Жаңалықтар

Әкімдер сайланады

Биыл облыстағы 15 ауылдық елді мекендердің және Абай қаласының әкімі сайланады. Сайлау науқаны 3 сәуірде басталды. ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сай бекітілген сайлау 4 мамырда өтеді.

Өткен аптада облыстық сайлау комиссиясы сайлау өтетін елді мекендер тізімін жариялады. Тізімге Жезқазған қаласының Кеңгір және Малшыбай ауылдары, Абай қаласы, Абай ауданының Есенгелді ауылдық округі, Ақтоғай ауданының Сарытерек, Ортадересін, Шабанбай би ауылдық округтері, Бұқар жырау ауданының Ақөре ауылы, Көкпекті ауылдық округі, Жаңаарқа ауданының Талдыбұлақ ауылдық округі, Қарқаралы ауданының Бесоба ауылдық округі, Нұра ауданының Шұбаркөл кенті, Құланөтпес, Шахтерское ауылдары, Осакаров ауданының Қарағайлы ауылдық округі, Ұлытау ауданының Қарсақпай кенті енген.

Бұрын сайланған бірқатар әкімдердің құзырет мерзімі аяқталуда. Кейбірі өз еріктерімен қызметтерін босатты немесе зейнеткерлікке шықты.

Әкімдерді сайлау бойынша шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген.

3-9 сәуір аралығында әкім лауазымына үміткерлерді ұсыну процесі өтті. Сәуірдің 9-нан 12-не дейінгі аралықта ұсынылған кандидаттарды аумақтық сайлау комиссиясы тіркейді.

Қазіргі таңда елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау науқаны жүріп жатыр. Ауылдық округ құрамына енбейтін аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдардың әкімдерін қызметке сайлау, құзыретін тоқтату және қызметінен босату ережелері ҚР Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №555 Жарлығымен бекітілген.

Кандидаттар жергілікті қауымдастықпен кеңес өткізілген соң ұсынылады. Ереже бойынша олардың жасы 25-тен төмен болмауы тиіс. Жоғары білімі болуы керек. Сайлауға басқа облыстың тұрғындары қатыспайды.

Әкімді жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Сайлау құпия дауыс беру арқылы өтеді. Сайлаушылар отырысы депутаттардың жалпы санының үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

Сайланған әкімдердің қызмет мерзімі – 4 жыл.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button