Кірекей – Күнекей (Әпсана-әңгіме)
Қараша үйді айналдыра басқан белдеу арқанды саумалай тартып, бұрау салған Аңшы терістіктен соққан тікенек желге жауырынын тосып тұрып қалған. Сол кезде бүлдіргісін шаңыраққа түйген тобылғы сапты дырау қамшының ұшына байланған аспалы бесіктегі сәби іңгәлап қоя берді. Ымырт үйірілген шаққа ындыны ауды ма, әлде селт етпеске серт бергендей сірескен қалпынан бір өзгермейтін мінезіне бақты ма, Аңшы сәби үнінен беймаза күй аулап, елең қылған жоқ. Тәңіртаудың найза шыңдарынан атойлап шыққан суық түсті қарасұр бұлттар Көк теңізге батып кеткен Күннің қызыл шапағына төніп, бурадай шабынып барады. Дүние әлдененің белгісін танып, тына қалғандай. Қараша үй… қара жартастармен қапталған қазан таулар… бояуы қалыңдай бастаған түнге бойы сіңіп Аңшы тұр. Бесіктегі сәби үн сала шырқырайды.
Сүтпісірім уақыт өткен, сонда барып Аңшы дауыстады:
-Күннің астын жайлаған Күдері ердің қызы, қайдасың?
Аңшыға жақ ашып жауап берген жан болмады. Сосын, Аңшы екі аттап бір бүктелді де, қараша үйге енген. Қараша үйді қараңғылық қаумалап әкеліп, қара қуысқа тығып тастаған сияқты: түк көрінбейді. Аңшы белбеуінен шақпақ тас алып қақты. Ұшқын атып сөнген жарыққа үй ішіндегі қараң-құраң дүние сәтке тосылды да, қайта жоғалды. Сәби бесігінде шырқырап жатыр. «Ішегі үзіліп кете ме, қайтеді?» Аңшы қолына найзасын ұстап, дөң басына барып отырды. «Күдері ердің қызын пері ұрлады ма, жын жетектеп кетті ме?» Аңшы бек біледі: бұл мекенде бұрыннан жын-пері көшіп жүреді. Е-е, олармен бұл қанша шайқасты екен?.. Күні кеше ғана ғой, боршалап сойған бұланның етін терісіне орап, иығына енді көтеріп сала бергенде, мүттәйімнің мүләйімсіп жетіп келгені. «Батыр-еке, байғазы», – дейді. «Олжаңмен бөліс», – дейді. Аңшы пәлекеттің көзіне қарамауға тырысқан: жанарымен жанарың жанасты бар ғой, жаныңды алады. Аңшы сонда жұтаған кемпір кейпіндегі мүттәйімге бұланның қол басындай енін сылып бере салған. Анау шайнамай қылғытты. Сосын, бұл да жаны ашыған кісімсіп: «Кейуана, – деген, – кейуана, арып-ашып қайдан келесіз?» Кемпір шашын жайып сұңқылдады: «Қайдан келуші ем, балам? Құлан ұшып өлген құрдымнан келемін. Тас емшегі суалған, жүзі солып қуарған мен бір ғаріп анаңмын. Көлеңкеңнен қалдыра көрме, көкетайым». Аңшы нән қарағайды тасалана бере: «Шеше, ендеше, мынаның ұшынан ұстай жүріңіз», – деді де, кемпірдің мойнына қыл шылбырды атып ұрды. Кемпір тырнағын кезеп ұмтылғанда, Аңшы қыл шылбырды шірене тартты да, қарағайдың діңіне орап жіберді. Сөйтсе, кемпірі – кемпір емес, кәдімгі жезтырнақтың өзі екен, қыл шылбырдың қылын суырып түте бастағанда, Аңшы шақпақ тұтатып үлгерді. От шылбырдың бойымен ақты. Шылбырды үзіп тастап қаша жөнелген жезтырнақ: «Аңшы, мен сенің қыр соңыңнан бәрібір қалмаймын. Қатыныңды жадылап, балаңның балғын тәніне шеңгелімді бір қандармын. Осы Қойқаптағы жынның бәрін ізіңен өргізермін!» – деді айқайлап.
Дөң басындағы Аңшы жындармен ашына жезтырнақтың әлгі уәдесіне қайырылып: «Е-е, қатынымды жын әкеткен екен ғой, – деді күбірлеп. – Енді бұл сұмдар сәбиді көздеп, төңіректі иектейді десеңші». Осы кезде түн қойнауынан іркесе-тіркесе екі сұлба шықты. Аспанды алған қара бұлттардың арасынан алақандай орын тапқан Ай көмескі жарығымен қос сұлбаның жетелесіп, Аңшы үйіне тайя бергенін аңғартқан. Аңшы орнынан ақыра түрегелді: «Елмісің, жаумысың?!» «Біз ғой, біз, – десті жетелескен екеу, – құлыныңның үні құраққа жетіп, жағы сембей жылаған соң төзіміміз таусылып келдік, міне». Аңшы таныды. Бұл келгендер тұяқсыз қос мұңлық: Ажырай баба мен Айбүбі әже екен. Айбүбі әже айналып-толғанып сәбиді бесіктен босатты, Ажырай баба белбеуінің ұшын тарқатып жіберді де, шақпақ қойды. Түңлігі түскен қараша үйдің ішінде қызғылт сәуле жүгірген.
… Сөйтіп, Аңшының әйелі бір түнде ізім-ғайым жоғалды. Мұны естіген жұрт: «Аңшының әйелін жын жетелеп кеткен ғой», – десті.
