Руханият

Кітап – қазынаға арналған уақыт

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен академиялық музыка театры алаңында жалпыреспубликалық «KitapTime – 2022» фестивалі өтті. Биыл алғаш рет өткен шараның мақсаты – кітап оқуды, әдебиетті насихаттау, тұрғындарды кітапханаға тарту және оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Фестивальде «әдеби киіз үйлер» тігіліп, оған Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Абай атындағы балалар кітапханасы, зағип және нашар көретін жандарға арналған арнайы кітапхана өз қорындағы оқуға ұсынатын кітаптарды көрмеге қойды.

Кітап – қазынаға арналған уақыт аясында «QaraqandyParty» – поэтикалық алаң, «Мені өзіңмен ала кет – Возьми меня с собой» – кітап сауда алаңы, «Білімнің бас құрылымы – кітап» атты А.Байтұрсынов алаңы жұмыс істеді.

Қаладағы төрт кітапхананың жас оқырмандары – оқушылар өлең оқыды, зияткерлік викториналар мен шеберлік сыныптары, моноқойылымдар, автормен жүздесу, буккроссинг өтті. Сонымен қатар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың «Әдеби киіз үй» алаңында «Шесть точек прикосновения» атты кітап таныстырылды.

Шарада «Отандастар» қорының бастамасымен жақын және алыс шетелде тұратын қазақтарға арнап «Әр қазаққа бір кітап» акциясы басталды. Жыл аяғына дейін жалғасатын игі іс шеттегі қазақтарды рухани қолдау мақсатында қолға алынған.

Айта кетейік, республикалық «KitapTime – 2022» фестивалі Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, Астана қаласындағы «KitapTime – 2022» фестивалінде «Әр қазаққа бір кітап» акциясына 300-ге жуық кітап жиналыпты. Қарағанды қаласындағы кітапханаларға да тұрғындар кітап тапсыра бастаған.

Кітапхана қызметкерлері бұл акциясына қаладағы рухани-мәдени және білім беру мекемелері бір ауыздан атсалысады деген үмітте.

Отандастар қорының өкілі Жандос Қонысбек жиналған кітаптар ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жолданып, қазақ-мәдени орталық басшыларына табысталатынын, орталық басшылары кітап қажет болған шетелдегі тұрғылықты қазақтарға үлестіретінін айтты.

Назым ДҮТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button