Бас тақырып

Кинология: қырағы көз, сергек серік

Кез келген адам кинолог бола алмайды. Жауынгердің жауапкершілікке толы қызметіндегі кинология – қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала. Бұл қызметте төрт аяқты ақылды көмекшіңді мейірімге бөлей отырып, толық сенім артуың қажет. Бір сөзбен айтсақ, ит – адамның ақылды досы әрі қызметтегі жолдасына айналады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Ұлттық ұланда» қырағы көз кәсіпқой қызметкер мен қателікті жібермейтін қызметтік иттер көп. Иіс сезу қабілеті жоғары – белгиялық және неміс овчаркалары, лабрадор-ретривер, спаниель тұқымдас иттердің түр-түрін кезіктіруге болады. Әскери бөлімдер қоғамдық тәртіппен бірге стратегиялық нысандар мен қылмыстық-атқару мекемелерін күзететіндіктен, жауапкершілігі жоғары қызметте иісшіл төртаяқты жануарлардың салмағы басым. Олардың әрдайым бабында болуы ел қауіпсіздігі үшін де маңызды. 6505 әскери бөлімінің аға нұсқаушы сержанттары Павел Бердюгин мен Ержан Әзімбаевтың айтуынша, бүгінде 4-ші атқыштар батальонында елге қызмет етіп жүрген 26 ит бар.

Кинологияда күнделікті жаттығулар күндіз және түнгі болып екіге бөлінеді. Себебі, қарауылға алынған сотталғандар екі жағдайда да қашуы мүмкін. Бұл сәтте қызметтік иттердің міндеті – 5 шақырымға дейінгі аралықта сотталғандары ұстау. Иттер иісі арқылы тұтқынның соңына түседі.

– Кинология қызметінде жүргеніме 15 жыл болды. 2005 жылы 6505 әскери бөліміне шақырылған соң 2 жыл әскери қызметімді өтеп, келісімшарт бойынша қалдым. Күн тәртібінде алдымен қызметтік иттердің тазалығына баса назар аударамыз. Тұратын жерлері және үстінің тазалығы маңызды. Денсаулық жағдайы бойынша ветеринарлық көмек керек пе, жоқ па соған мән беріледі. Әр итте белгіленген бағыты бойынша 2 сағаттық дайындық өтеді. Олар таңғы, кешке, түнгі жаттығуларға үйренген. Түнде сондай-ақ, ізге түсу сабақтарын өткіземіз.
Бұрын иттерді Қаракемер кентінен алғызатын. Қазіргі таңда арнайы әскери бағытта үйретілген асылтұқымды иттер Заречныйда беріледі.
Әрине, аты ит болғанымен, олардың да адамға ұқсас мінез-құлықтары бар. Бір итті дайындау уақыты – сегіз ай. Ол кинолог маманның қабілетіне де тікелей байланысты. Өйткені әр маманның біліктілік деңгейі әртүрлі. Бұл жерде тәжірибе маңызды. Жұмысқа жаңадан тұрған мамандарға қызметтік иттерді дайындауға ұзақ уақыт кетеді. Күшік кезінен дайындаса, оны қызметке бағыттау оңай. Үш жастан баптаса дайындау қиынға соғады, – дейді аға нұсқаушы сержант Ержан Әзімбаев.

Кәсіпқой кинолог ит – «Белланың» қожайыны, аға нұсқаушы сержант Павел Бердюгин төрт аяқты сақшыға ерекше қарайды. «Белла» былтыр Белоруссияда өткен бүкіләлемдік жарыста ІІІ орын иеленген. Бізде кинологтың төрт аяқты серігінің аумақта жасырынған жауынгерді дәлме-дәл уақытында тапқанына таң-тамаша болдық.

– «Белланың» иіс сезуде өзіне тән әдістері бар. Тәртіп бұзушыны ұстау, күзетуде ерекше қабілетке ие. Қарауылдағы қызметіне аса жауапты. Жиі еркелетемін. Итті жақсы және жаман деп немесе сұлулығына қарап бөлуге болмайды. Қызметке икемділерін таңдаған соң, сол иттің жұмыста белсенді болуы кинологқа байланысты. Қалай жұмыс істесең, іздестіру иттері де дәл солай жұмыс істейтін болады. Жалпы, кинология саласында жан-тәніңмен қызмет ету – маңызды. Мұнда физикалық күшпен емес, жүрекпен жұмыс істеу керек, – дейді Павел Бердюгин.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button