Кітапханадағы көңілді кеш
Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында Халықаралық әйелдер күніне орай көңілді кеш ұйымдастырылып, өткізілді.
Бұл шараға өз мекемелерінде абыройлы еңбек етіп жүрген арулар арнайы шақырылды. Олардың қатарында кент әкімдігі аппаратының, полиция бөлімінің қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен студенттер болды.
Кеш қонақтарын кент әкімдігінің бөлім басшысы К.Қаржаспекова мен кітапхана меңгерушісі Г.Сүлейменова көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, екі тілде жүргізілген викторинаға кезек берілді.
Викторина сұрақтары әзіл-қалжыңға құралып, оған жауап бергендерге кәдесыйлар ұсынылды.
Бұдан кейін “Тағдырдың күлкілі болжамдары”, “Тағам білгірлері”, “Жеңіліссіз күлкілі лоторея” ойындары өткізіліп, “Косметика мамандары”, “Сұлулық әлемді құтқарады”, “Гүл шалғыны”, “Ақындар сайысы” деп аталатын бәсекелер де тартысты өтіп, жеңімпаздар сый-сияпаттан құр қалмады.
Ең соңында “Әзіл атақ” ойынында қатысушылар тақияға салынған билеттерді алып, онда жазылған атақтарды оқып, көріп,күлкіге көмілді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан