Бас тақырыпРесми

Коалиция мүшелері 9 өңірде мыңдаған кездесу өткізді

16 ақпаннан бастап «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы еліміздің әр өңірінде қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, Жаңа Конституцияны талқылауда. Коалиция мүшелері бірнеше күн ішінде тоғыз өңірді аралап, мыңдаған кездесулер өткізді.

Сурет www.election.gov.kz

Соңғы 7 жылда еліміз отыз жылда болмаған, іргелі және маңызды өзгерістерді бастан өткерді. Президенттің бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті жүзеге асты. Оған қоса, 2022 жылы қабылданған конституциялық реформа да ерекше мәнге ие.

Сонымен қатар, соңғы жылдардағы, елдегі ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті етті. Былтыр біз қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығын атап өттік. Көптеген заңгерлер Ата Заңның жаңадан қабылдануын қолдап отыр, себебі 30 жыл ішінде Конституция көптеген өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады.

Кездесулерде көтерілген негізгі сұрақтарға келетін болсақ, нақты нормалар бойынша: Құрылтай атауы, пропорционалды сайлау жүйесінің тиімділігі, Халық кеңесінің құзыреті секілді мәселелер ақпарат кеңістігінде де, халықпен кездесулерде де кеңінен талқыланып жүр. Сондықтан оларды қайталаудың қажеті жоқ деп есептеймін.

Халықты мазалаған тақырыптардың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету. Кейбір азаматтар тарапынан «халық енді білім алу мен дәрігер көмегін тек ақылы түрде алады» деген жаңсақ ақпарат тарауда. Шын мәнінде, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болып қала береді, бұл Жаңа Конституция жобасында да нақты жазылған. Мысалы, мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады.

Ата Заңның 1-бабы «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқындайды. Жаңа Конституция жобасында бұл қызметтер ақысыз алуға болатын қызмет деп нақты көрсетілген. Яғни, денсаулық сақтау мен білім беру саласында азаматтардың мүмкіндіктері одан әрі кеңейеді. Бұған дейін бұл қызметтер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады.

Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияда «мемлекеттік» жоғары оқу орындары деген сөзді алып тастау ұсынылған. Бұл дұрыс шешім, өйткені мемлекеттік гранттар арқылы студенттер тек мемлекеттік емес, жекеменшік университеттерде де тегін оқи алады. Мысалы, КИМЭП, Мақсут Нарикбаев Университеті, Тұран сияқты университеттер жеке меншік болса да, грант ұтып алған студенттер үшін оқу тегін болады.

Ұсынылып отырған нормалар әлеуметтік кепілдіктерді қысқартуға емес, керісінше, оларды заманауи әрі нақты түрде Конституция деңгейінде бекітуге бағытталған. Азаматтардың негізгі әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу жөніндегі барлық кепілдіктері толық сақталады. Біз бұл мәселені халықпен кездесулерде егжей-тегжейлі түсіндірдік.

Қоғамда жиі айтылатын тағы бір тақырып – сөз бостандығы. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілген. Сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін қорлау ұғымдары нақты ажыратылған. Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты пікір білдіруге болады, бірақ ешкімді кемсітуге немесе қорлауға болмайды. Әр адамның ар-намысы мемлекет тарапынан қорғалуы тиіс. Бұл принцип қолданыстағы заңнамамен және халықаралық тәжірибемен сәйкес келеді.

Тағы бір даулы тақырып – арнайы құқықтық режим енгізу (5-бап, 6-тармақ). Бұл режим елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған қадам. Мемлекеттің унитарлығы мен толық бақылауы сақталады. Ғылыми қалашықтар мен ірі жобаларға арнайы заңдар мен режимдер енгізу – инвесторларға тұрақты, ұзақ мерзімді кепілдіктер береді. Бұл өз кезегінде өңірлерде халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.

Қорыта келгенде, Жаңа Конституция – заман талабына сай, прогрессивті қоғамның сұранысына жауап беретін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормаларды қамтиды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button