Кіндік шеше
Басқа халықтарда мұндай наным-сенімнің бар-жоғын білмедім, бірақ, біздің қазақта кіндік шеше дегенге айрықша маңыз беретін, оны ерекше қадірлейтін бұрыннан келе жатқан жақсы бір қасиет бар. Оның негізінде «баланың бойына жақсы-жаман мінез бен қасиеттер кіндік шешесінен жұғысады, бала кіндік шешесіне тартып туады» деген ұғым мен сенім жатса керек.
Кіндік шеше дегеннен шығады, біздің ауылда Лида деген апай болды. Ауылдың үлкендері айтуға қиын болған соң ба, солай атап кеткен. Ал, шындығында, аты-жөні – Лидия Августовна Розенко. Осы Лида апайдың отбасы 1941 жылы Украинадан Қазақстанға күштеп қоныс аударылған неміс ағайындармен бірге Ақтоғай ауданының «Бірлестік» колхозына келіп тұрақтайды. 1938-1941 жылдары Харьков облысының Краснодар қаласындағы фельдшерлік-акушерлік мектепті бітірген, 17 жасқа енді ғана толған қыз баланың бүкіл өмірінің жартысы Украинадан тым алыста жатқан Бірлестік ауылында өтеді деп кім ойлаған ол уақытта. Иә, ғұмырының қырық жылын осы ауылда өткізген Лида апай 1942 жылдың 1 қаңтарында Қоңырат ауданының Жамшы ауылдық кеңесіндегі медпунктке меңгеруші болып қызметке орналасқан екен. Содан 1980 жылдың қазан айына дейін бір орында тапжылмай еңбек етті.
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы бүтіндей бір ауылдың, оның маңайындағы қыстақ-қыстақтың жарық дүниеге келген нәрестелерінің көпшілігін Лида апай аман-есен туғызып алып, кіндігін кескен. Оны ол уақытта кім есептеп жатыпты? Бірақ, «кіндік шешем Лида апай» дейтін замандастарымның бүгінде арамызда аз емес екенін білемін.
Талай нәрестенің бауын кескен Лида апай – менің де кіндік шешем. Кіндік шешем ғана емес, менің дүниеге аман келгеніме қуанып, атымды «Қуандық» деп қойған екінші анам десем болады. Бұл өз алдына бір әңгіме. Ана бір жылдары Жақсырақым Ғалиев ақсақал Қазбек Атаншаұлы молла туралы материалдар жинастырып жүргенде, бұл әңгімені менен жазып алып, газетке шығарған еді, кітабына да енгізген болатын. Сол әңгімені қысқаша баяндай кетсек, артық етпес.
Анам маған жүкті болған уақытта қатты сырқаттанып ауырған көрінеді. Сол уақытта Лида апай «Балқаштың ауруханасына барып қарал» деп, анама болмай жолдама береді. Қалаға келіп, ауруханаға қаралып, дәрігердің «бұл баланы туа алмайсың, алғызып таста, оның аман-есен тууы екіталай, не бала өледі, не өзің өлесің» деген сөзіне көнбеген анам, ауруханадан бір сылтауын тауып сұранып шығып, Бала Дересіндегі көріпкел әрі тәуіп Қазбек молланың үйіне барады. Таңертеңгілік уақыт болса керек. Молла алыс жақтан келе жатқан, аурудан қажыған анам мен ол кісінің жанындағы үш-төрт адамды жылы қабылдап, бәйбішесіне азаннан самауырға шай қойғызып, дастархан жайғызыпты. Таңғы астан ауыз тиіп болған соң молла атамыз анамызға дұға оқып дем салып, соңында «қорқатындай ештеңе жоқ, балаң аман-есен дүниеге келеді. Мына бір емді жасасаң болды» деп, емделу жолын айтып түсіндіріп, шығарып салыпты. Көңілі жайланып ауылға қайтып келген анамды Лида апай сонда да қоймай, қайыра қаланың дәрігеріне бар деп қолқа салады, бірақ анам бармаймын деп дәрігерден бас тартыпты.
