АймақБас тақырыпРесми

Үкімет Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны бекітті

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» жөніндегі ұлттық жобаны бекітті. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиясын айқындайды, сондай-ақ, индустрияландыру және цифрлық экономиканы дамыту барысында қажеттілігі бірнеше есе арта түсетін базалық қуаттардың тапшылығын жоюға бағытталған.

IT-сектордың өсуі, деректер орталықтарын құру және жасанды интеллектіні енгізу тұрақты базалық жүктемені қажет етеді, ал оны тек жаңартылатын энергия көздерінің бір өзі қамтамасыз ете алмайды.

Ұлттық жобада 7,8 ГВт қуат көзін енгізу және жаңарту қарастырылған. Сегіз жаңа энергия өндіру көзін салу жоспарланған, оның ішінде Екібастұз (2 640 МВт), Курчатов (700 МВт) және Жезқазғандағы (500 МВт) ірі нысандар, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемендегі заманауи ЖЭО-лар бар. Сонымен қатар Ақсу ГРЭС, Екібастұз ГРЭС-2 және Қарағанды энергия торабын қоса алғанда, жұмыс істеп тұрған 11 стансаны терең жаңғырту басталады. Бұл жұмыстар саладағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 2030 жылға дейін 12,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаларды жүзеге асыру бюджеттен тыс қаражатқа, яғни инвестициялар тарту жолымен орындалады. Инвестициялардың жалпы көлемі – 7,5 трлн теңгеден астам.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button