Жаңалықтар

Кітап кейіпкерлері балалармен жүздесті

Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында кітаптар кейіпкерлеріне «жан» бітіп, жас оқырмандармен жүздесті. Ерекше форматтағы бұл шара балаларды кітап әлеміне жаңаша жетелеген әсерлі кездесуге айналды.

Сурет Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасынан

Кітапханада бастауыш сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне арналған қазақстандық баспалармен кездесулер циклі басталды. Алғаш болып, алматылық «Аруна» баспасы өз өнімдерін таныстырды. Баспаның өкілдері жаңа кітаптар жайлы әңгімелеп, ең танымал серияларын ұсынып, балалар мен ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.

Шараның басты ерекшелігі – оның интерактивті форматта өтуі. Кездесу барысында шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, алып қуыршақтар арқылы кітап кейіпкерлері «тіріліп», балалармен тікелей байланыс орнатты. Сонымен қатар, әрбір қатысушы өзіне ұнаған кітапты таңдай алатын көрме-жәрмеңке де өтті.
2000 жылы құрылған «Аруна» баспасы бүгінде балалар әдебиеті, энциклопедиялық және танымдық бағыттағы қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптарды шығаруға маманданған. Оның «Почемучка», «Предания Казахстана», «Сен білесің бе?», «Балақай», «Халық ертегілері» сияқты сериялары оқырман арасында кеңінен танымал.

Баспаның маңызды бағытының бірі – қазақ тіліндегі балалар әдебиетін дамыту және ел тарихын насихаттайтын жобаларға қатысу. Айта кету керек, «Аруна» баспасы мен кітапхана арасындағы әріптестік байланыс жиырма жылдан астам уақыт бойы үзілмей жалғасып келеді.

– Осы уақыт ішінде кітапхана қоры біздің басылымдармен толықты. Жаңа кітаптар тұрақты түрде келіп түсіп тұрады. Бұған дейін де кітапханалармен жұмыс істеп келдік, алайда, кітап кейіпкерлері қатысқан мұндай форматтағы кездесуді алғаш рет өткізіп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – балалардың отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, – дейді баспа өкілдері.

Балалардың ерекше қызығушылығын «Мезам» сериясы тудырды. Бұл – көзге көрінбейтін көмекшілер туралы фантас­тикалық цикл.

– Бала кітапты жай оқып қана қоймай, оның мазмұнын түсінуі керек. Мезамдардың кім екенін, олардың қандай миссия­сы бар екенін ұғынғанда ғана қызығушылығы артады. Осындай кездесулерден кейін балалар кітапты мүлде басқаша қабылдайды деп ойлаймыз, – деді «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабұлова.

Баспагерлердің айтуынша, ертегілер, фольклорлық шығармалар мен дамытушы кітаптар әлі де сұранысқа ие. Мұндай басылымдар бүгінде мектеп пен балабақшамен қатар, үйде де кеңінен қолданылып келеді.
Кітапхана ұжымы алдағы уақытта да осындай кездесулерді жалғастырады.

Мұндай бастамалар балалардың тек оқу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, қиялын байыта түседі. Әсіресе, кітап кейіпкерлерімен тікелей жүздесу арқылы бала әдебиетті жақын қабылдап, оқуға деген қызығушылығы артады. Осы тұрғыда кітапхана мен баспалардың бірлескен жобалары жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беретін маңызды мәдени алаңға айналып отыр.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button