ІІ
Бұланның етін буға көміп пісірген әйел шойын қазанның түбінде бармақ басындай ет қалдырмай қарпыған Аңшының жайын ойлап, иінағашын мойнына іліп, ымырт кеште бастау басына барған-ды. Әдетте әйел бұтынан бұтаға ілінердей тайсақтап, түн баласы бастау басына жоламайтын. Сол кеште сол әдетінен аяқасты жаңылғаны. Алдымен аспалы бесіктегі бөбегінің аузына бал омырауын тосып отырып мейірлене жымиған. Ерімен отасқан екі-үш жылдан соң зарықтырып көрген сәбиі тым тәтті еді. Сәби қылығына еліткен әйел ерін іргесінен аулақтап, таң атқанша тал бесікке таянып шығатын. Жұбайлық міндетін ұмытқанына ұялған қылықты жас сұлу әйел табанын тас тіліп, денесін тікенек жапқан Аңшының бабын таппаққа бүгін қам жасаған-ды. Су әкелмек, қара қазанды қайта көтеріп су жылытпақ, Аңшының арқасын аршаның күлтесімен ысып тәнін балқытпақ, төсекті қатар салмақ… Төсектегі тән тоятына құмартып, қаны тулаған әйел Тәңіріне тәу етуді ұмытып, бастауға қауға тастаған сәті еді, ту сыртынан қадалған көзді көріп өне бойы түршігіп кеткен. Есін жиғанда… ес-ақылынан адасардай халге ұшырағанына сенбеді. Тас үңгір екен дейді, жоқ, тас үңгір емес, қараша үйдің іші болса керек. Бірақ ағаш уықтардың бәрі сүңгі тастарға айналып кетіпті. Түңлік түрулі, ал сонда шаңырақ неге іннің аузындай тарылып, қиғаштай қалған? Құлан жарғағының үстіне жұмсақ иленген елік терісін қабаттап салған төсегі қайда? Төсегі жамбас тесер қара тас болып қатқан ба? Сәбиі қайда? Сәбиі анау белі жерге батқан бітік тас па? Тас емес ол, бөбегі ғой! Қаз басып тұратын бопты құлыны. Қаздиып-ақ тұр. Бірер талпынса жүріп-ақ кетеді-ау… Әйел басын көтеріп, «тәй-тәй» деді. «Бөбегі» бұртиып теріс қарады. «Өкпелеп қалдың ба маған?», «Жалқы түн жаныңнан кеткеніме жатырқап тұрсың ба, әлде?» Әйел тұншыға жылап, «сәбиін» бауырына басты. Омырауынан ана сүті саулады. Сүт суық тастың жік-жігінен тарап, жерге тырс-тырс тамып жатыр. Әйел бала бойындай бітік тасқа жабысып, айырылмай аңырады кеп, аңырады. «Көкесі-ау, мына ұлың ембейді ғой, ембейді, тірі ме өзі?» деп зарлады. Сонда сырттан айбарлы, жат үн естілген; сосын, жабықтың жыртығындай жарықтан иіс тартқан мөлт қара тұмсық, артынан бадырайған қорқынышты көз көрінді. Бұл әйелді алып қашып кеткен Аршалының алып қара аюы еді. Әйел әнтек баж етті де, тағы да естен танды.
Әйел тас үңгірде талып тіріліп, талай күн зар қақты. Әйелдің зарына қосылып жел жылады, аспан күңіренді. Таулардың беткейлері мен шатқалдарын шарлап өскен қарағай мен қайыңның белі қайысты. Заңғар құздардан құлап, тас-талқан боп ағатын өзендер өкірді. Құстар құса құшып, аңдар аҺ ұрды. Жын-перілерге дейін түнеріп, Тәңірінен тосын зауал күтті. Ақыры бір күні Тәңіртаудың ұшар шыңынан шаңқ етіп көтерілген ата қыран: «Жарандар, бұл бір сұмдық іс болды. Енді біз Жаратқанның қаһарына ұшыраймыз!» – деп жар салды. Ата қыранның дабылын естіген аң мен құс төбесінде аламан жазығы бар Алтын шаңырақ тауының басына қарай жөңкіді. Міне, осында әйел ұрлаған аюдың ісі таразыға тартылмақ.
-Сөйле, – деді кәрі жылан ысқырынып, – мына қылғаның не сенің?!. О заманда бұ заман екі аяқтының әйелін аю алып қашыпты дегенді естісем, сан түлеген түгімнің ішінде шіріп өлейін, естімеппін.
Бұл Бапы Балқы дейтін жыландар ордасының көкала көсемі еді. Бапының адамдар әлемімен ілік-шатысын білетін әрі оның ой қажаған кәрі жүзінен даналықтың келбетін көріп, ақылына жүгінетін аң мен құс, күллі мақұлхат осындай үлкен жиында соның алдына жиналатын. Ортаға балпаң басып аю шықты. Ол ешкімге мойын бұрған жоқ, балпаң басып келді де, Алтын шаңырақтың ұшпа тасы – айыпкердің орнына барып қонжиды. Егер айыпкер ақталса, ұшпадан бері түсіп, қауымның ортасына оралады, ақталмаса ұшып өледі. Аю сол қатал заңға қалтқысыз мойынсұнғанын байқатты. Аңдар «Е-е, – десті, – қанша нойыс болғанымен, жөнді біледі екен сабазың».
Әйел алып қашқан аюды хайуанаттар қауымы «қара дүлей» деуші еді. Қара дүлейдің қауымға сіңгеніне көп болған жоқ. Ол бөтен, жатжерлік аю. Алтын шаңырақ пен Аршалының аңғал, момын маймақтарына ұқсай бермейді. Аршалының маймақтары ғой, «аш пәледен қаш пәле» деп, жыртқыштық істерден жырақ жүреді. Ал мынау – басқа. Біртүрлі ызалы аң. Көпшілік оның жалғыз өзі ау қағатынын, апанында жалғыз жататынын, сұмдық алапат күштің иесі екендігін ғана біледі. Өзгесін өзеуреп сұраған ешкім болмаған соң ба, қара дүлей де қауым басшылығынан жайылуға, аң аулауға, өмір сүруге, тұқым көбейтуге рұқсат алған соң, өз жайымен өзі болып жүре берген. Сөйткен қара дүлей енді, міне, әйгілі Аңшының әйелін алып қашып келіп, Тәңіртаудың аңы мен құсын дүрліктіріп бүлік бастап отыр.
-Сөйле дейсің, Бапы аға, сөйлегенде не айтайын, болар іс болды емес пе? – деді дүлей монтансып.
–Ау, көзің қарайып қатынсырап бара жатсаң, мына маймақтардың біріне шаппадың ба? – деп арс ете түсті қара қабылан дүлейдің алдына тік секіріп барып. Қабыланның ащы айқайына жас кірекейлер «мәу-мәу-у» десіп, дүлейге ұрғашылық қылық танытып қылмия қарасқан. Ұшпаның үстінде нән қара жартастай болып отырған дүлейдің бойынан есе жөнелер еркектік қайратты сезініп, қыстан қысыр шыққан ұрғашы аюлардың қайсыбірі қайқаң-қайқаң етісті.
–Аңшыдан қайтарған кегім бұл, – деді дүлей.
–Қандай кек? Айт! – Аюға зәрлене қараған Бапы басын көтеріп алды да, жалпақ қара тастың үстіне қайта қойды.
–Сіздер сұрамаған соң, мен де тіс жармаған едім. Айтайын, – деді дүлей. – Мен мынау өлкеге Тәңіртаудың күнгей бетінен келдім. Атам қара орман, алтын апанымды өрт қойған адамдардан қорғаймын деп арпалыста күйіп өлді. Ол шамада мен бала-қонжықпын, қолымнан келер қайран болмай, әкемнің ойбайлап отқа оранған сорлы халіне шыңғыра жылап, қарадым да тұрдым. Әкемнің ұзын сабалақ жүндері лезде тұтанып жанды да, жалаңаш қалды. Сосын, денесіндегі майы шыжғырылып жанып жатты. Бабам да адамдар салған көлденең кесапаттың кесірінен өлген еді. Мен тұқымнан жалғыз қалдым. Орманымызды өрт алған соң, тау жынысын сағалап бет-бетімізге кеттік. Аюлар, білесіздер, үйір ертпейміз, жұптасып қана өмір сүреміз. Бірақ сонда да біз үшін ата-ана қымбат, бала тәтті. Біз тым балажан аңбыз. Қонжықтарымызды қорбаңдатып ертіп жүргенді жүдә жақсы көреміз. Қонжықтарымыз да сүйкімді, қылықты, ойынпаз келеді. Кейде олар салқы төс аюлардың салмағын көтере алмайтын зәулім шынарлардың жас бұтақтарына өрмелеп, зәре-құтымызды қашырып ойнайды. Кейде қытықтасаң оянбай, өтірік өлген болып жатып алады. Ол кезде қонжықтайды арқалап жүруге тура келеді. Әтесіне нәлеті десеңші, арқаңа бір қонды ма, қонжықтар содан қайтып түспейді, танауы пысылдап ұйқыны соғады-ай келіп.
–Сіз сұрақтан жалтарып, бет бұрып барасыз, – деді Бапының қасындағы қазылардың бірі шойнақ қарсақ. Билік те, есе де тие бермейтін қарсақ тұқымынан шыққан шойнақ аңдардың түсін жорып танылған сұңғыланың бірі еді. Өзге қарсақтар сияқты жөнсіз нәрсеге шақылдай бермейтін шойнақтың ұстамды мінезі қауымға, әсіресе, ұнайтын. Сол сабырлы күйінен аумай, шойнақ қарсақ аюға еппен ескерту жасады. Алайда қара дүлей қонжықтар туралы сөзін жалғастыра берген.
–… арқаңа бір қонды ма, танауы пысылдап ұйқыны соғады қонжықтар. Аузынан сілекейі ағып жауырыныңа жабыса түседі, бәтшағар. Әкем тірідей қуырылып, анам қауыммен бірге қара орманның күліне көмілген сол бір сұмдық күндерде мен де бала-қонжық едім. Қос бірдей қамқорымнан айырылған бетім, дөй далаға бәуілдеп безіп барамын. Қайда? Білмеймін. Сол безгеннен безіп күн жүрдім бе, түн жүрдім бе, әйтеуір, топырақ қауып жатқан жерімнен біреу қабырғамды қақырата тепкенде бір-ақ есімді жидым. Өрт шалған денемнің күйген тұстарын топырақ емдеп, қара қотырланып қалғанын байқаған мезет мұрныма бөтен иіс келді. Адам иісі. Қасында азу тістерін қанжардай қайраған иттері бар адам алқымымды арқанмен буындыра байлап, жетегіне алды да кетті. Сөйтіп, мен адамның құлдығына түстім.
Әуелде адам мені тәуір бақты. Күнде қызылдатады. Кейде сапырып сары алтындай бал беретінін қайтерсің?.. Әлгіндей күтімнен соң тез оңалсам керек, адам менің қоң жүгіре бастаған жонымды сипап, талтайып тұрды. Менің еркелегім кеп ырылдап, адамның қолына жұмсақтап тіс батырғам, тап сол кезде танауымнан тиген соққыдан көзімнің оты шашылып қирай құлағаным. Әлгі соққы содан күнде қайталанып, сорымды сорпадай қайнатты. Адамның достығы да, қастығы да түсініксіз: алдымен менің алдыма кемік сүйек, кепкен балық тастайды. Сүт қояды. Содан соң әлденені айтып ымдайды. Мен байғұс адамның тілін қайдан ұғайын, түкке түсінбейтін түйсіксіздігім үшін тұмсыққа тағы да шойын шоқпар тиеді. Қайталана берген соққыдан танауымның сүйегі талқандалып, таңқурайдай езіліп қалды. Жаным мұрнымның ұшына келгенін біліп алған адам мені шоқпарсыз-ақ тұмсықтан ұрып сілейтетін болды. Бір күні ол ойбай-аттаныма қарамай тілерсегімнен тілді де, аспаққа асып қойды. Ал енді бұл – азаптың азабы. Одан да өткен азап – адамның оқты көзі. Тілерсегімнен тілініп, аспақта асылып тұрғанымда, адам маған оқты көзін қадайды да отырады. Сөйтіп, мен адамның көзінен жасқанып, көзіне бағынатын халге душар болдым. Ол азабым аз екен, адам жон терімді жартылай сыпырып алды да, қансыратып қара шыбынға жем қылды, шаққан жері шоқтай қарайтын араларға талатты. Ең соңында осы көрген азап-қорлықтарымның сыбағасы – адамға қызмет ету болып шықты. Соқаға да жегілдім, таудан отын да тасыдым, адамдар көп жиналған ортада маймаңдап билейтін, қорбаңдап секіретін, жата қап аунайтын өнер де таптым. Тағылық мінезімнің бәрінен ада-күде айырылып, адам-қожайынның ырқына бақтым. Адам күндердің бір күнінде мені шынжырдан босатып, жайыма жіберді. Бостандықты мен сорлы сиырлармен бірге өріп, бірге күйіс қайыру деп ұққан шамаға жеткенімде, адам күлді: «Қара дәу, саған қатын әперейін, қатын әперіп, тұқым-тұяғыңды тегіс құлданайын. Соғыссам – жауынгерім, соқаға салсам – көк өгізім боласың», – деп. Таудан бір жас кірекейді әкеліп бақыртып, бажылдатып қойныма салған. Мен сонда алғаш рет өзімнің аю екенімді сезіп, ләззаттың дәмін таттым. Ендігісін қысқа қайырайын: ә дегеннен адамның ырқына көне кеткен кірекейім менен ақылды әм айлалы екен, есін жоғалтпапты, айсыз қараңғы түнде сыбырлап қана: «Маубасым, осылай омалып отыра бересің бе, қайрат қыл, мені шынжырдан босат, қашайық», – деді. Қол ұстасып қаштық. Қашқанда шырқап алысқа қаштық. Артымызға Қап тауын тастай қаштық. Тәңіртаудың күнгей бетіне жетіп жығылдық. Тәңіртауды паналадық. Қыс бойы табан майымызды сорып, көктемге іліктік те, жазда қос қонжығымызды ертіп, жайбарақат жайылым кездік. Беу деңіз, ол бір алаңсыз, шуақты күндер еді. Адам құдіреттің құлдығынан босап, еркіндікке етім үйрене бастаған мен бейбақ сол күндерде сүйегіме біткен баба кәсібіммен қайта қауышып, әредік ау қағып шығандап кететінмін. Бір күні аңшылыққа аңсарым ауып, дегбірім қашқанын сездім де, қоңырларымды кірекейіме аманаттап, көне сүрлеуге түстім. Қонжықтарым домалаңдап ізімнен ерген. Біраз жүрген соң екеуін кезек құшақтап алдыма алып отырдым да, құйрықтарынан қағып қайтардым. «Момындарым менің, барыңдар апаларыңа, ержеткен соң менің табанымның ізі қалған мына сүрлеу соқпақты сендер жалғайсыңдар», – дедім оларға. Кірекейім де момын еді, байғұс қысқа азық жинап, апан маңынан ұзамайтын. Аңнан оралсам… Кірекейім терісі сыпырылып, жалаңаш жатыр. Қасында екі қонжығым «үйбай-ай, үйбай-ай» деп бетін басып жылап отыр.
Дүлей қараның хикаясы осы тұсқа жеткенде аңдар дүрлігіп қоя берді:
–Кірекейді өлтірген кім?
–Атқан кім?
–Терісін сыпырған кім?
–Адам ба?
–Әлгі сені құлдықта ұстаған адам ба?
–Жоқ, Аңшы! – деді дүлей.
–Қонжықтар қайда?
–Мен міскін қара күштің иесі болғаныммен, епсіз сорлы екенмін, қос бейбақты суға ағызып алдым. Тәңіртаудың басынан бұлт арылмай, он күн, он түн жаңбыр жауып, сай-сала дарияның арнасына айналған. Қонжықтарымды сол тасқын дария жұтты. Амалым кем…
–Кірекейіңді Аңшы алса, ол – оның олжасы, – деді осы кезде жамырай сөйлеген аңдардан бойын асырып, тік шаншыла ысқырған Бапы Балқы. – Аңшы – адам, ал адам – біздің Тәңірден кейінгі иеміз. Жазмыш солай.
–Бәрібір сіздің әйелді алып қашқан ұрлығыңыз ақталмайды, – деді шойнақ та сөз қосып.
–Неге-е-е? – деп күркіреді дүлей. – Адамнан көрген қорлығым мен Аңшы-адамнан көрген жауыздығыма мына қылған қайратым жауап бере алмай ма?!.
–Жауап бере алмайды. Жазмыш солай, – деді кенет байсал тауып, бабына көшкен Бапы ысылдап. – Жауап бере алмайды. Сенің апаныңда жатқан әйел – Күннің астын жайлаған Күдері ердің қызы. Күдері айдаҺар аулайтын көк перінің сойынан еді. Менің арғы атамның алты басын кесіп алып, қанжығасына бөктерген сойқан – сол. Мен бірақ Күдерімен кек қуысқан жоқпын, бітіскенмін. Бәрімізден алапаты асқан адаммен кектесу – ажалыңа асығу ғана емес, Жаратқан Хақтың назасына қалу, кәріне ұшырау. Жаратқанның кәріне ұшыраған аң түгіл, адамзат қауымының неше атасы да жер бетінен жойылып кеткен. Кәне, ер болсаң айтшы маған, Мұсаның қауымына билік жүргізбек болған перғауындардың көлеңкесі қалды ма, мынау піл сауырлы қара жердің бетінде? Перғауындар адамдардан да күшті, әлеуетті еді. Диюлармен дос еді. Сол перғауындар секілді, ей, аю, сенің де тұқымың тұздай құрып жүрмесін, қайт райыңнан! Қайтар әйелді Аңшыға!
– Қайтара алмаспын, – деп қасқайды қара дүлей, – адамнан көрген қорлығым мен Аңшы-адамнан көрген жауыздығыма мына қылған қайратым қайткенде жауап беруге тиіс. Айрық ағашқа керіп қойып, терімді тірідей сыпырса да, кек жолынан кері қайтпаймын.
–Жауыздық дейсің бе, жауыздық көрген жалғыз менмін дейсің бе? Ортаға шаңырақтай мүйізін шайқап тастап, ақ бурыл шаған бұғы шыға келді.
–Мен, шаған бұғы, осында осы соттың боларын естіп, Тәңіртаудың түстігінен келдім. Менің де қайғы-қасіретім бір басыма жетіп-артылады, жарандар! Тұқылынан босап, түсіп қалған мүйізімді тістеп, өтірік бұғы болып шақырып, сен қанша маралымды, қанша бұзауымды қандадың, қара дүлей?!. Әлгі өзің айтқан ауға есің ауып, көне соқпаққа түскен бетіңде сен біздің әулеттің ақ анасы – киелі көке маралдың қарнын жарып, қасиетті тәнін көмбеге басып, сасытып, шірітіп жедің ғой. Мұныма не дейсің?
Шаған бұғы әр бұтағы көк сүңгідей салалы мүйізін көлденең тосып, ұшпадағы қара дүлейге бар пәрменімен ұмтылған, оның жолын шалт қимылдап, шиыршық атқан қара қабылан кесті:
–Жә, шаған бұғы, ашуыңа ие бол, бұл жерде алқалы сот жүріп жатыр, ақырына дейін шыда.
