Үкімет басшысы бірнеше облыс әкімдерінің жұмысын сынға алды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жобада көзделген 655 нысанның ішінен бүгінде 467 медициналық мекеменің құрылысы аяқталғанын, 2025 жылы тағы 188 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанында жұмыстарды аяқтау жоспарланғанын баяндады.
Премьер-министр Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жоба ауылдық елді мекендерде медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуда шешуші маңызға ие екенін және 650-ден астам ауылдық жерде заманауи денсаулық сақтау нысандарын ашуды көздейтінін атап өтті.
– Жоба, біріншіден, ауылдық жердегі медициналық көмекті қолжетімді ету үшін бірқатар кешенді мәселені шешуге ықпал етеді. Яғни, азаматтар өздерінің тұрғылықты жерінде шұғыл көмекке қол жеткізе алады. Екіншіден, заманауи құрал-жабдықтар есебінен медициналық қызметтердің сапасы жақсарады. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты да – осы, – деді Олжас Бектенов.
Отырыста министрлер мен құрылыс қарқынында тәуекелдер бар бірқатар өңір әкімдері тыңдалды. Тиісті тапсырмалар берілді.
– Үкімет тарапынан медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салуға республикалық бюджеттен шамамен 120 млрд теңге, ал аудандық ауруханаларды қайта жаңғыртуға 31 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен толықтырылып жатқан Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты да ұлттық жобаны іске асыруға бөлінді. 145 алғашқы көмек нысаны мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына 31 млрд теңгеден астам қаражат салынды,— деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру қарқыны бойынша жоғары тәуекел аймағындағы өңірлерді атады. Нысандарды уақтылы тапсыру үшін күш-жігерді жұмылдыру тапсырылды Үкімет отырысында Премьер-министр 5 өңірде ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде нысандарды салу бойынша жұмыстар толық көлемде аяқталғанын атап өтті. Біз Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары туралы айтып отырмыз. Құрылыс қарқыны бойынша Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында белгілі бір тәуекелдер бар. Олжас Бектенов жұмыс кестесінен артта қалған нақты аймақтарды атады. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында осы күнге дейін 6 нысан бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес. Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған құрылыс қарқынын арттыру, әсіресе жобалық құжаттаманы дайындау рәсімдерін және медициналық құралдармен жабдықтау мәселесін жеделдету жөніндегі тапсырмасына назар аударды.
– Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың кемшін болуы Ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Нысандарды уақтылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек. Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу – бар күш-жігерді жұмылдыруды қажет етеді,— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді Үкімет отырысында Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігіне биыл құрылысы аяқталуы жоспарланып отырған 188 медициналық нысанның салыну барысына апта сайын мониторинг жүргізуді және ауруханаларды жаңғырту жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Заманауи медициналық құралдарды уақтылы сатып алу және нысандарды жабдықтау бойынша қажетті шараларды қабылдау қажеттігі атап өтілді. Жобаларды уақтылы және сапалы іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың алдына міндеттер қойылды.
– Өңір әкімдері биыл жоспарланған барлық медициналық объектілерді мерзімінен кешіктірмей іске қосуды қамтамасыз етсін. Сондай-ақ бұл жұмыстың сапасына теріс әсерін тигізбеуге тиіс. Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері осы жылғы 15-ші мамырға дейін аудандық ауруханаларды жаңғырту бойынша барлық жобалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамаға жіберсін. Қолдау шараларының толық әлеуметтік пакетін қамтамасыз ете отырып, медициналық кадрларды қазірден бастап тарту жөнінде нақты шаралар қабылдаған жөн, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне осы жылдың 1-ші маусымына дейін ауруханаларды жаңғырту бойынша жобалардың мемлекеттік сараптамасын аяқтау тапсырылды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА