Ресми

Әкімшілік сот әлсізді қорғайды

Елімізде 2021 жылдың шілдесінен бастап, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне еніп, жеке сот орындаушылар және квазимемлекеттік сектор ұйымдарымен арадағы даулар мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың көмегімен шешілетін болды. Осыншама уақыт ішінде өңірде сотқа барлығы 3 500 талап-арыз келіп түскен. 1 200-ден астам шешім шығарылған. Талаптардың 50%-ы қанағаттандырылған, оның 21%-ы азаматтардың пайдасына, 29%-ы бизнестің пайдасына шешілген. Әкімшілік соттарды енгізудің нәтижесі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Қанат Мақажанов айтты.

– Біздің өңірде көбінесе жеке сот орындаушылардың әрекетіне шағым түседі. Одан кейінгі кезекте – салық органдарына қарсы талап-арыздар және жер дауына қатысты шағымдар. Талап-арыздардың елеулі бөлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы порталы арқылы түсті, – деді Қанат Мақажанов.

Әкімшілік соттарды енгізудегі әу бастағы мақсат – мемлекеттік басқару органдарымен арадағы даулар болған жағдайда бетбұрыс жасау, тараптардың процесуалдық мүмкіндіктеріндегі алшақтықты жою. Мемлекеттік органдарда заң бөлімдері бар екені баршаға аян. Өз кезегінде, кез келген азамат заң талаптарын жетік біле бермейді және кәсіби заңгер жалдауға да мүмкіндігі жоқтығы анық. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс енгізілгелі бері құзырлы мекемелер алдында есесі кеткен адамдардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалып, судьялар азаматтарға жақтасатын болды. Яғни, құзырлы орган өзіне өтінішпен жүгінген кез келген азаматтың ісін заң аясында оңтайлы шешуге мүдделі.

Брифингте Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Қанат Мақажанов әкімшілік органдарда осы уақыт ішінде қандай өзгерістер орын алғанын, жаңа кодексті енгізудің нәтижесі қандай болғанын мысал-дәйектермен айтып берді.

– Әкімшілік рәсім – әкімшілік іс бойынша шешім шығарудың дәйекті рәсімін білдіреді. Тыңдау – міндетті кезеңдердің бірі, ол кезде арыз беруші қанағаттандырудан бас тартқан арызы бойынша алдын ала шешімге қарсылықтарын айта алады. Бастапқы кезде әкімшілік органдармен тыңдау жүргізіле бермеді. Заң бұзушылықтарға сот ұдайы ден қоя бастады, – деді Қанат Маратұлы.

Мысалы, басқарма тарапынан ЖШСке тексеріс жүргізіле бастаған, оның нәтижесі бойынша орындауға міндетті нұсқама берілген. Сотта анықталғандай, ЖШС-ке тексерістің алдын ала нәтижелері белгілі болмаған және тыңдау жүргізілмеген. Бұл ретте талап қоюшыда шығарылған нұсқамаға қарсы уәждер болып, ол уәждерді сот назарға алуды лайық деп тапқан. Нәтижесінде нұсқама өз күшін жойған.

– Заң бойынша әкімшілік акт заңды және негізді болуы керек. Бұл талаптар әрдайым сақтала бермейді. Кейде арыздарға немқұрайлы кеңселік жауаптар беріле салады. Мысалы, пәтерді жалдап алушы жекешелендіруге рұқсат беру үшін мемлекеттік мекемеге жүгінген. Органмен бұл арызға ешқандай негіз келтірілмей сотқа жүгіну қажеттігі туралы жазбаша жауап берілген. Бұл заңсыз деп танылған. Арыздарға жауап ондағы әрбір уәжге негізді және заңды түрде берілуі керек, – дейді Қанат Маратұлы.

Ал арыздарға жауап толық берілмесе, оны сот міндеттейді.

– Әкімшілік рәсімдерді жүргізудегі негізгі аспектілердің бірі – әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын сақтау. Қолданыстағы заңнамада әкімшілік рәсімдердің қағидаттары ең серпілісті болып саналады. Атап айтқанда, құқықтар басымдығы, сенім құқығын қорғау қағидаттары бекітілген. Жалпы мағынада олар барлық күмән, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына шешілетінін білдіреді, – деді ол.

Ауданаралық әкімшілік сот төрағасы осы қағидаттардың бұзылуының мысалы ретінде облыс орталығы тұрғынының тіркеуші органға жер учаскесі бар тұрғын үйді заңдастыру арызымен жүгінгенін келтірді. Тіркеуші орган заңдастыру шешіміне күмән келтіріп, арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Сонымен қатар, жауапкермен жер учаскесіне жекеменшік құқығын беретін актінің талап қоюшыда бар екендігі ескерілмеген. Негізгі қағидаттарының бұзылуына байланысты сот бас тартуды заңсыз деп танып, меншік құқығын тіркеуді міндеттеген.

– Әкімшілік рәсімдер қағидаттарынан басқа арнайы қағидат бар, оны тек сот қолданады, ол соттың белсенді рөлі. Талап-арыз сотқа түскеннен кейін судья оның сотпен немесе соттармен қаралмайтынын түсіндіруге құқылы. Сондай-ақ, судья тараптардың уәждері мен дәлелдемелері бойынша өз пікірін айта алады. Кейбір жағдайларда арызды қайтарып алуға әкеледі. Тараптарды өзара қанағаттандыратын шарттарда татуласу келісімдері де жасалып отырады. Соттың белсенді рөлді атқару нәтижесінде шешім шығарусыз 402 жағдайда дау шешілді, – деді Қанат Мақажанов.

Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану арқылы сотқа және сот актісіне деген құрмет білдірушілікті қалыптастыруда. Соттың шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдар да ақшалай өндіріп алу түріндегі жауапкершілікке тартылған.

– Қазіргі таңда барлық дерлік сот процестері жауапкерлермен немесе олардың өкілдерімен өткізілетінін атап өту керек. Жекелеген жағдайларда мемлекеттік органның басшылары тікелей өздері қатысады. Бұған дейін көп жағдайда мемлекеттік орган өкілдері қатысуды жөн көрмейтін. Тұтастай алғанда, аз уақыт ішінде екі жылдық сот тәжірибесі әкімшілік органдардағы жағдайдың біртіндеп өзгеріп жатқанын куәландырады, – деді ол.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button