–Қашанғы шыдаймыз? – деді ерке үнді елік егіліп, – сот дүлеймен бірге барлық жыртқыштардың ісін таразыға тартсын. О, әділетті Бапы Балқы, сенен соны сұраймыз!
–Сенен соны сұраймыз, әділ шешімін өзің айт! – деп жамырасты тау ешкі, бұлан, құлан, киік – бәрі қосылып.
–Жанымызға сауға сыйлап, әділдігін айтшы, – деп шиқылдады көртышқан да ары-бері зыр қағып. Осы сәтте:
–Жауыздық сендерде жоқ па? – деді нәзік үнді біреу сыбырлап. Аңдар аңтарыла қалысқан. Мына үн, мына дауыс қайдан естіледі өзі?
–Мен – еңілік гүлмін. Биікте, суықта өсемін тырмысып. Жапырағымды жайып, тамырымды таратып көбейтуге сендер мүмкіндік бересіңдер ме, осы? Айтшы, шаған бұғы, сөйлеші, ерке елік!
Еңілік гүлдің сөзінен кейін айнала төңірек тегіс сыбырға ілесіп, сыбыр дабырға ұласты. Қарағайлар сілкініп, шыршалар шайқалған. Кенет қара дүлей адамның тілінде: «Е-е, бұларға дауа жоқ екен ғой. Жыртқыш шөп жейтінді жеп, шөп жейтін шөпті жемей ме?» – деп қалды.
–Ә-ә, – деді сонда жылан Бапы да адамның тілінде, – осыны білгенде адамның озбырлығын неге білмейсің сен? Озбырлығына неге көнбейсің сен? Сосын, қайтадан мақұлхаттың ләміне ауысқан:
–Ей, қара дүлей, шеш тоныңды!
–Қандай тонды айтасыз, Бапеке?
–Ғайса пайғамбардың жолын тосып жатқанда жамылған тон теріңді айтамын.
–Ол мен емес, тақсыр, мен емес, менің түп атам еді.
Қауым мына ғажапты естіп таң-тамаша болған:
–Не дейді? Тон дей ме?
–Тоны несі, тәйір-ау?
–Ғайса пайғамбардың жолын тосқаны қайткені?
–Бұл не сұмдық тағы да?
–Жә, – деді Бапы Балқы, – шуламаңдар түге! Сосын, ол қалың ойға шомып күн жатты, түн жатты. Аңдар қаумаласып, жиынын бұзбай, Бапының соңғы сөзін сарыла күткен. Ертеңінде Күн шығып, ұясынан арқан бойы көтерілгенде Бапы:
–Сенің бабаң Ғайса пайғамбарды қорқытпақ болып, қой терісін жамылып жолын тосты. Сөйтіп, Құдайдың кәріне ұшыраған. Сенің тегің – адам. Сен адамнан азғансың. Түс ұшпадан, апаныңа орал. Апаныңа орал да, ұрпағыңның бірін адамзат қауымына қайтар! – деді.
ІІІ
Талып құлап, өліп тіріліп, зар қаққан әйел әбден ес жиғанда тас қамауда жатқанын қапысыз түсінді. Сол бір қарғыс атқыр ымырт кеште бастауға қауға салғанын, сонда ту сыртынан әлдебір суық көздің сұқтана қадалғанын, соны сезіп тұла бойының мұздап қоя бергенін, қалтырай қорқып, қашпаққа әрекет қылғанда қақпан құшаққа құлап, өкпесінің өшкенін – түгел жадында жаңғыртты. Ендігі мынау мекені құла түздегі құба төбел қараша үйі емес, аюдың апаны екенін де ұқты. Әйтсе де жалғыз-ақ нәрсеге таңы бар: аю бұны неге жеп қоймайды? Қолтығына қысып алып қашқан бетінде-ақ, арандай аузын аш беліне бір салса бітіп еді ғой, ақтарылып қалатын еді ғой. Әлде апанында аштан өлтіріп, шірітіп жемек пе? Бірде Аңшының: «Атасы азған бадыраң көз, сасық сараңдар сияқты – жемтігін көміп, иістендіріп жейді. Онысы жемітін жер-қазанға пісіріп жеген түрі болса керек», – деп еді. «Мені де сөйтпек қой. Ол азабына төзгенше, аранына ұмтылып өзім түсейін». Осы ойға бекіп, әйел айқай салды: «Әй, қара дәу, сен менің Аңшы байымнан қорқады екенсің ғой? Қорыққаныңнан маған тіс батыра алмай діңкелеп отырсың ба? Әрине, қорқасың. Өйткені ол айлалы әм күшті. Ертең-ақ ізіңе түсіп, індетіп жетеді. Індетіп жетеді де, май табаныңнан бастап, майдалап тілген теріңді маңдай тұсыңнан сыпырып алады да, тұлып жасайды». Әйелдің намысқа тиіп, егеске шақырған ащы айқайын аю естіді. Естіді, бірақ апанының аузын тығындаған зіл қара тасты жалап, ысылдап-пысылдап жата берді.
Ертеңінде әйел аюды қарғады. Қарғағанда қара дүлей қағынып өлердей қай-қайдағы улы, зәрлі сөздерді теріп қарғады. Күннен түнге, түннен күнге ауысқан қарғысының бірінде қатын: «Ей, аю, теріңнен тірідей айырылып, отқа өртеніп өл!» – дегенде, қара дүлей құлағын басып апанынан аулаққа кеткен.
Сарнай-сарнай әбден сілікпесі шыққан тас қамаудағы әйелдің қарғысы да, қайғысы да таусылып, енді аштан өлетін шығармын деп жатты. Шөл де қысып әкетіп барады. Аштық пен шөл әйелді тағы да естен тандырған. Әуелде ол апанның ішінде ақ сөңке болып шашылған сүйек-саяқты кеміріп, шайнап, түгел жұтып алды. Сосын, қара үңгірден салбырап түсіп тұрған шөп тамырларын талғажу етті. Оның бәрін түгесіп біткен соң, уыстап топырақ асаған-ды. Топырақ тоқ ішегіне толып, ішінен тысқа құрғақ төгілгенде әйел «шіріген екенмін» деп ойлады. «Міне, мен шірідім, – деді әйел бейсаналы түйсігінде күбірлеп, – топырақтан жаралған едік, түбінде топыраққа айналады екенбіз ғой. Сен – мен, мен – сен екенмін, топырақ! Оттан, судан жаралмай, топырақтан иленген балшықтан тірілгеніміз қандай жақсы болған! Торғын топырақ, сен неткен жұмсақ едің?». «Шіріп біттім» дегенде әйел түйсігінің түкпірінен бесіктегі сәбиінің бейнесі, Аңшының кескінді келбеті, зор тұлғасы анық көрінді де, бұлдырап барып сөнді…
ІV
–Ойбо-ой-и, өстіп шаңқай түске дейін шалжиып жата бересің бе? Мә, же мынаны, аш өзегіңді жалға.
