Ресми

Кітап оқырманын іздейді

AMANAT партиясының облыстық филиалы орналасқан ғимаратта «Кітап – AMANAT» деп аталған кітап орталығы ашылды. Дүкен сөрелеріне жаңа заманның әдебиеттері мен түрлі жанрдағы әлемдік классикалар қойылды. Оның ішінде, Арқа ақындары мен прозаиктарының жинақтары да бөлек сөреге жинақталған. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мен AMANAT партиясының хатшысы Шолпан Каринова және ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы қатысты. Сатып алушылардың қатарында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев та бар.

«Кітап – AMANAT» – еліміздегі үздік жобалардың бірі десек те болады. Себебі, мұнда жергілікті қаламгерлерді қолдауға басымдық берілген. Мәселен, Қарағандыдағы ақындардың кітаптарын сатып, түскен қаражатты автордың өзіне береді. Кітаптың жарнамасын да арнайы парақшаларында жарнамалап, маркетингпен айналысады. Яғни, оқырман кітабын іздемесе, кітап оқырманын іздейді.

Ашылу салтанатында AMA­NAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков модератор болды. Шара қонақтарына бірегей жоба жөнінде айтып берді.

– Жоба отандық әдебиетке деген деген қызығушылықты арт­тыруға, көркем әдебиет оқуға ын­таландыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған. Мұнда жерлес қаламгерлердің, өзге де жаңа кітаптардың тұсаукесері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әдебиеттерді талдауға бағытталған танымдық жиындар да өтеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл дүкен ғана емес, Қарағандының мәдени ошақтарының біріне айналады, – деді Бекзат Алтынбеков.

Құрметті қонақтар қатарындағы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын да бұл жобаға жо­ғары бағасын берді. Өзі де кітап­құмар оқырмандардың қатарында екенін жеткізді.

– «Ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына – кітап» деген екен. Заман қанша дамығанымен, жаңа технологиялар пайда болып, бәрі ілгерілегенімен кітаптың құны ешқашан түспейтіні анық. Себебі, адамзат – қай кезде де кі­тапқа зәру. Оқудан алыстаған адамның көкірек көзі ашылмайды, таным көкжиегі кеңеймейді. Ғұлама Абай Құнанбайұлы: «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге…»,– деді. Өркениет алға қадам басқан сайын, ақпарат жылдамдығы артқан сайын біз кітаптан алыстамағанымыз абзал. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін сөз. Бүгін сіздерді осы айтулы шарамен шын жүректен құттықтаймын! Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – деді Ерлан Құсайын.

Алаштың аяулы ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы да өз лебізін жеткізді. Қазақ поэзиясының ақ сұңқары бұл шараны қазақ қоғамындағы елеулі бетбұрыстардың бастауы деді.

– Саяси партия ғимаратының ішінде осындай кітап дүкенінің ашылуы көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа ғасырға аяқ басқан ұлттың сауатты болғаны абзал. Әде­биет оқымаған, жазушысын іздемеген, құрметтемеген ел жаһандану дауылында жойылып кетеді. Бұл – расында, айтулы шара. Осыған қарап, қазақ қоғамында оң өзгерістер басталғанын байқауға болады, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Ең қызығы мынау: жергілікті ақындар мен жазушылардың кітаптары аукционға қойылды. Оқырмандар қауымы сүйікті авторларының кітаптарын жоғары бағамен сатып алды. Мәселен, Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» деген кітабы 25 мың теңгеге, ақын Жанат Жаңқашұлының «Ой тамған» кітабы – 10 500 теңгеге, Салтанат Қайырбектің «Барокко болмысы» өлеңдер жинағы 6000 теңгеге сатылды. Кітап аукционы Қарағандыда бұрын-соңды болмаған. Мұндай аукцион әдеби агенттіктердің жұмысы бір ізге түскен өркениетті елдерде де жоқтың қасы. Сол себепті де бұл жобаны бірегей деп айтуға толық негіз бар.

Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button