Жаңалықтар

КІМ ЖАЗЫҚТЫ: боран ба, әлде билік пе?

Қарағанды қаласының қары тазаланбайды дегенге адам баласы сене ме? Көрмегендер, әрине сенбейді. Бірақ, бір күнгі жауған қар бес күнде толық шығарылған жоқ. Сонда Қарағандының қар тазалайтын шамасы жоқ па? Биліктің айтуынша, жол тазалаушылар 24 сағат зыр қағуда. Тәулік бойы қармен алысып жатыр. Әйтсе де, қала бәрібір қардан көз аша алмай тұр. Осынша тырмалағанда тазармайтын «бұл қала сонша резеңкеше созылып кеткен бе?» деген бір түрлі ой келеді екен…

Түйе шайқалса, ешкіні көктен іздейді. Қарағандыда боран соқса, жол тазалаушыларды сол ешкі кеткен жақтан іздейтін болғанбыз кейінгі жылдары. Жерден іздесек, қала аптаға жетпей аршылып қалар еді ғой. Арши алмаған соң аспаннан іздеп келеміз. Коммуналдық қызметтің әр техникасын тұмсығынан түртіп, оған ен салып отырған тағы ешкім жоқ. Қаншасы санда бар, нешеуі санатта жоғын мердігерлердің бір өзі ғана біледі. Бұқараға көрмеген соң – бәрі шын.

Шаһардың қос қанаты – Қазыбек би және Октябрь аудандарының мәліметінше, (рас-өтірігін кім білген) жол тазалауда бүгінде 257 техника қармен «күресте». Дәлірек айтқанда, Қазыбек би ауданында – 173, Октябрь ауданында – 84. Бұған дейін Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі жексенбілік, әлде дүйсенбілік жазбасында «300-ден астам арнайы техника жұмылдырылғанын» айтқан. Қолдағы деректер енді «257» деп таңдайы тақылдайды. «Қалған 50-60 техника қайда кетті?» екен деп қоямыз. Сірә, ойдағы болса ке- рек. Қай әкімнің есебінде қандай гәп барын білмейміз. Бірақ, білеріміз – қосындының мәні өзгерді. Бірақ, теңдеуінде теңгерілім жоқ.

Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Қожанов аудандағы қар тазалауда 5 мердігер компанияны атайды. 

«Мердігерлер техникамен және кұралдармен толығымен жабдықтанған. Сондай-ақ, арнайы техника екі ауысымда ауыр жұмыс атқарады. Сондықтан, техникалық ақаулары жиі пайда болады. Көлік жолдарын қардан тазалау жұмыстары жалғасуда. Аула аумақтарын тазарту бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Аула аумақтарында 5 жүк тиегіш және 8 тасымалдау көліктері жұмылдырылған. Бүгінгі таңда аудан аумағын тазарту жұмыстарында 173 мамандырылған техника және 115 жұмысшы бар. Ауа райының құбылмалылығынан және 26-28 ақпан күндері бір айлық көрсеткіштен екі есе артық қар жауғанынан аудан аумағын тазарту жұмыстары екі ауысымда атқарылуда. Бұған қоса, түскі үзіліс уақыты қысқартылды», – дейді Мақсұт Қожанов.

Октябрь ауданы әкімдігінің баяндауынша, «Көше-жол желісін санитарлық тазалау» бағдарламасында 4 мердігер жұмыс істейді. Мердігерлік ұйымдар барлық қажетті техникамен 100% қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 158 625,2 м3 қар шығарылған. Көшелерді тазалау ретпен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте көлік жолы тазаланып, содан кейін қар үйіндісі шығарылады. «Мердігер ұйымдар қардың қалың түсуіне байланысты бүгінгі күні қарды толық көлемде шығарып болған жоқ. Бірінші кезекте «А1», «А» санатындағы көшелер, көпірлер, автобус аялдамалары, жол қиылыстары, жолаушылар көлігі жүретін автомобиль жолдары қамтылады. Осыдан кейін екінші кезекте көшелерге қызмет көрсетіледі», – дейді Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Сәтпек Әбдіқалықов.

Орынбасар мырза бұған дейін қала әкіміне көлік жолдарында тәулік бойы тазалау жұмыстарын жүргізетін 84 техника барын мәлімдегентін.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың өзі де Қарағандыда жаяу жүргінші жолына, ауруханаларға, балабақшаларға кіреберістердегі жолдарға қатысты шағымдар көп екенінен хабардар. Бұл орайда аудан әкімдеріне де арнайы тапсырма беріп те қойған аптаның ортасында. Апта аяқталды. Амал не, қардан әлі толық құтылған жоқ Қарағанды.

Былтырғы жағдай биыл тағы қайталанды. Қарағанды билігінің жауы – қар болды. Қайта өткен жылы бар пәлені апталап соққан боранға жауып құтылғанбыз. Енді бір-екі күнгі боранды кімге жабарымызды білмейміз. Ішіміз сезеді. Алайда, ашық айтатын дәрмен қайда?

«Мердігерлерде мін жоқ», – дейді әкімдер. «Қазгидромет» «Қар қалың түсті, бір айдың нормасы», – дейді. Соған қарағанда, бәріне кінәлі көктем келейін деп тұрғанда жосықсыз соққан боран секілді. Ал, енді бұл «ұятқа» қалдырған боранды қалай жауапқа тартамыз? Бұған да биліктің өзіндік бір шарасы бар шығар. Біз қайдан білейік?!

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button