Кітапханадағы Ерлік сағаты
Бүгін Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміздің 80 жылдығы қарсаңында оқырмандар арасында Ерлік сағаты өткізілді.

Осы шара барысында кітапхана директоры Гаухар Сүлейменова бастаған қызметкерлері оқырмандарға жауынгерлеріміздің майдан даласындағы жанқиярлық ерліктері, Жеңіс күнін жақындатуға қазақстандықтардың қосқан үлесі, сұм соғыс әкелген қасірет туралы айтып берді. Жастарымыздың Жеңіс күніне құрметін арттыру мақсатында оның Отан қорғау жолында қас жаумен арпалыса шайқасқан аға-апаларымыздың көзсіз ерліктерінің арқасында келгені әңгімеленіп, сол сұрапылда қаза тапқандар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Сонымен қатар сол соғысқа аттанып, қаншасы оралмағаны да сөз етіліп, олардың есімдері енген “Подвигом славны твои земляки” атты жинақтағы мәліметтер ұсынылып, таныстырылды. Олардың қатарында Кеңестер Одағының батыры П.Корниенко, майдангерлер З.Ахметжанов, Ш.Букетов, Н.Восколович, Ф. Герасимов, тағы басқалардың есімдері бар.
Батыр жерлесіміздің өмірі мен ерлік істері жөнінде кент мұражайының қызметкерлері Г.Күлмағамбетова, Р.Казибан баяндады. Сондай-ақ, оқырмандар соғыстан оралған ардагер жерлестерінің көрмеге қойылған бұйымдарын да көріп, тамашалады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы