Кітапханада қазақ әдебиеті апталығы өтті
Ғабиден Мұстафин кенті көпшілік кітапханасының қызметкерлері Қазақ әдебиеті және азаматтық лирика күніне орай апталық өткізді.

“Кітап – жазушы мен оқырман арасындағы көпір” тақырыбында өткен бұл апталық биыл мерейтойлары атап өтілетін Алашорда қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160, ағартушы ақын Ыбырай Алтынсариннің 185, жыр дүлділі Жамбыл Жабаевтың 180, ақиық ақындар Мұқағали Мақатаевтың 95 және Олжас Сүлейменовтің 90 жыл толуына арналды.

Апталық барысында кітапханашылар осы айтылған әр тұлғаның суреттерін оқырмандарға көрсетіп, оны тап басып айтқандар сол қайраткер тұлғаның шығармаларынан үзінділер оқыды. Мысалы, зейнеткер Г. Чандылова Ыбырай Алтынсаринның педагогикалық еңбектерінен, ал кент әкімі аппаратының бас маманы Ж.Қаржаспекова Жамбыл Жабаев өлеңдерінен келтірген үзінділерді шараға қатысқандар құмарта тыңдап, олардың өмір жолдарымен кеңінен танысып, шығармашылығынан мол мағлұмат алды.

Шара соңында олар үйде оқу үшін осы ақын-жазушылардың біраз кітаптарын кітапханадан жаздырып алып кетті.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



