Спорт

Кинделан Қарағанды спортшыларына дәріс беруді бастайды

Әлемге әйгілі кубалық боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы, үш мәрте әлем чемпионы Марио Сезар Кинделан елге келді. Ол жастармен білімін және тәжірибесін бөлісу мақсатында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне ұстаздық міндетпен келіп, дәріс беруді бастады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кинделан – әлемдік әуесқой бокстың аңызға айналған тұлғасы. Техникасы – мығым, шаршы алаңдағы жекпе-жек мәнері, найзағай жылдамдығындай аяқ қозғалысы және мызғымас қорғанысымен жанкүйерлер мен спорт сарапшыларының көзайымына айналған саңлақ.

Алғашқы күні ол дене тәрбиесі және спорт факультетінің қызметімен, сондай-ақ, «Жігіттің сұлтаны» спорт кешенімен танысты.

– Бокс аңызы Кинделанды оқу ордамызда қарсы алу – біз үшін мәртебе. Есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріппен жазылған спортшының өнегесі жас буынды жігерлендіреді. Жас боксшылардың осындай былғары қолғап шеберлерінен үйреніп, олардың тәжірибесі мен жігерін бойына сіңіруі маңызды, – деді университет ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Кездесудің ажарын ашқан бөлік – студенттер мен жас боксшыларға арналған шеберлік сабағы болды. Университет түлегі, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен кубалық боксшы Марио Сезар Кинделан шаршы алаңда жұдырықтасып, бірлесіп жаттығу өткізді. Қос дүлдүлге спортты дамытуға және боксты насихаттауға қосқан үлестері үшін естелік кубоктар табыс етілді.

– Қонақжай қазақ еліне бұған дейін де бірталай рет іссапармен келдім. Куба мен қазақ елінің боксқа деген сүйіспеншіліктері ерекше. Қазақ жастарының әрқайсысының көзінен ұшқын көрдім. Екі елдің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бокс саласын жандандыруға күш-жігерімізді салсақ, кәнігі боксшылардың көптеп шығатыны анық. Сол мақсатта арнайы шақырғандарыңызға бек қуаныштымын. Жауапкершілікті сезініп, бар білгеніммен бөлісіп, жастарды жігерлендіруге тырысамын, – деді кубалық боксшы.

Шеберлік сабағына жиналғандардың қарасы қалың. Кездесу соңында қонақтар естелік сыйлықтармен алмасты. Марио Сезар Кинделан университетке қолтаңбасы қойылған бокс қолғаптарын табыс етсе, ректор қонаққа оқу орнының имидждік өнімдерін ұсынды.

Марио Сезар жеткіншектерге бокс бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар, облыс аудандары мен қалаларында да спорттық кездесулер жоспарланған.

Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті – Геннадий Головкин, Серік Нұрқазов, Бейбіт Есжанов, Серік Елеуов, Аркадий Топаев, Абылайхан Жүсіпов сынды әлемге танымал былғары қолғап шеберлерін түлеткен қастерлі білім ордасы. Алдағы уақытта да бұл дәстүр жалғасын тауып, университеттің спорт мектебінен еліміздің көк Туын желбіретер ұлт ұландары қалыптасып шығатынына сенеміз.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button