Кисе Курокованың «қателігі» не?
Астананың бас жоспарын жасаған жапондық сәулетші Кисе Курокованың «қателігі» дегенді алғашында басылымдардан оқығанда, елең ете қалғанымыз рас-ты. Өйткені, ЮНЕСКО-ның өзі «Әлем қаласы» деген мәртебе берген Астананы жобалаушы сәулетшінің жаза басуы әсте мүмкін емес-ті. Мынадай әйдік, әсем «Өмір қағидаты» доктринасы негізінде кәдімгі тірі ағзаға айналған Астана қателікке ұрынды деген ой жұмырбасты пенденің қауашығына сыймайды екен.
Биологияның симбиоз һәм метаболизм ұғымдарын шаһардың негізі ретінде алған сәулетші бас қаланың тап тірі ағзадай өсетінін, өнетінін, өркендейтінін болжапты. Тек, мұндай жылдам қарқында деп ойламапты. Сәулетшінің есебінше, Астана бір қалыппен, ақырын-ақырын дамымақ еді. Сөйтіп, сәулетші Астананың тұрғыны әуеліде 2010 жылы 400 мың, ал, 2030 жылы 1 миллионға жетеді деп бағдарлайды. Ал, Астана тұрғынының саны 2002 жылы 500 мыңға бір-ақ жеткен. Сәулетшінің – қателескені осы тұс. Тоқсаныншы жылдардағы сүреңсіз сурет сәулетшінің мұндай байлам жасауына түрткі болғанын ескерсек, әлбетте, мұны қателік деуге әсте келмейді.
Деректерге жүгінсек, 1994 жылы Ақмолада шамамен 200 мыңға жуық тұрғын болған. 1999 жылғы халық санағына сәйкес, Астанада 319 мың халық тұрса, 2012 жылы астаналықтардың саны 750 мыңға жеткен. Кейін түзетіліп, 2020 жылы-ақ тұрғындар саны 1 миллионға жуықтайтыны айтылады. Алайда, 2016 жылы Елорданың миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашқанын білеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2030 жылға қарай Астана тұрғынының екі миллионға жетіп қалуы мүмкіндігін де атаған еді.
«Мен тұрғыны 500-550 мың адамды қамтитын әкімшілік орталығын құруды ойлаған едім. Ал, құрылыс тұрғыза бастағанда, қала өзі өмірлік мәнге ие болады да, оны тоқтату мүмкін емес екен. Бүгінде халық 4 есеге артты. Қалада бүгінде миллион тұрғын бар. 2025-2030 жылдарға қарай 2 млн.тұрғын болады деп ойлаймын», – деген еді Елбасы.
Сәулетші табиғатты сақтай отырып, метаболистік қала құрылысын ұсынды. Астана сол құндылығымен әлемнің назарын өзіне аударды. «Метаболизм гректің “metabole” сөзінен алынған, “өзгеру”, “алмасу” деген ұғымды білдіреді. Қоршаған орта мен тірі организмдер арасында үнемі заттар мен энергия алмасу процесі жүреді. Зат алмасу кезінде тірі организмдер өздеріне қажетті қоректік заттарды сіңіріп, тіршілік әрекетінен пайда болған ыдырау өнімдерін сыртқа шығарады. Өлі табиғатта да зат алмасу болады. Өлі табиғаттағы зат алмасу кезінде заттар бір орыннан екінші орынға тасымалданады немесе бір күйден екінші күйге ауысады». Астананың қазіргі һәм бұрынғы жағдайын сүзгіден өткізсек, метаболизм үдерісінің үздіксіз жүріп жатқанын көреміз. Алайда, бұл арада Астана – кәдімгі тірі ағза.
Курокованың түсінігіндегі симбиоз – урбандалу және қоршаған ортаның симбиозы болғаны аян. «Симбиоз – гректің symbiosis – бірге тұрушылық – әр түрлі екі немесе бірнеше организмдердің тұрақты бірге тіршілік етуі» дегенді білдіреді, Яғни, Астананың симбиозы қала мен даланың, табиғаттың селбесіп тіршілік құруы.
Қала мен дала үндескен, дүние жүзінде, әлемде 21 ғасырда тұрғызылған тұңғыш – Астана бұл.
Бүгінгі Астананың «Өмір қағидатында» осындай зор мән бар.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.