Дүлей бір қырындап кеп жамбастай отырды да, бұтағымен қоса жұлып әкелген қарақатты әйелдің алдына тастады. Әйел қолымен теріп, кейде сояудай тікенегіне қарамай, қарақаттың тығыз өскен қалың шоғырына аузын салып, асқан бір қомағайлықпен асап жей бастады. Әйелдің жағы, алқымы, омырауы қанкүрең түске боялды.
–Қарақатқа қандым, енді бүлдіргенге тәбетім шауып тұр, – деді әйел ыңырсып. Қара дүлей ерепейсіз бойын ебедейсіз жазып емпеңдей жөнелген. Аздан соң бүлдірген бітік шыққан жердің танабын сүйреп жетті. Үлкен аумақты кәдімгідей ойып алыпты. Әйел апаннан шықты да, бүлдіргенге бас қойып, жата қап жайылды. «Е-е, бәле, жөнге келдің ақыры», – деп миығына күлкі үйірді Дүлей. Күлгенде езуі жиырылып, жақ тісі қызыл етіне дейін түріледі екен. Әйел аюдың әлгі ұсқынынан шошып тітіркенді де, бажылдап барып алқымынан ала түсті. Аю оны анадай жерге атып ұрды:
–Әй, қатын, сені жын ұрды ма, мен байғұсты қылғындырмақ болғаның не қылғаның?
–Сенің сұрың үрей шақырады.
Осы әйелдің қыбын, әйтеуір, бір таба алмай жүргеніне қиналып қалған дүлей сол күйіне күйінгендей боп бәуілдеп, әйелдің балғын балтырын жалай бастады. Сөйткенде аюдың қызметі әйелге ұнады. Тағы да жала, жалай түс деп керіліп, жалаңаш тәнін аюдың тіліне төсеген. Аю әйелді ұзақ жалады. Қара табанынан бастап, қара құйқасына дейін тілін жүгіртіп, айызын қандыра жалады. Екеуі осылайша табысып, достасты.
Аю ертеңінде әйелді жайылымға ертіп шықты. Апанның маңы толған қияқ тілді, жатаған, түбі көк, беті сары, пүліш шөптер екен. Әйел оны «аюжүн» деді.
Аю әйелді бүлдіргенге сұғындырды. Әйел оны «аюбүлдірген» атады.
Аю мен әйел қарақат терді. Әйел оны «аюқарақат» деді.
Биік өскен, сабағы тобылғы сабындай, басында тәтті раң гүлі бар, аю сүйіп жейтін шөпке «аюбалдырған» деген есім берілді.
–Мынадан абай бол, жеп қойма, – деп аю әйелге сарғыш гүлді улы шөпті көрсетті. Әйел оған қарап тұрып «аютабан» деді.
Беткейдің сары андыздарын әйел аюдың құлағына ұқсатып, «аюқұлақ» дегенді жөн көрді.
Жапырағы күлте, төбесіне түйген қоңырау гүлі бар, аюдың таңсық шөбін әйел «аюоты» деп кетті. Аюмен жайылым кезіп қайтқан сайын: «аюбастікен», «аюдән», «аюдәрі», «аюжаңғақ», «аюжидек», «аюқат», «аюқурай», «аюқұлақ», «аюшөп» дейтін шөп пен жемістің түрі көбейе берген.
–Мына көк жасық шөп–шаламыңа құрсағым толмай жүр, – деді бірде әйел қара дүлейге.
–Ендеше, аң аулайық, қызылдайық, – деді дүлей қуанып. Сөйтіп, аю әйелді ертіп аңға аттанды. Жолда ол әйелге мынаны ескертті:
–Аң қағу – қауіпті кәсіп. Сен аңшылыққа сайланбай-ақ қой, мені көзіңмен бақ та жат. Аңды мен аулаймын.
Аю аңшылық байырғы тәсіліне бағып, алдымен бұғы мүйізін езуіне қыстырып өкірген. Әйелге қайратын танытып, дүлей күшін көрсететін сәттің туғаны да осы еді. Алайда күйекке түсуден дәмелі бұғысы құрғырлар майданға шақырған бұның даусына құлақ түріп, сақсына басып келеді де, ытырылып тұра қашады. Күйек тілеген маралдар да елеңдесіп жақын келген. Жақын келгенімен, жардай аюды көрген бейшараларда жан қалсын ба, жалқы рет өкіреді де, жалт беріп жоғалады.
Тау ешкі, бұғы, маралдың соңында салпылдап неше күнді сарп еткен аю діңкесі құрып, ақырында «тышқаншылауға» көшті. Оның үстіне әмірі асқан ерке қатын жер тепкілеп, «тап та тап, қызылсырап өліп барамын» деген соң, қара дүлейге дүлей табиғатынан жаңылып, маймаңдап суыр інінің аузын бағуға тура келген. Суыр болғанда анау-мынау емес, майы терісінен сыртқа тепкен суырды суырып әкеліп әйел-падишағының алдына қоймақшы. «Махаббатым, мархаббатым, мінекей!» Иә, рас, дүлей талай суырды інінен суырып алған. Бірақ соның көбі көк шандыр болып шықты. Биыл не, Тәңіртаудың шөбінің құты қашты ма, әлде суыр біткен аза бастаған ба, білмейді, бәрі көк шандыр. Әйтсе де дүлейге қайсыбір күні, сиыр сәскеде суырдың айғыры кездесе кеткені. Ата суыр Күннің көзімен шағылысып, сағымға бөккен қоңыр құлжа тастың бетінде жалпиып, тоқ басып жатыр екен. Дүлей артқы аяғын мойнынан асыра тастап тапырақтап-ақ тартып еді, суыр құйрығын шолтаң еткізіп тастың астындағы ініне зып берді. Тайыншадай тас екен. Тайыншадай тасты дүлей бұйым көрмеді, құшағына алып жалғыз ырғады да, ысыра салды. Сөйтіп, ырылдап, иіс тарта құмартып, бойын аңшылық шабыт буып, ата суырдың көлденең беткейді кеулеп қазған інінің топырағын аспанға атқан. Әне-міне, бапандай суырға азуын батырып, бір сілкімекке жанын салуда. Алдыңғы екі аяғы жолындағысын жапырып келеді, артқы екі аяқ үйілген топырақты алысқа айдап тұр. Аю осылайша суыр ініне сұғына берген. Арада аз уақыт өтті ме, көп уақыт өтті ме, демін баспақ болып жантая кеткенде, салқын сабатқа көмілгенін бір-ақ білген. Сөйтсе, суырдың інін қазамын деп арпалысып жүріп өзіне апан сайлап алыпты. Ал суыр жоқ. Сол кезде:
–Ай, шық бері! – деген дауыс естілді тыстан. Әйел екен.
