Үкімет басшысы мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді және ауыл шаруашылығын цифрландыруды күшейтуді тапсырды
Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласында бірқатар басым міндеттер қойылғанына назар аудартты.

– Ауыл шаруашылығы министрлігіне екі ай мерзім ішінде қаржыландыру көздері мен инвестициялық жобалардың тізбесін нақтылай отырып, Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы жұмыстың шеңберінде ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды да жетілдіруді қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысы логистика орталықтарын, агрохабтар мен жеткізудің біртұтас желісімен қоса, аграрлық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл ретте цифрлық технологияларды барынша енгізіп, отандық ғылыми әзірлемелердің әлеуетін пайдалану керек.
Жер ресурстарына келетін болсақ, оларды ұтымды әрі тиімді пайдалану, әділ бөлуді қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейткен жөн. Барлық процестер ашық жүріп, нәтижесі бойынша есеп берілуі керек. Бұл, әрине, цифрлық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай мерзімде осы тетіктерді жүзеге асыруға бағытталған тиісті заңнамалық бастамаларды әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Одан бөлек Ұлттық экономика министрлігіне өңірлер экономикасының өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың функциялары мен өкілеттіктерін кеңейтіп, оларды даму институттарына айналдыруды көздейтін заңнамалық түзетулер жобасын жасап шығару тапсырылды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі