KLMZ өнімі: «Қарағандыда жасалған»
Қазақстанда экономика тірегі болатын отандық өндіріске көңіл бөліне бастады. Машина жасаушылар да өз өнімін шығарып, ел игілігіне жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында: «Қазақстандық машина жасаушылар қойылған міндеттерді тиісті деңгейде орындауда, шығарылатын бұйымдар номенклатурасын кеңейтуде, жаңа технологиялық əзірлемелерді енгізуде, жалпы елдегі экономикалық өзгерістер көшбасшыларының қатарында. Мемлекет машина жасау саласының сұранысқа ие жобаларын əрдайым қолдап келеді жəне қолдайтын болады. Жолдауда мен өңдеу өнеркəсібінің экспортын 24 миллиард долларға дейін жəне еңбек өнімділігін 2025 жылға қарай отыз пайызға ұлғайту міндетін қойдым» деп сенім білдірген еді. Осы Қазақстан машина жасаушылары ортасынан өз орнын ойып тұрып алған, «Қарағандыда жасалған» деген таңбамен шығып жатқан Жəнібек Байғабелов басқаратын «Maker» ЖШС-KLMZ өнімдері еліміздің ғана емес, шетел нарығына да шықты.
Тапсырыс берушілер саны артты
– Біз 2019 жылға дейін компанияның негізгі тапсырыс берушісі «Қазақмыс» корпорациясына өнімдер дайындап келдік. Сол жылдан бастап, темірден түйілген бұйымдарды пайдаланушылар санын арттыра бастадық. Бүгінде басқа компанияға жасалған бұйымдарымыз 2 пайыздан 22 пайызға дейін өсті. Бұрын тек тау-кен саласындағы кəсіпорындарға ғана жұмыс істесек, қазір мұнай өндіру секторына да өз өнімдерімізді ұсынамыз. Сонымен қатар, теміржол саласына да бет бұрдық. Мысалы, Астанада шығарылатын «Тальго» электровозына, «Қамқор-Астана», «Қамқор-Локомотив» серіктестіктеріне арнайы бөлшектерді дайындаймыз. Бұрын корпорация үшін 4 мыңдай бұйым шығарсақ, оны 6 мыңға дейін арттырдық. Бір ғана құю өндірісі цехы тек қана анкерлік гайкаға ғана арналса, бүгінде 45 түрлі қосалқы жабдықты шығарады. Айына əзірленген 6-8 тонна бұйымдар 25 тоннаға дейін жетті, – дейді «Maker» ЖШС-KLMZ-нің өндіріс директоры Андрей Сафонов.
Зауытта көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын сорғы, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпе, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, пойыздың тежегіштері сынды мыңдаған бұйым жасалады.
Экспортқа шыға бастады
Бұдан екі жыл бұрын пандемия қыспаққа алған уақытта, облыс басшылығының қолдауымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ымен үш жақты келісім нəтижесін беріп, импорттық өнімді теміртаулық металмен алмастырған зауыт ішкі нарықты игеріп қана қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығара бастады.
– Əзірге «Подольск машина жасау зауыты» мен «ПромСибЭнерго» компанияларының тапсырысын орындадық. «ПромСибЭнерго» туралы айтсақ, оларға Жылу электр орталығына ауыр кранға арналған қосалқы бөлшек дайындап, «Подольск машина жасау зауытын» арнайы металл жабдықтармен қамтамасыз еттік, – дейді Андрей Сафонов. Сонымен қатар, зауыт өнімдері Қырғызстан мен Өзбекстанға да шығады.
Қазіргі таңда жалпы қарағандылық машина жасаушыларға сенім артып, өнімдеріне сұраныс өскен. Мұны өндіріс директоры Қарағанды қаласында кəсіпкерлердің, осы салада жүрген мекемелердің артуымен, əрі, тəжірибелі мамандардың шоғырлануымен байланыстырады.
100 пайыз дəлдік
Заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыттың бұйымдары 100 пайыз дəлдікпен шығады. Өйткені, зауытта Қазақстандағы СББ станоктардың ең ауқымды паркі бар. Озық технологияларды, құралдарды жəне виртуалды ортада өңдеуді толық модельдеумен компьютерленген конструкторлық-технологиялық өнімдерді пайдаланып, механикалық өңдеудің кең ауқымын қамтитын əмбебап үлгідегі импорт алмастыратын ірі машина жасау кəсіпорны. Зауыт өңдеудің барлық кезеңдерінде Renishaw датчиктерін пайдаланып, станокта бөлшектерді өлшеп жəне импорттық кескіш құралды қолдана отырып, жоғары жылдамдықты, жоғары дəлдікте өңдеуді қолданады. SIEMENS NX, Teamcenter бағдарламалық өнімдері базасында өндірісті конструкторлық жəне технологиялық дайындаудың бірыңғай жүйесін, құрал ұзындығын анықтау үшін Zollerd өлшеу машинасын пайдаланады.
Зауыттың өз конструкторлық-технологиялық басқармасы бар. Кез келген жаңа бұйымның сызбасы осында сызылады. Төлқұжатымен қоса кепілдік те беріледі. Зауыттың Қарағандыдан тыс, Балқаш, Жезқазған қалаларында кəсіпорындары бар. Үш қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Зауыттың ішіне кіре қалсаңыз, түрлі металл жабдықтары мен қосалқы бөлшектер шығаратын, металл кесетін станок, дəнекерлеу роботы, дайындау, сығымдау, газбен кесу жəне ию арқылы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткізетін цехтарды көресіз.
Түйін
Тоқсаныншы жылдары тарыдай шашылып, темір-терсекке өтіп кетпей аман қалған, Қарағандыдағы тау-кен, шахта жабдықтарын жөндеу зауыты «Қазақмыс» корпорациясы құрамындағы «Maker» ЖШС-KLMZ компаниясы деген атпен отандық өнім шығаратын іргелі зауытқа айналды…
Əдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