Бас тақырыпЖаңалықтарРесми

Коалиция мүшелері Қарағанды жұртшылығымен кездесті

Қарағанды облысында Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қатысуымен жаңа Конституцияны талқылауға арналған кездесу өтті. Достық үйінде ұйымдастырылған жиында қоғам өкілдері билік тармақтарын жаңарту, Қазақстан халқы Ассамблеясын реформалау және Халық кеңесін құру бастамаларын саралап, ел бірлігін нығайтуға бағытталған өзгерістерді қолдайтындарын білдірді. Жиынға 150-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары және қоғамдық пікір көшбасшылары болды. 

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кездесуде билік тармақтарын түбегейлі жаңарту, этносаралық келісім, Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі институттарының өзгеруі және Халық кеңесі – жаңа консультативтік органының құрылуы сынды мәселелер талқыланды. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері көпэтносты қоғам үшін сенім, теңдік және өзара сыйластық маңызды екенін, бұл жаңа Конституцияның преамбуласынан бастап айқын көрсетілгеніне назар аударды. 

ҚХА қызметін қайта форматтау мәселесі жеке блокта талқыланып, онда Ассамблея тұрақтылық пен этносаралық келісімді қамтамасыз етуде маңызды тарихи рөл атқарғаны атап өтілді. Осы ретте, қоғамдық процестер мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл тетіктерін жаңартуды талап етіп отыр.

Президент ұсынған жаңа Халық кеңесі институты этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, мәслихат депутаттарын және азаматтық сектор өкілдерін біріктіруге тиіс. Бұл орган елдегі маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді, соның ішінде этносаралық қатынастар мәселелерін талқылауға азаматтарды кеңінен тартатын басты диалог алаңына айналады деп күтілуде. Заңнамалық бастама жасау мүмкіндігі Халық кеңесіне қоғам сұранысын негізге ала отырып, өз күн тәртібін жүйелі түрде ілгерілетуге жол ашады. 

Кездесу соңында қатысушылар өңірдің әлеуетін арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту, қоғамдық бірлікті нығайту және әділеттілікті қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыруға әзір екенін айтып, жаңа Конституцияны толық қолдайтындарын жеткізді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button