«Кітап оқитын ұлт» жобасы үлкен аудиторияны қамтып отыр
Француз ойшылы Дени Дидро «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» депті. Ғұламаның нақылын сөз ләміне салғанымыз тегін емес. Өйткені, ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына тегіс бір ұлтты, бүтін бір адамзатты тезге салады, темірқазықтай жол көрсетеді. Бірақ оның құдіретін түйсіну – санаулыларға һәм саналыларға бұйыратын бақ. Елімізде осындай санаулылардың қатарын көбейтуді көздеп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды. Қарағанды облысы – жобаны пилоттық режимде іске қосқан республика бойынша алғашқы өңірлердің бірі. Бүгінде қанатқақты жобаға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың. Қарағанды өңірінің 61 мыңнан астам тұрғыны тегіс тіркеліпті. Бұл көрсеткіш тіркелу аяқталғанша, яғни 20 қыркүйекке дейін одан әрі ұлғаймақ.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылуда. «Өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Балалар отансүйгіш, шығармашыл, жасампаз, білімді, еңбекқор, қамқор және үнемшіл болып тәрбиеленуі керек», – деген болатын Президент. Ал кітап – көрінбейтін тәрбие құралы. Осы орайда биыл алғаш рет республика көлемінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды.
Бұл байқау жас ұрпақтың кітап оқу дағдысын жетілдіріп, ұлттық құндылықтарды санаға сіңіруді, отансүйгіштікке баулып, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды, сонымен қоса азаматтардың сыни ойлау, шығармашылық қабілетін дамытуды мақсат етеді.
Зияткерлік сайыс ауқымды аудиторияны қамтып отыр. Оған 6-10 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер мен әулеттік командалар қатыса алады. Байқауды «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Басты демеушілері – Alageum Electric, «RGB Grouр» компаниялары.
Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» деп аталатын алты бағыт бойынша кітап оқу байқауы ұйымдастырылады.
Әр бағытқа қатысушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріле отырып, 15 кітап дайындалған. Жалпы, тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар мен әлемдік бестселлерлер енгізілді.
Мысалы, «Кітап оқитын мектеп» бағытында 6-10 сынып оқушылары үшін әр сыныпқа 15 кітаптан, жалпы 75 кітап тізімі әзірленген. 15 кітап – барлық санатқа ортақ талап. Байқауға қатысушылар кітап оқиды, шығармашылық тапсырмалар орындайды, зияткерлік сайыста бақ сынайды.
Қарағанды өңірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасын пилоттық жоба ретінде іске қосқан республика көлемінде алғашқы өңірлердің бірі. Бүгінде интеллектуалды жобаға 61 мыңнан астам адам тіркелді. Қарағанды облысында байқаудың әр санаты бойынша жауапты менеджерлер бекітілген.
Жобалық кеңсе жетекшісі, «Saryarqa Aqparat» медиахолдинг директорының орынбасары Дана Бақтығалиева байқауға қатысуға ниет білдірген қауымның өте көп екенін айтты.
– Қарағанды – ежелден-ақ еліміздің интеллектуалды орталығы саналады. Бұл әлі де сақталған. Кітап оқитын байқауға қатысуға өңір жұртшылығы белсенділік танытуда. Кітапсүйер қауым өте көп екенін бізге түскен толассыз қоңыраулардан-ақ байқап отырмыз. Тіпті, жобадағы ешбір санатқа жатпайтын азаматтар да қоңырау шалып, өтініш білдіреді. Біз оларды «Кітап оқитын әулет» санатына ғана енгізе алдық. Пилоттық жоба болғандықтан, жетілдіретін тұстары да бар екені байқалады. Меніңше, алдағы уақытта осындай азаматтар үшін жобаға тағы бір санат енгізу қажет, – дейді Дана Серікбайқызы.
Жобалық кеңсе менеджерлері әрбір ұйымдарға барып кездесулер ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Дана Бақтығалиеваның айтуынша, педагогтердің көпшілігі бұл байқауға тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері ғана қатысады деп түсінген екен.
– Жоба талабы бойынша кітап оқуға қызығушылығы бар кез келген пән мұғалімі қатыса алады. Осындайда халыққа дұрыс ақпарат жеткізіп, түсіндірудің маңызы зор. Кітап оқитын сайысқа әркім өз еркімен қатысуы қажет, – деп ой түйді жобалық кеңсе жетекшісі.
«Кітап оқитын ұлт» байқауына ең көп тіркелген қатысушылар – оқушылар мен ұстаздар екен. Колледж бен университет студенттері де қалыс қалып жатқан жоқ.
«Кітап оқитын ұстаз» санатына жауапты менеджер – М.Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Әлжанова. Оның айтуынша, қала ғана емес, аудан-ауыл мектептерінде де түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Мектептерден кітапқа қызығатын ағылшын, бастауыш сынып, тарих, биология пәнінен сабақ беретін мұғалімдер де тіркеліп жатыр. Балалар да өз еркімен қатысуға ниет білдіріпті.
– Қазіргі балалар әлеуметтік желіден бас алмайтын ұрпаққа айналды. Олардың назарын телефоннан басқаға аудару қиындап барады. Қомақты жүлдесі бар мұндай байқау мыңдаған адамның, оның ішінде педагогтер мен оқушылардың кітап оқу дағдысын қалыптастыруға сеп болмақ. «Балаларымыз кітап оқитын болды» деп қуанған ата-аналардың қарасы қалың. Әдетте, әдет-дағды кішкентай қадамдардан басталады. Осыдан кітап оқу дағдыға айналып, жас ұрпақтың қызығушылығы артатынына мол сенім бар. Оларға «Жүлдеден де көп құндылық аласыңдар» деп үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз, – деді Мөлдір Жақсыбайқызы.
Сайыс аудандық, қалалық және облыстық кезеңдерден тұрады. Байқау жеңімпаздарына қомақты жүлде қоры беріледі: бірінші орынға – 1 миллион теңге, екінші орынға – 600 мың теңге, үшінші орынға – 400 мың теңге. Әрбір қатысушыға сертификаттар табысталады.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысының азаматтары жобаға қатысу үшін әлеуметтік желілердегі Instagram @kitapoqitynult ресми парақшасына және telegram каналында kitapoqitynult арнасына тіркелуі қажет. Ресми парақшалардан байқау туралы ақпаратпен толық танысуға болады. Әр санат бойынша оқитын кітаптар тізімі де осы жерден табылады.
Тіркелу 20 қыркүйекте аяқталады. Білімге ұмтылып, интеллектуалды ұлтқа айналамыз десек, мұндай игі жобадан құр қалмаған жөн.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»