Ресми

Әкімнің рейтингісі неге төмен?

Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар, олардың әдептілігі де маңызды. Себебі, халықтың мемлекеттік аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттік қызметшіге, оның жұмысына, мінез-құлқына тікелей байланысты. Олар өздері ұстануы тиіс қағидаларды қатаң сақтап, қызметін мінсіз атқаруы керек десек те, әдептен озып, іс-әрекетімен қоғамда мемлекеттік қызметтің нормаларына сай келмейтін түрлі кемшіліктерге жол беретін жағдайлар да кездесіп жатады. Бірақ, ондай әрекеттің барлығы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің қырағы қадағалауында. Аталған кеңестің жетекшісі Ербол Жолданғардың төрағалығымен өткен кезекті отырыста мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жіберілген кемшіліктер талқыланып, тиісті шешім қабылданды.

 

Кәсіппен айналысуға шектеу қойылған

Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Медет Ілияс мемлекеттік қызметшілерге қойылатын белгілі бір шектеулер бар екенін айтады. Соның бірі – кәсіпкерлік қызметпен айналыспау. Шектеуге немқұрайлы қараған қызметкер мемлекеттік қызметтің беделін түсірді деп есептеледі. Тіпті, өз пайдасы үшін сыбайлас жемқорлыққа да баруы мүмкін. Нәтижесі – мемлекеттік қызметтен толық босатылады.

Дәл осындай фактілердің алдын алу мақсатында департамент мемлекеттік қызметте бола отырып, кәсіпкерлікпен айналысудың алдын алу мақсатында талдау жүргізген. Уәкілетті мемлекеттік органдарға сұраныс жіберу арқылы алынған ақпарат шектеуге қарамастан, облыста кәсіпкерлікпен айналысатын мемлекеттік қызметшілер бар екенін көрсеткен.

– Талдау нәтижесі мемлекеттік қызметшілердің атына тіркелген жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және жеке кәсіп бар екенін анықтады. Мәселен, Ақтоғай ауданы Шашубай ауылының әкімі аппаратының бас маманы А.Ежібаев, Шет ауданының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің бас маманы А.Сәдуақасов, осы ауданның Төменгі Қайрақты ауылының әкімі Ж.Әйешев ЖШС құрылтайшылары болғанымен, өздері кәсіпкерліктен ешқандай табыс таппағандарын айтты. Одан бөлек, Саран қаласы әкім аппаратының қызметкері В.Штайнмец жеке кәсібін сенімгерлік басқаруға бергені жайлы келісімшарт ұсынған. Бірақ, ол жеке кәсіпкерлік сенімгерлік басқаруға берілмейтінін ескермеген, – дейді Медет Ілияс.

Медет Бақтиярұлы мұндай заң бұзушылықтар мемлекеттік қызметшілердің заң нормаларының талаптарын дұрыс білмеуінде екенін айтады. Мемлекеттік қызметшілер кәсіптерін Әділет органында тіркеп үлгермеген және табыс тауып үлгермеген. «Аталған бағытта жұмыстар жалғасады және департаменттің үнемі қадағалауында» дейді бас маман.

«Ұзын арқан, кең тұсаудың» заманы өтті

Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау – мемлекеттік органдардың басым бағыты. Халықтың сенімі өтінішті сапалы қараудан басталып, ол мемлекеттік аппараттың беделіне әсер етеді. Бірақ, өкініштісі сол, іс жүзіне келгенде жекелеген мемлекеттік органдар халық үніне құлақ асатын мемлекеттің міндеттерін тиісінше орындамайтын жағдайлар да жоқ емес.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Елена Эдельханова мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жасамайтынын айтты әдеп кеңесінде.

– Біз 2022 жылғы және 2023 жылғы 1-жартыжылдықтағы өтініштерді тіркеу және қарау кезінде жиі жіберілетін бұзушылықтарды талдадық. Ақпараттық жүйе автоматты түрде қарау мерзімін белгілегенімен, мемлекеттік органдар облыс бойынша 2022 жылы 387 өтініштің қарау мерзімін сақтамаған, – дейді Елена Евгеньевна.

Одан бөлек, өтінішті қарау кезінде бір органнан екінші органға жіберіп, әуре-сарсаңға салған кездер де жиі кездеседі. Бұл ретте жеке тұлға «е-өтініш» ақпараттық талдау жүйесінде өз өтінішінің қозғалысын бақылап отыру мүмкіндігі бар екенін ескерсек, мұндай әрекет мемлекеттік органдардың қабілетсіздігін көрсететінін айтады аға прокурор.

Өтініш қарау мерзімін бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға 2022 жылы – 29, 2023 жылы – 5 әкімшілік іс қозғалып, көлемді айыппұл салынса да, жағдай өзгеріссіз.

«Өтініштермен жұмыстың тиімді ұйымдастырылмауы мен бақылаудың әлсіздігі осындай жағдайларға әкелуде» екенін айтады Елена Эдельханова. Нәтижесінде, заңдылықтардың көптеп бұзылуы 2022 жылы облыс әкімінің қызметін бағалауға кері әсерін берген. Атап айтқанда, бағалау барысында 100 балдың небары 26-сын ғана жинап, 20 орынның ішінде 18 орынға түскен.

Жер бөлуде заңсыздықтар бар

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Әдеп кодексін сақтау бойынша облыстың жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Арман Ләмбеков баяндады.

2022 жылғы 1 қаңтардан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қарайтын мекеме құзыретіне мемлекеттік қызмет көрсету кірмейді.

Департамент қызметкерлері 2023 жылдың басынан жеке және заңды тұлғалардан келген 904 өтініштің 735-ін қараған. Одан бөлек, субъектілердің жер заңнамасын сақтауы бойынша 172 кезектен тыс тексеру жүргізген.

– Тексеру барысында 51 мың 34 га алаңда 124 жер заңнамасын бұзушылық анықталып, 20 адамға 2 млн. 673 мың 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі күнге салынған айыппұлдар толығымен өндірілді. Облыстың қалалары мен аудандарының жергілікті атқарушы органдары қабылдаған шешімдердің заңдылығын бақылау мақсатында 9 тексеріс жүргізіліп, нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 9 нұсқама берілді. Оның ішінде ауданы 3 353 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша заңсыз қабылдаған 5 шешім жойылды, – дейді басқарма басшысы.

Одан бөлек, департамент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша Қарқаралы, Шет және Бұқар жырау аудандарында профилактикалық бақылау жүргізіп, 20 128 гектарды құрайтын 23 жер учаскесін беруде бұзушылықтарды анықтап, нұсқама берген. Қазір Қарқаралы және Шет аудандарында анықталған бұзушылықтар жойылған. Ал, Бұқар жырау ауданы бойынша 8 мың 300 гектарға қатысты берілген нұсқама жер пайдаланушылардың өтініштері негізінде күші жойылған.

Әдеп кеңесінің отырысында сондай-ақ, Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзушылықтардың алдын алу бойынша баяндама жасағанын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button