Климаттық диалог алаңында
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай парниктік газдар шығындыларын 15%-ға азайтуды талап ететін Жарлыққа қол қойды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бұл тапсырманы орындау жолында алғашқы жобаларды талқылап, оңтайлы шешім іздеу үшін климаттық диалог алаңын ұйымдастыруға жәрдемдесті.
«Көмір өнеркәсібін декарбонизациялау және ESG технологиялары» іс-шарасы Теміртау қаласында өтті. Қаңтар айының соңында мемлекеттік органдар басшылары, ЕО, ЕҚДБ, Green academy, ESG Rating Agency және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еліміздегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу перспективалары мен орталық көміртегін реттеу мәселелерін талқылау үшін дөңгелек үстелге жиналды.
2013 жылдан бастап Қазақстан «жасыл» экономикаға жол бастап, осы жылдың 2 ақпанында Президент Жарлығымен елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көшу стратегиясы бекітілді. Бұл құжат екі жылдан бері әзірленуде. Стратегияның қабылдануы, бір жағынан, Қазақстанның Париж міндеттемелерін орындауға дайын екендігін растау болса, екінші жағынан, бұл күрделі сынақ. Стратегияның ел деңгейінде қабылдануы барлық мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарлау жүйелерін ESG қағидаттарын, декарбонизация және тұрақты даму қағидаттарын біріктіру тұрғысынан қайта қарау керек дегенді білдіреді, – деді Қазақстан Президентінің жанындағы Жасыл экономика кеңесінің мүшесі, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина.
Дөңгелек үстелді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қолдауымен және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті, ЕО делегациясының қатысуымен «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы ұйымдастырды. Негізгі міндеттер сындарлы диалог, халықаралық трендтерді талқылау және ел кәсіпорындарының көміртексіздендіруге дайындығы болды. Бұл технологияны енгізудің өзектілігі жаһандық климаттық үрдістерге тікелей байланысты. Қабылданған Стратегия 2060 жылға дейін әзірленген. Құжатта соңғы 20 жылда Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі айтарлықтай өскені атап өтілген. Сәйкесінше, парниктік газдар шығарындыларының да саны артқан. 2020 жылға қарай өнеркәсіпте отынның жануынан болатын шығарындылар 1990 жылмен салыстырғанда 144% деңгейге жетті. Еліміздегі шығарындылардың 54%-ы металлургия өндірісінен келеді.
Алпауыт компания Республика өнеркәсібін көміртексіздендіру бастамасында маңызды роль атқара алады. Ол – болат өндіру бойынша ТОП-10 әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін компания. Декарбонизация бойынша да компания жақсы тәсілдерді қолданады. Мысалы, 2021 жылдың 17 наурызында компания төмендетілген көміртекті және нөлдік көміртекті болат брендін шығарды. Сондай-ақ, «жасыл» инновациялардың ауқымды бастамалары мен жобаларын жасады, – деді ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.
Еліміздің металлургия өнеркәсібіндегі «АрселорМиттал Теміртаудың» үлесі шамамен 30%-ды құрайды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көміртегі трансформациясын жеделдетуді тапсырды. Экологиялық жобалар көміртегі бейтараптығына қол жеткізу кезеңдерінің бірі. 2023 жылы «АрселорМиттал Теміртау» шығарындылар мен көміртегі іздерін азайтуға бағытталған бірқатар жобаларды аяқтайды. Бұл ЖЭОПВС-тағы № 1 және 2-ЖЭО-дағы № 7 қазандықтарды ауыстыру, кокс өндіру цехындағы жаңа аспирациялық жүйе, агломерациялық зауытта қап сүзгілер, трансформаторларды ауыстыру сынды жобалар.
– Декарбонизация процестері барлығына бірдей әсер етеді. Әрине, компанияның басты мақсаты – халқымыз бен жергілікті қауымдастықты дамыту, олар орналасқан аймақтарда өмір сүру деңгейін көтеру, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Владимир Яблонский.
Экология министрлігінің өкілдері құжаттар мен есептерге үлкен қызығушылық тудыратынын және бұл Үкіметке практикалық ұсыныстар беру үшін пайдалы болатынын ерекше атап өтті. Шара соңында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, ҚарИУ және «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.