Спорт

Клубтың құрамы күшейді

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының құрамы жаңа ойыншылармен толыққан еді. Бұл жолы клуб басшылығы келісімшарт мерзімі аяқталуға жақын ойыншылармен қайта келісімге келіп, жаңа шарт жасасты.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

20 жастағы қақпашы Данил Кадочников – қосалқы құрамның ойыншысы. Қосалқы құрамнан шықса да, сенімді қақпашының бірі. Өткен маусымда 27 ойын өткізіп, қақпаға бағытталған соққылардың 92,5%-ын қайтарған. Ал, бұл қақпашы үшін – керемет көрсеткіш. Сондықтан, клуб басшылығы жас қақпашыны тағы бір маусымға алып қалып, «Сарыарқа» жейдесінде айдынға қайта шығармақшы.

Соңғы екі маусымын қырандар сапында өткізген тәжірибелі шабуылшы Кирилл Пономарев та тағы бір маусымға қалатын болды. Былтырғы маусымда отандасымыз 38 ойын өткізіп, 3 гол және 3 голдық пас берген. Жалпы, әр матчта көзге түсіп жүрген шабуылшы – құрама үшін керек-ақ. Мұндай ойыншының командаға беретіні көп. Сондықтан, тағы бір маусым қарағандылық клуб сапында өнер көрсетеді.

Құрама сапына жаңадан тағы бір қорғаушы қосылды. Бұл жолы «Ақтөбе» клубының ойыншысы Игорь Пономаревті алып келді. Клуб басшылығының бұл қорғаушыға тектен-тек көзі түскен жоқ. 20 жаста болса да, қорғаныста сенімді, әрі шайбаға иелік етуде шеберлігі басым. Өткен маусымда «Ақтөбе» сапында 21 ойын өткізген. 1 гол салып, 1 нәтижелі пас беріпті. Дегенмен, бұл көрсеткіш төмен болса да, ойынымен жанкүйерлер есінде қалған.
Бақсақ, аталған ойыншылар жас болса да, тәжірибесі толыққан. Ал, клуб басшылығы ойыншыларды таңдауда тек сандарға емес, айдындағы өнеріне, шеберлігіне мән беріп таңдағанын аңғаруға болады. Ал, жанкүйерлер мұндай құрамнан тек жеңіс күтетіні айтпасақ та анық!

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button