Адам өміріне жауапты болғандықтан, фельдшердің ол жолғы алаңдауын түсінуге болады. Қашан толғататын күнге жеткенге дейін Лида апай қатты уайымдаумен болғанын марқұм анам үнемі айтып отыратын еді. Замандары бір, жастары шамалас, құрбы-құрдас болған соң әкем де, анам да ол кісімен қатты қалжыңдасып, бір-бірін сөзбен қағытып отыратын. Әзіл-қалжыңдары жарасымды үлкендердің сыйластығына ол уақытта жас болған соң аса мән бермеппіз.
Сол заманның бір жақсылығы дейміз бе, 70-ке тарта түтіні бар шағын ауылда медпункт жұмыс істеді. Оның иесі – Лидия Августовна, көмекші медбикесі Рәуия Тілеуберліқызы Ермекова, бұдан басқа Назым Қамиқызы, Альма Готская деген көмекші қызметшілері болды. Осы медпункт ауыл адамдарына, шалғай қыстақтардағы шопандардың отбасына дәрігерлік кеңес пен көмек көрсетіп қана қойған жоқ, перзентхана рөлін де атқарды. Онда ауылымыздың талай баласының кіндік бауы кесілді, олар осы жерде алғаш жөргектеліп, анасының уыз сүтімен ауызданды. Фельдшерлік біліммен аурухана дәрежесіндегі медпункті ұстап тұру, қазір ойлап қарасақ, екінің бірі сене бермейтін ертегі сияқты. Бірақ, ақиқаты солай.
Лидия Августовна туралы талай жақсы әңгімелерді естідік. Көзімізбен көргеніміз бар, газеттерден оқығанымыз қаншама, солардың барлығында ол кісінің өз кәсібіне деген адалдығы, ұқыптылығы мен тиянақтылығы, жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарайтындығы жазылды. Басы ауырып, балтыры сыздағанда, жаны қысылғанда ауылдағы ағайындар тәуліктің қай мезгілі екеніне қарамай, Лида апайдың үйіне жүгіретін. Ол кісі болса, шақыртуды алған мезетте шақырған үйге қарай асығып құстай ұша жөнелетін. Жазды күндері болса бір сәрі ғой, қыстың қақаған аязында, күннің боранды екеніне қарамай қалың қарды омбылап, үйімізге сан мәрте келіп, ауырып қалған інілерімізді қарап кеткен кездері болды. Дене бітімі толық кісіге бұл оңай емес, алайда біздің бірде-бір шақыртуымыздан бас тартқан Лида апайды көрмеппіз.
Бірде ауылда тракторист болған бір үлкен ағамыздың айтқаны бар.
– Қыс айы еді, – дейді әлгі ағай, – кеш қарайып қалған мезгілде ауылдан 10-15 шақырым жердегі шопан атқа мініп жетіп келді. Суыт жүрісіне қарағанда, үйінде бір жағдай болған сияқты. Бөлімше меңгерушісі маған тапсырма берді. «Жаныңа Лида апайды алып, шопанның үйіне барасың. Зайыбы толғатып жатқан көрінеді. Қатты қиналып жатса керек, дереу тракторыңды от алдырып, қыстаққа жөнел» деді. Күнде көріп жүрген шопанның әйелі қиналып толғатып жатыр дегенді естігенде жан-тәніміз қала ма? Бірден тракторыма қондым. Бірақ Лида апай трактордың кабинасына мініп шығуды қиынсынды, өте толық адам ғой, үнемі машинаның кабинасына ғана мінетін. Ал бұл жолы машинамен апарудың еш мүмкіндігі жоқ. Ол үшін әуелі жолды аршып тазалау керек. Және өте қысылтаяң шақ, уақыттан да ұтылмау қажет. Сондықтан, трактордың артына тіркемесін жалғаудан басқа амал қалмады. Астына қалыңдап киіз салып, жақсылап қымтап орап, тіркемеге отырғыздым, осылайша жаңағы қыстаққа жеттік. Біздің жеткеніміз сол еді, айналасы 15-20 минуттың ішінде Лида апай шопанның әйелін босандырып алды. Әбден жайғастырып болғанша түн ортасынан ауды. Ауылға ертеңінде қайттық. Мен кабинадамын, ал, Лида апай тағы да сол тіркемеде. Бұл бір ғана болған оқиға.
Осындай қиын жағдайда, тыныс-тіршілігі табиғаттың құбылмалы мінезімен қоса өзгеріп тұратын ауыл өмірінің нағыз ортасында халыққа, соның ішінде шалғай қыстақтардағы шопандарға қызмет көрсетудің бейнетін молынан көрген Лида апай 1979 жылы зейнеткерлікке шығып, 1980 жылдың қазан айында Қарағанды қаласына көшті. Бүкіл ауыл-аймақ құрметтеп, сән-салтанатымен шығарып салды. 2000 жылдары Германияға қоныс аударды. 2007 жылы атамекеніндей болып кеткен Ақтоғайын, Бірлестігін аралап, өмірлік жары Петр ағайдың қабіріне зиярат жасап, туғандай болып кеткен халқымен жүздесіп, мауқымды бір басып қайтамын деп жолға шыққанын естігенбіз. Бірақ ажал шіркін ол арманына жеткізбепті. Қарағанды қаласында маусым айының 12 күні жүрегі соғуын мәңгілік тоқтатқан екен. Бір көрсек, құрметіміз бен сыйымызды көрсетсек деген арманымыз болып еді. Алайда, тағдыр жазбаған нәрсе болмайтын көрінеді. Біз де Лида апайымыздың жүзін көре алмай, аңсап сағынумен қала бердік. Кейіннен бір ауылда қатар өсіп, жақын-жуықтай болып кеткен балаларын тауып алып, отыз жылдай үзіліп қалған байланысымызды қайта жалғастыра бастадық. Осыдан тура он жыл бұрын Қарағанды қаласында тұратын кенже қызы Антонина Петровна маған көптеген мәліметтер берді. Мына суретті Тоняның бізге жіберген ескерткіш сәлемдемесі ретінде қабылдадық.
Биыл сәуір айының 18 күні Л.А.Розенконың туғанына 100 жыл толды. Халқы алақанына салып ардақтаған аяулы жанның рухына мың мәрте салауат айтып, Алладан шапағат тілесек те, артық емес. Қазіргі жүрген менің көптеген ауылдастарымның Лида апайға деген ризашылығы шексіз деп ойлаймын. Өйткені, Лидия Августовнаның жасаған еңбегінің жемісі – бұл бүгінгі күні шат-шадыман көңіл күйде өмір сүріп жатқан мына біздер, ол кісінің «кіндік» балалары. Дені сау, он екі мүшесі бүтін ұрпақ болып бүгінгі күнге аман жеткеніміз ақ халаттай ары таза, ниеті адал Лида апайымыздың арқасы.
Ауыл фельдшерінің халыққа жасаған ұшан-теңіз еңбегін біз алғысымызды білдіре еске алып жатсақ, үкімет сол уақытта-ақ лайықты бағасын беріп, мемлекеттік наградалармен марапаттаған екен. Оған келтірер айғақтар көп. 1941 жылы Қызыл Крест қоғамының жұмысына белсене қатысқаны үшін берілген грамота, медицина саласындағы көп жылғы мінсіз қызметі үшін берілген Құрмет грамоталары ол кісіге көрсетілген сый-құрметтердің бір парасы ғана. Ал, нағыз жұлдыздар Лидия Августовнаның кеудесінде жарқырады. 1966 жылы «Құрмет белгісі» және 1970 жылғы Ленин медалі, 1957 жылғы «Тың жерлерді игергені үшін» және 1976 жылғы «Еңбек ардагері» медальдары, сондай-ақ, 1976 жылғы СССР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен берілген «СССР денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі ақ халатты абзал жанның халыққа сіңірген еңбегіне берілген баға, көрсетілген құрмет. Еңбектегі абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктеткен осындай наградалармен қатар, Ақтоғай аудандық халық депутаттары кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланған ауыл фельдшерінің есімі ауданның Құрмет кітабында алтын әріппен жазулы тұр.
Қуандық СӘДЕНОВ,
БАЛҚАШ.