Жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйымдар: сенімді әріптес

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдарының XVII дәстүрлі форумы өтті. Шараның басты мақсаты – өңір аумағында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін біріктіру және үздіктерді марапаттау. Жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Ең таңдаулы үкіметтік емес ұйым-2021» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Фестиваль облыстағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатына сәйкес жыл сайын өткізіледі. Жобаны облыстың ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы Қауымдастығы» ЗТБ жүзеге асырады.

Фестиваль қатысушыларын құшақ жая қарсы алды. Алдымен, этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынды. Конференция аясында Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі ең табысты әлеуметтік маңызды жобалардың көрмесі өтті. Қонақтарға проблемалық мәселелерді шешу бойынша өз ұсыныстарын «Ел болашағы – біздің қолымызда» проактивті панелінде қалдыру мүмкіндігі ұсынылды. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөзінде конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, келесі жылдан бастап осындай іс-шараны көшпелі форматқа енгізіп, келер жылы үкіметтік емес ұйымдарының фестивалін Жезқазған қаласында өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, ҮЕҰ қолдаудың тиімді механизмі – гранттық қаржыландыру тетіктерін қарастыруды ұсынды. Бүгінде Қарағанды облысында мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, төрт жүзден астам ҮЕҰ белсенді жұмыс істеуде.

– Бұл өзгелердің жұмыс істемейді дегені емес. Әр ҮЕҰ басшысы жұмысты қашан және қандай бағытта жүргізу керектігін өзі таңдайды. Әр ұйым қандай да бір әлеуметтік маңызды мәселені шешуге арналған, – дейді Қарағанды облысының Азаматтық альянсының президенті Гүлнар Құрбанбаева.

Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдар күнделікті айналысатын міндеттерді шешу үшін құрылған. Олардың қатарында аз қамтылған, науқас, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қамқорлық жасау, жастарды тәрбиелеуге жәрдемдесу, мәдениетті сақтау және дамыту, Конституцияда кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды қорғау бар. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қаржыландыру бірнеше есе ұлғайтылды. Сондай-ақ, саны да өскен. «Үкіметтік емес сектор қоғамдық пікірді қалыптастыруда және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде үлкен рөл атқаратыны баршаға мәлім» деген «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ төрайымы Мәдина Салпенова облыстың ҮЕҰ-дары Қазақстандағы ең мықты және тәжірибелі ұйымдардың бірі болып табылатынын айтады. Оның нәтижесі – осыған дейін өткізілген іс-шаралар мен әлеуметтік жобалар. Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдарының фестивалі 17 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын қатысушылар өз ісінің үздіктерін таңдайды. Бұл жолы карантин шараларына байланысты қатысушылар саны шектеулі. Бірақ, өзге қатысушылар ZOOM арқылы онлайн режимінде қатысты. Жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған ҮЕҰ Дмитрий Потапенко жетекшілік ететін қарағандылық «Қазақстан азаматы» қоғамдық бірлестігі. Одан бөлек, қатысушылар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, қатысушыларды марапаттаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын құттықтау сөзінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктеріне тоқталып, олардың қоғамдағы, мемлекеттің дамуындағы алатын ерекше рөлін атап өтті.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button