Үкімет басшысы: «Президент Жолдауы еліміздің одан әрі жедел инновациялық дамуына зор серпін береді»
Үкімет Жолдауда айтылған міндеттерді жедел орындауға бар күш-жігерін жұмылдырады.

Үкіметте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қарастырылуда.
– Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің одан әрі жедел инновациялық дамуына зор серпін береді. Қазақстанның болашағы – технологиялық өрлеумен байланысты, сондықтан Президент үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды, – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу мемлекеттік басқарудың заманауи технологиялық жүйесін құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Президент атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық тәсіл «оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз етіп, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттырады». Жаппай цифрландыру әртараптандырумен қатар, бүкіл отандық экономиканы кешенді түрде жаңғыртуға және Қазақстанды жаһандық аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытуға ықпал етеді. Үкімет Жолдауда айтылған міндеттерді жедел орындауға бар күш-жігерін жұмылдырады, – деп атап өтті Премьер-министр.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі