Қарағандылық биатлоншы Владислав Киреев қысқы Олимпиада ойындарына қатысады
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының басталуына да санаулы күндер қалды. 6-22 ақпан аралығында өтетін байрақты бәсекеге Қазақстанның ұлттық құрамасы спорттың 10 түрінен бақ сынамақ. Бүгінде 36 спортшы, яғни, 18 ер, 18 әйел атлет олимпиада жолдамасын қалтасына салып, Ұлттық құрама сапына енді. Солардың қатарында облыс атынан сынға түсетін биатлоншы Владислав Киреев те бар.

Ұлттық құраманың орташа жасы – 25 жас. Құраманың ең жас спортшысы – фристайл- акробатикадан сынға түсетін Асан Асылхан. Оның жасы небәрі – 16-да. Ал, құрамадағы ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшысы – шорт-трекші Абзал Әжғалиев. Оралдық спортшының жасы – 33-те.
Құрама сапындағы ең танымал спортшылардың бірі – фристайл-могулдан сынға түсетін Юлия Галышева. Ол – 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Әрі 2010, 2014 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан тәжірибелі спортшы.
Теміртаудың тумасы биатлоншы Владислав Киреев те тәжірибелі спортшылардың қатарында. Жерлесіміз – халықаралық аренада жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген білікті спортшы. Атап айтсақ, былтыр қысқы Азия ойындарында 10 шақырымдық спринтте ел қоржынына алтын медаль салған болатын. Сонымен қатар, Азия чемпионаттарында да жүлделі орындардан көрінген. Айта кетейік, Владислав бұған дейін 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасына қатысқан. Сондай-ақ, әлем кубогының кезеңдерінде және әлем чемпионаттарында Қазақстан намысын қорғап, бірнеше жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Айта кетейік, биылғы қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



