Кітаппен өмірі өрілген
Кітапхана мен оқырман арасындағы байланыс кейде тағдырдың өзімен өріледі. Мұндай жандар үшін кітапхана – тек оқу орны емес, өмірінің мәні мен шығармашылық шабытының бастауы, рухани мекені. Сол тұлғалардың бірі – танымал журналист, өлкетанушы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Аман Жанғожин.

Аман ағамыз Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен алпыс жылдан астам уақыт бойы тығыз байланыста. Ол бұл киелі шаңырақтың табалдырығын алғаш рет 1958 жылы, мектеп оқушысы кезінде аттаған. Сол күннен баста, кітапхана оның рухани ұстаханасына, шығармашылық шабыт ордасына айналды. Бозбала шағында кітап парақтап, білім көкжиегін кеңейткен жас оқырман кейін елге белгілі қаламгер, зерттеуші, энциклопедиялық білім иесі атанды.
Журналист әрі өлкетанушы ретінде Аман Жағдаұлы облыстың тарихына терең бойлап, «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясын құрастыруға атсалысты. Өңір тарихына қатысты бірнеше библиографиялық деректердің авторы. Архив қорларымен, сирек басылымдармен, қолжазбалармен
жүйелі жұмыс істеудің шебері десек, артық айтқандық емес. Аман аға үшін архив пен кітапхана – екінші үй. Ол ізденіс үстінде шаршау дегенді білмейді. Кітапхананың өлкетану, сирек кітаптар, мерзімді басылымдар
қорларын терең зерттеп, әр материалды өмірлік дереккөзге айналдырады. Кітапханашылар да оны ерекше құрметтейді, себебі Аман аға тек сұраныс иесі емес, сонымен бірге, бізге жаңа дерек, тың мәлімет жеткізуші серіктес. Оның көп жылғы адалдығы мен рухани серіктестігі ескеріліп, облыстық кітапхана Аман Жағдаұлына арнайы «Құрметті оқырман» атағын табыстады. Бұл мәртебе – кітапхана тарихында жалғыз адамға ғана берілген ерекше құрмет белгісі. Арнайы оқырман билеті рәсімделіп, есімі кітапхананың «Алтын қорына» енгізілді. Бұл – кітап пен оқырман арасындағы адалдықтың, рухани сабақтастықтың айғағы.
Аман ағамен менің таныстығым да кітап пен руханияттың айналасынан бастау алды. Біз алғаш рет 2004 жылдың ақпанында Қарағандының 70 жылдығына арналған «Сәттар Ерубаев көшесінде» атты мәдени шарада жүздестік. Сол сәттен бері шығармашылық әрі рухани байланыс үзілген емес. Аман ағамыз әр
әдеби жоба мен өлкетану бастамасының бел ортасында, әрқашан ақыл-кеңесін айтып, қолдау білдіріп келеді. Ол кітапхананың әрбір мәдени шарасының тұрақты қонағы әрі шын жанашыры. Әдеби кештерде, дөңгелек үстелдерде, жаңа кітаптардың тұсаукесерінде оның байыпты пікірі мен парасатты ойы жиі естіледі.
Біздің көзімізде Аман Жағдаұлы – жай ғана оқырман емес, рухани серіктес, энциклопедиялық сана иесі, ал, жас буын үшін – ұстаз әрі өнеге.
Облыстық кітапхананың әр сөресінде, әр қорында, әр дерекқұжатында оның ізі бар. Ол – кітапхананың рухани тарихының бір бөлшегі, мәңгілік құрметті оқырманы. Қаламы қарымды, ойы терең Аман Жағдаұлын сексен жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыт пен зор денсаулық тілейміз. Осы айтулы дата аясында 6 қараша күні облыстық кітапханада «Мамандығым – мақтанышым» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылмақ.
Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,
Н.Гоголь атындағы
облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының
бөлім басшысы



