Кітапханадағы көңілді кеш
Наурызнаманың онкүндігі аясында 17 наурыздағы “Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр” күнінде Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында көңілді кеш өтіп, оған Бұқар жырау ауылшаруашылық колледжінің оқытушылары мен студенттері белсене қатысты.
Шара барысында халқымыздың “Бесікке салу” дәстүрі көрсетіліп, тақырыпқа сай викторина ұйымдастырылды.
Бірінші кезекте “Алтын алқа” иегері Сұңқар Болсынханқызы жиналғандарға баланы бесікке бөлеуді көрсетіп, оның мән-мағынасынан мағлұмат берді. Ол сәбиді бесікке жатқызып, оның жабдықтарының қолдану жолдарын таныстырып, көрермендерге бесік түбегінен өткізілген тәтті-дәмділерді таратты. Кітапхана меңгерушісі Гаухар Сүлейменова оның басына орамал жапты.
Бұдан кейін екі тілде өткен викторина сұрақтары Наурыз мерекесі мен ұлттық салт-дәстүрлерімізді қамтып, жауап бергендерге жетондар ұсынылды. Соның қорытындысында ең көп 14 жетон жинаған колледж студенті Сағай Тоқсанбай мен 6 жетон иеленген Сұңқар Болсынханқызына кітапхана атынан сыйлықтар табысталып, қалған қатысушыларға да тәтті-дәмділер үлестірілді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан