Әкімнің ақынға құрметі

Ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында елімізде ауқымды шаралар жүзеге асуда. Мерекелік шаралардың легі Абайдың нағашы жұрты – Абай ауылында да жалғасын тапты. Жарты ғасыр бұрын – ақынның 125 жылдық мерейтойына орай орнатылған ескерткішті ауыл әкімі өз қаржысына жөндеуден өткізді.

Қайта жаңғыртылған ескерткіш жанында өткен «Ұлылардың ұлысы» атты мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы, аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нұркенов, Темірші ауылдық округінің әкімі Серік Ілияшев және аудандық мәслихат депутаттары – Рымбек Смағұлов пен Мұхит Адамов қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы Қарқаралы – ақын Абайдың рухани мекені болғанын, ұлы ойшылдың Қарқаралы жерінде табанының ізі қалғанын тілге тиек етті.

Ескерткішті жөндеуге кеткен шығынды Абай ауылының әкімі, руханият жанашыры Әлия Нұркенова көтеріп алды. Әкімнің қаржысына ескерткіштің тұғыры қара мәрмармен қапталып, тұлғасы қалпына келтіріліп, айналасы абаттандырылды.

 – Үнділер Дели қаласында Абайға ескерткіш қойды. Стамбулда түріктер Абайға үлкен көшенің атын берді. Біз Абайдың нағашы жұртымыз деп жүргенде ескерткішінің жүдеп тұруы елдігімізге сын болды. Осындай оймен жүріп, еңбек демалысыма түскен қаражатты осы ескерткішті толық жөндеуге жұмсадым. Оған еш өкінбеймін. Дана Абайды дүниеге әкелген Ұлжан ана екеуміз Бертістің Бектемірінен тараймыз. Апамның аруағы әрі ұлы ақынның рухы риза болсын деген ниетпен осы шараны атқарып шықтым. Әкем осы ескерткіштің орнатылуына үлес қосса, анам ақынның 30 өлеңін жатқа білуші еді, – дейді Әлия Қамашқызы.

Жақсылыққа жаны құмар әкім ауыл мектебі мен кітапханасына да демеушілік жасап тұрады. Қазақ баспасөзіне жанашырлық танытып, жыл сайын газет-журналға жазылу маусымында облыстық және аудандық қос басылымға өзі жазылып, ауыл тұрғындарына тегін таратып беруді де әдетке айналдырған. 

Сағыныш ӘБІЛ.

Суретті түсірген Т.ХАМИТОВ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.