–Сен, – деді әйел бұны жазғыра сөйлеп, – сен қорбаңбай, бір өзің аң қағып береке таптырмассың. Суыр інінің екі аузы болады, бірінен кірсе, екіншісінен шығып кетеді. Суырлар – қауымшыл жұрт. Бір-бірін жауға бермейді. Бір іннің ішінде үйірімен тұра береді. Бізге де қауымдасу қажет екен. Аңға бірге шығамыз.
Осылайша аю-әйел жұбы Тәңіртау мен Аршалы, Алтын шаңырақтағы аңдарға ауыз салды. Әйел, задында, аюдан өткен аңшы екен. Аңдарды қаппа тастарға тығып, қақпанға түсіруді, құлаштап тас атуды, ор қазуды, тұзақ құруды, әлі жететін жыртқыштардың жемтігін тартып жеуді аюға әйел үйретіпті дейді әлқисса. Ал аю әйелге тағылар әлемінде жұптасып өмір сүрудің тәтті ләззатын татырыпты.
…Кезекті бір жорықтан олжалы оралып, аю мен әйел апандарында ауыз жаласып жатқан. Кенет аю әйелді икемдеп бауырына тартты. Бұл кезде қара дүлейдің тікендей өткір сабалақ жүніне оранып алып ұйықтайтын әдет тапқан әйел де аюдың ыңғайына көне берді. Дүлей қара бойында дүр сілкініп оянған аталық күштің рухымен елітіп, әйелді әй-пүй дегізбестен төрт тағандатып қойды да, ақырып белінен тұрды… Осы сәт және күнді күнге, түнді түнге ұрып жалғаса берді.
Кірекей – Күнекей
Қыс түсті. Қызыл еті арылмаған аң терілерін әйелінің үстіне қымтай жапқан аю қалың ұйқыға бас қойды. Өзегі талып, аузынан қара суы ақтарылғанда аю табанының майын сорып, әйел аң терісін қажалайтын еді.
V
Арса-арса болып азған аю мен әйел жазғытұрым апанның аузын ақтарып тастап, жарық дүниемен жүздесті. Алып аю бойындағы бар майынан арылыпты, жүрсе сүйегі күтірлеп, қалың терінің ішінде омыртқасы ойнайды. Әйелдің толқынды қара шашы тобығына түсіпті, өне бойын тегіс аппақ қыл жауып қалған. Шашына оранса, әйел қара кірекей кейпіне еніп, шашын түрсе, ақ кірекейдің бейнесінде көрініп, дүлейдің тағылық өміріне біржола өткен еді. Дүлей қосаяқтап тұрса, ол да қос аяқтап, төрт тағандап жортса, ол да тоңқаңдап ізінен еретін болған. Қара дүлей қайратына мініп, қалпына келгенше оны әйел асырады. Қашса жеткізбейтін, қуса құтқармайтын «ақ аю» лақтап үлгермеген еліктерді, құралайын өргізер өріс іздеп, ауа көшкен ақбөкендерді көзінен тізіп әкеліп тас қамаудың ішін қызыл қырман етке толтырды. Тастан-тасқа ырғитын тау ешкілерді сирағынан сүйреп әкеліп дүлейді етке әбден мелдектетті. Осылайша Тәңіртаудың құшағындағы Алтын шаңырақ пен Аршалының арасын дүбірге бөлеген «ақ аюдың» аңшы аты жайылып, сан тарапқа кеткен-ді. «Ақ аюдың» сайыпқыран саяткерлігі аңдардан асып, адамдар арасына жеткенде Аңшы жағасын ұстаған. «Апыр-ай, бұл – сол, соның өзі болмаса игі еді», – деп күбірледі ол өзіне-өзі. Осыны айтты да, Аңшы Тәңіртаудың түстігінен терістігіне тартты…
Аңшы әйелі жоғалып кеткен соң, шарқ ұрып көп іздеген. Жын-перілермен де ұстасқан. Албасты сайтандармен де арбасқан. Жезтырнақтың апасын өлтіріп, жеті сіңлісін жер түбіне дейін қуып жіберген. Бірақ жын-перілер Аңшының көзін байлап, адастырды да отырды. Аңшы қара дүлейдің апанын таба алмай дал болды. Ақыры, міне, жоғалған әйелдің құпия сырын ұққан Аңшы кірекейдің терісін сүйретіп келе жатыр.
