Кітапханадағы брейн-ринг
Қазақстан халқының Тілдер күніне орай Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында жасөспірім оқырмандар арасында Брейн-ринг өткізілді. Оның мақсаты осы бір балғын жастардың ана тіліне сүйіспеншілігін арттырып, ынтасын ояту, мемлекеттік тілге құрметін қалыптастыру еді.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері 1989 жылы 22 қыркүйекте елімізде “Тілдер туралы” Заң қабылданған күннен бастап тойланып келген мерекенің 2017 жылы Үкімет қаулысымен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні 5 қыркүйекке ауыстырылғанын айта келіп, мерекеге қатысушыларды “Жеңіс” және “Алар” топтарына бөліп, Брейн-ринг ойынын ұйымдастырды. Екі топ мүшелеріне еліміз бен тіліміздің тарихына қатысты сұрақтар қойылып, нәтижесінде оларға жақсы жауап берген “Жеңіс” тобы алға шықты.
Одан әрі кітапханашылар оларға әлеуметтік желіде Тілдер күніне орай жарияланған “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” сөзжұмбағын шешу үшін телефондарына QR-код арқылы оны жүктеп алуды ұсынып, әрі сұрақтарын қағазға шығарып алып, өзара сайысушы топтарға таратты. Соның қорытындысында жауаптарды дұрыс толтырған “Алар” тобы жеңімпаз болып танылды.
Қызықты шара соңында 8 ұпаймен “Жеңіс” тобы бірінші орыннан, ал 7 ұпаймен “Алар” тобы екінші орынды иеленіп, топ басшыларына кітапхана атынан кітаптар мен тәтті сыйлықтар берілді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы