Ел біріншілігінде 270-ке жуық спортшы бақ сынауда
Елімізде үстел теннисіне арналған үлкен 11 спорт кешені бар. Солардың бірегейі – Қарағандыдағы Saryarka үстел теннисі залы. Бүгінде осы нысанда 2008 жылы туған және одан жас спортшылар арасында ел біріншілігі басталды. Аталған турнирге 17 өңірден 270-ке жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынауда. Іс-шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин қатысып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Бүгінгі таңда елімізде үстел теннисі спорты қарқынды дамуда. Оның ішінде өңірде де қолдау тауып, кеңінен насихатталып жатыр. Әлібек Үсенұлы өз сөзінде осы спорттың қазіргі ахуалына тоқталып, оны жүйелі дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.
– Қарағанды – ежелден келе жатқан спорттық өңір. Сондықтан, біз үшін спорттың әр түрі маңызды. Оның ішінде үстел теннисі де қарқынды даму үстінде. Бүгінде өңірімізден есімі әлемге танымал спортшылар шыққан. Солардың қатарында Алан Құрманғалиев те бар. Біз осындай спортшыларымызбен мақтанамыз. Бүгінгі турнирге қатысып отырған спортшылардың арасында ел байрағын әлемдік аренада көтеретін жігерлі жастар да бар деп білеміз, – деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстан үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов та турнирдің ашылуына арнайы келіп, ойынды тамашалап қайтты. Әрі 2027 жылы елімізде тұңғыш рет үстел теннисінен Әлем чемпионаты өтетінін де баса айтты.
– Ел тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Ол турнир Астана қаласында өтеді. Халықаралық федерация мұндай ауқымды турнирді өткізу мүмкіндігін қай-қайсысына болсын бере бермейді. Бұл дегеніңіз еліміз үшін үлкен жетістік. Бүгінде осы спорт түрін кеңінен насихаттап, дамыту жолында үлкен жұмыс істеліп жатыр, – деді ол.
Қазан айында жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтпек. Сол турнирге үздіктерді іріктеу мақсатында осы турнирді арнайы ұйымдастырған. Ел чемпионаты командалық, жұптық және жекелей санатта өтуде. Ереже бойынша әр команда бес ұл және бес қыздан жасақталуы шарт. Сондай-ақ, командалық сайыста өнер көрсеткен спортшы жекелей сайысқа да қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы, жарыс бір аптаға созылады. Жарыстың алғашқы күні командалық сайыстан басталды. Жарыс жолына шыққан Қарағанды қыздар командасы алғашқы күні үздік нәтиже көрсетті. Олар өз тобында Қызылорда және Алматы командасын 3:0 есебімен жеңіп, ақтық кезеңге жолдама иеленді.
Команда мүшесі Дарья Фу – үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер. Байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген талантты спортшы. Өзі жұптық сайыстан ел чемпионы. Әрі жекелей разрядта ел спортшылары арасында үздік 12 спортшының қатарында. Одан бөлек, күні кеше Грузияның Батуми қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турниріне қатысып, қола жүлдені қанжығалап келіпті. Осы сайыста бір өзі жекелей, жұптық және аралас разрядта бақ сынап, облыс намысын қорғамақ.
– Әкем осы спортпен айналысады. Мені кішкентайымнан баулып, үлкен ареналарға бірге алып жүрді. Үш ағам таэквондомен шұғылданса, мені бес жасымнан бастап үстел теннисіне берді. Содан бері қол үзген жоқпын. Дәл осы спортты таңдағаныма өкінбеймін. Ендігі мақсатым – осы турнирді жеңіспен аяқтап, Азия ойындарына жолдама алу, – деді Дарья.
Бұл турнирге Маңғыстау облысының командасы да толық құрамда келген. Жарыстың бірінші күні командалық сайыста өнер көрсетіп, өз тобынан суырылып шығыпты. Ал, команда мүшесі Маржан Амангелді командалық сайысқа қатыспаған. Керісінше, жекелей разрядта бақ сынау үшін келіпті. Дегенмен, жас спортшының командасымен жеткен жетістіктері де жоқ емес. 2022 жылы ел чемпиондары, 2024 жылы ел біріншілігінің қола жүлдегерлері атанған. Осы турнирде жекелей өнер көрсетуі үшін бір маусым үздіксіз дайындалыпты.
– Өзіме жекелей разрядта ойнаған ұнайды. Себебі, мұнда өзің ғана жауаптысың. Біреуге сенім артып, бірлескеннен гөрі өзің ойнаған мың есе артық. Жауапкершілік тек өзіңе ғана жүктеледі. Жаттықтырушыммен кеңесіп, қарсыластарыма әртүрлі тактика қолданамын. Себебі, әрқайсысының ойнау стильдері бөлек. Командам – ақтық кезеңде. Енді өзім де жекелей сында чемпионаттың финалына жетуді көздеп отырмын, – деді Маржан Дарханқызы.
Айта кетейік, турнир 28 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»