Кірекейдің терісі…
Айы-күні толып, толғағы қысқан Күнекей қатты қиналған. Неше күн, неше түн адалбақанға асылып, шақалағын шаранасынан шығара алмай шалықтаған әйел Аңшыға қарап жалбарынған еді: «Батырым, жанымды қинама, селебеңді ал да, құрсағымды есіп жібер, мен өлсем өлейін, балаң тірі қалсын!» Аңшы жарын өлімге қимады. «Шыда, шыдай түс, – деген тістеніп, – толғағың қатты болса, Толағай ұл туасың, шыда». Дегенде даңғара қағып Ажырай баба мен Айбүбі әже жетті. Ажырай баба келді де, қараша үйдің шаңырағына шығып шаңқылдады: «Кет, пәлекет, кет!» Сосын, ат басты қобызын шалып аңыраған. Айбүбі әже үйді айналдыра шырақ жақты. Күнекейді толғақ қысып бебеулете түскен. Сонда Айбүбі әже: «Шырағым, Аңшы, Күнекейдің толғағы теріс толғақ. Бұдан өзінің де, баланың да жаны қалмауы мүмкін. Теріс толғақтың емі – ұрғашы аю терісі. Ұрғашы аюдың терісі әйелдің жатырын жібітеді», – деді. Бұны естіген Аңшы қонжықтарын ертіп Тәңіртаудың етегінде жүретін қоңыр аюды есіне алған…
Еркегі аң қағып кеткен ұрғашы қоңыр аю Аңшының қарауылына оңай ілікті. Бейшара мұнша аңғал болар ма, тап қасына келіп тар қолтығына көк сүңгіні қондырғанша, басын жерден көтермей жайыла берген. Аңшы кірекейдің терісін сыпырып жатқанда домалаңдап қос қонжығы келді. Алдымен екі маймақ бөтен иіске танауларын төсеп, сонадайда шоқиып отырды. Аңшы жылыстап кете барғанда жалаңаш қалған аю-ананың бауырына бастарын тығып, бәу-бәу десті. Аю-ана әдеттегідей қонжықтарына мекіренген жоқ. Терісі сылынған күйі былқ-сылқ етіп жата берді. Әлдеқандай бір сұмдықтың болғанын сонда ғана соқыр түйсікпен сезген қос қонжық аю-ананың басын құшып, беттерін тырналап балаша боздады: «Үйбай-ай, үйбай-ай!» Аң атаулыны қынадай қырғанда еш шімірікпеген Аңшы қонжықтардың адамша жоқтауын естіп қатты түршіккен-ді. Ал кірекейдің терісіне оранған Күнекей аман-есен босанды. Одан кейінгі күндер кәнігі аңшының кәнігі кәсібімен жалғаса берген-ді. Енді, міне, сол теріні сүйретіп, Аңшы жолда келеді. Аңшы алдымен нар түйенің бойындай ор қазды. Ордың бетін шөппен жауып, ернеуіне тірі бейнесіне ұқсатып кірекейдің тұлыбын қойды.
VI
Апанында жатқан қара дүлей түс көрген. Түсінде қойнындағы аю-әйел өзінің қоңыр кірекейі болып кетіпті. Кірекей бұған мөлиіп, көзінен мөлт-мөлт жас тамып, қарай береді. Бұл: «Сен қайда кеттің?» – деп сұрайды екен. Сөйтсе, кірекей: «Ұлымды сағындым, ұлым ендігі ержеткен болар», – дейді. «Сен адам емессің – аюсың», – дейді Дүлей. «Жоқ, мен – адаммын. Тоғыз күн, тоғыз түн толғатып Толағайды тудым», – дейді кірекей.
Осындай қилы түс көріп оянған дүлей ертеңінде түсін шойнақ қарсаққа жорытты. Шойнақ дүлейдің түсін тыңдап отырды да: «Баяғыдан бері басыңыздан көшкен кеп түсіңізде көрген хикметіңізге саяды екен. Аңшымен бітісіп, туысады екенсіз. «Түс көрген заман» деген заман осы болады», – деп, сөзін дүлей ұқпайтын қиынға салған. Шойнақ түсін жорып кете бергенде, дүлей жел жетелеп жеткізген бір жағымды иіске тұмсығын тосты. Жағымды, таныс иіс. Кірекейінің иісі. Түсінде көрген кірекейі тіріліп қайта келген сияқты. Дүлей қос аяғын құлағынан асыра тастап ұша жөнелді. Соңынан бауырын жаза шауып «ақ аюы» ілесті. Жұпар иісті жұтып қара дүлей еміне түскен. Әне, көрінді. Көрінді! Кірекейі! Жотасын қара дүлейдің құшағына ыңғайлап, момақан ғана ықтап отыр. Қара дүлейдің жанарын жас жуып кеткен. Сол жас жуған жанарын сүртпестен кеп кірекейін құша берген еді, май табандары аспанға қарап ордың түбінде жатты.
«Қап, – деген сонда қара дүлей күркіреп, – қап, қапыда кеттім-ау!» Ақырып, алас ұрып ордан шықпаққа әрекет қылды. Ол әрекетінен берекет таппаған соң, кірекейінің терісін дар-дар айырып тастап күркіреді. Ор аузында бажылдап «ақ аю» жүр. Көп білетін, айлалы, ақылды «ақ аюдың» да дымы таусылғанға ұқсайды. Бостан-босқа боздап, текке бәуілдеп өксиді кеп бейшара.
Ор басындағы ойран-топан оқиғаға қарап Аңшы тұр. Аңшы әйелін жазбай таныды. Иә, бұл Күннің астын жайлаған Күдері ердің қызы, атасынан ақ бата тілеп алған жары, Толағайының анасы еді. Бірақ тұла бойын аппақ түк басқан, толқынды қара шашы салбурыл тартқан мына мақұлхатты енді адам баласына ұқсату, адамзат қауымына қайтару мүмкін бе?.. Қос анары тақымына оралып, құрсағы кеңіп кетіпті. Жүкті болса керек. Аңшы әйелге қарап күбірледі: «Күнекейім едің, енді аюдың кірекейі болыпсың. Жазмышқа не дауа?» Сосын, ұшар басы ту биікке сұғынған қарағайды жығып, діңін орға тастады да: «Ей, қара дәу, сен мені кеш, мен де сені кештім», – деп, келген ізіне түсіп кері бұрылды.
VII
Арада талай жыл өткен. Бапы Балқы сан түледі. Шойнақ қарсақ аңдардың түсін жори-жори алжыды. Шаған бұғының мүйізі қарағай бұтақтанып көк тіреді. Аңшының сақал-мұрты Тәңіртаудың ақ қар, көк мұзына малынды. Тек Толағай ұл ғана тау-тасты кезіп, аңшылық саят құрып, сайран салып жүр. Бір күні ол таудан ырғала басатын, кең жауырынды, сом тұлғалы, көзі алақандай қара жігітті ертіп келді.
–Әке, – деді ол әлгі жігітті көрсетіп, – әке, бұл да мен секілді аңшы-дүр. Тәңіртауда таныстық. Өзі аздап тағылау. Әйтсе де тез табысып, үйренісіп кеттік. Екеуміз анда болдық.
Әке Аңшы бетінің жартысын көз алған дүйім кеуде жігітке бажайлап қарап отырды да:
–Қауымыңа қош келдің, Қара батыр! – деді.