Кітапты көп оқу керек
Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында Токарев тірек мектебінің 9-10 сынып оқушыларымен “Kitap Time” акциясы өткізілді.

Мұнда кітапхана қызметкерлері биыл кітапты көп оқып, соның арқасында қаншама тіл білген Ұлы Абайдың 180 жылдығы екенін айтып өтіп, оның өлеңдері мен қара сөздерінің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде Абайдың он жетінші қара сөзін оқушы Жанболат Асылым мәнерлеп оқып, викториналық сайыс ұйымдастырылды. Ол бес кезеңнен тұрып, поэзия бөлігінде Айжол Қабиев “Абай,Мұқтар–қазағымның қаймағы” өлеңін нәшіне келтіре оқыса, “Кітап–алтын қазына” атты сұрақ-жауап кезеңінде олар “Кітап неден жасалады?”, “Абай қай жылдары өмір сүрді?”, “Көксерек” повесінің авторы кім?”, тағы басқа сауалдарға жауап берді. “Білім кілті–кітапта” кезеңінде айтылған мақал-мәтелдердің жалғасын тауып отырды. Ал “Біз кітаптан нені үйренеміз?” бөлімінде әр оқушы өз ойларын жазып, оқып берді.
Өте тартымды өткен шара барысында сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушыларға сыйлықтар беріліп, оларды бастап келген мұғалімдері Жанна Ғасулқызы кітапханашыларға алғысын айтып, бұл балалардың кітап оқуға қызығушылығын одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы