Мәңгілік Ел» дейміз. Егер, біз күй өнерін, оның ішінде, қалыптасқан үлкен бір мектебін жоғалтып алатын болсақ, онда біздің «Мәңгілік Ел», алға қойған мақсаттарымыз қайда қалады? Сізді менімен бірге Қарағандыға барып, сол колледжді көріп қайтуға шақырамын. Шертпе күйдің шежіресі, сол жерде қалыптасып қалған үлкен күй мектебі жойылғалы тұр, – деді Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков.
Сонымен бірге, депутат білім саласына енгізіліп отырған өзгерістер қанша маңызды болғанымен, ежелден бері дәстүрлі өнер мектептерінің жойылуына жол беруге болмайтынын атап өтті.
«Біздің өзіміздің, табиғатымыздан келе жатқан мұраларымызды ұмытып кетер болсақ, біздің реформаларымыздың түкке қажеті болмай қалады», – деді депутат.
Сұлтан ҚАЗИЕВ,
«Болашақ» академиясының студенті.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.