«Кітап оқитын ұлт» жобасына тіркелу 20 қыркүйекке дейін жалғасады
Жоба сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты білім мен зияткерлік дамудың негізгі көзі ретінде нығайтуға бағытталған ауқымды жоба бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлт қалыптастыруға жол ашпақ.

–Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтылған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Қазақстанды әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына шығаруды мақсат етеді. Кітап оқу – тек білім алудың ғана емес, ой көкжиегін кеңейтудің, болашаққа сенімді қадам жасаудың кілті. Зияткерлік әлеуеті жоғары қоғам ғылым мен технологияда ғана емес, мәдениет пен руханиятта да алдыңғы қатарда бола алады. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» жобасы – елдің интеллектуалды дамуына серпін беретін маңызды бастама, – деді Кездесу барысында сөз сөйлеген оқу-әдістемелік орталықтың директоры Бақытгүл Абдикерова.
«Кітап оқитын ұлт» байқауы 6 санатты қамтиды:
– Кітап оқитын мектеп;
– Кітап оқитын колледж;
– Кітап оқитын университет;
– Кітап оқитын педагог;
– Кітап оқитын әулет;
– Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер
Әрбір бағыт бойынша сарапшылар мен салалық мамандардың ұсыныстары негізінде 15 кітаптан тұратын арнайы тізім әзірленді. Жалпы тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар енді. Кітаптар тізімі жас ерекшелігіне қарай әзірленген. Қатысушылар тізімдегі 15 кітапты ақпан айына дейін оқып шығу керек.
Республика деңгейінде өтетін сайысты біздің өңір пилоттық жоба ретінде бірінші бастады. Бүгінгі таңда жобаға 30 мыңнан астам адам тіркелді. Қарағанды облысына арналған жобаның ресми парақшаларында – Instagram @kitapoqitynult; telegram – kitapoqitynult каналында күнделікті тіркелген адамдар санымен жалпы байқау туралы ақпарат беріліп отырады.
Байқауды «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Басты демеушілері – Alageum Electric, «RGB Grouр» компаниялары.
Әрбір бағыттағы жеңімпаздар келесі жүлделерге ие болады:
– 1-орын: 1 000 000 теңге
– 2-орын: 600 000 теңге
– 3-орын: 400 000 тенге
Байқауға тіркелу 20 қыркүйекке дейін жалғасады.
Аяулым СОВЕТ