Жаңалықтар

Кітап іздеген оқырманбыз

Зейнетке шыққалы газет, кітап оқуды үдеттім. Жергілікті ақынжазушылардың шығармаларын іздеп жүріп парақтаймын. Дегенмен, қарағандылық қаламгерлердің жазғандарын табу қиын екен. Оған Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына барғанда көз жеткіздім.

Кітапханашыдан даңқты сынақшы-ұшқыш, түркі әлемінің, мұсылман жұртының, әрине қазақтың тұңғыш ғарышкері, һас батыр, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы – Тоқтар Әубәкіров туралы Мағауия Сембай мен Мирас Асанның құрастыруымен жарық көрген «Наркескен» атты кітап «бар ма?» деп сұрап едім. «Жоқ» деді. Сонымен бірге, мен білетін Серік Ақсұнқарұлы, Серік Сағынтай, Рауан Қабидолдин, Жәнібек Әлиман, Дәурен Берікқажы сынды жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын шынымен де табу қиын. Кітапханаларда жоқтың қасы.

Мені қынжылтқаны жастарға патриоттық сезім ұялататын, рухын көтеріп, отансүйгіштікке үйрететін «Наркескен» кітабының кітапханаларда болмағаны еді. Іздеп жүріп таптым. Аз данамен шығыпты.

Ойланатындай жағдай екен. Кеңес заманында 50-100 мың тиражбен шығатын кітаптар қазір 1000 данамен шықса, қуанатын болыппыз. Неге? Бұл мың дана дегенің туғантуыс, ағайын мен таныстарға таратудан артылмайды ғой. Кейбір кітаптардың 200 данамен шыққанын да оқып, білдім.

Айтайын дегенім, облыстың ғана емес, жалпы қазақтың ақын-жазушысы атанған белгілі жерлестеріміздің шығармалары дүкен мен кітапхана сөресінде тұрса, құба-құп. Ол үшін мемлекеттік тапсырыспен 10-20 мың данамен шығарып, қалалық қана емес, ауылдық кітапханаларға да таратса болар еді. Өйткені, олардың оқырманы бар!

Зарықбек ТЕЛБАЕВ,

зейнеткер.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button