Әкім – қоғамдық көлікте
№15 автобус Пришахтинск тұрғындарын автовокзалдан «Старая Тихоновкаға» дейінгі бағыт бойынша тасымалдайтын жалғыз қоғамдық көлік. Тұрғындардың маршруттағы автобустардың жағдайына қатысты көптеген шағымдарынан кейін Ә.Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Құлекеев қоғамдық көлікке өзі мініп, көлік паркімен бірлесіп шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерді анықтады.
– Бүгін Пришахтинск және «Старая Тихоновка» тұрғындарының талап – арызы бойынша №15 автобустың жүру кестесін тексердім. Таңертеңгі сағат 7.00-де көрсетілген автобусқа мініп, барлық аялдамалармен маршрут бойынша аралап шықтым. Бұл бағыттағы автобустар ескі және көптен бері ауыстыруды қажет етеді екен. Сондай-ақ қозғалыс кестесін де қатаң сақтау керек екені мәлім болды, – деді аудан әкімі.
Сапардан кейін әкім бірнеше түйткілді мәселелерге тоқталды. Д.Құлекеев бұл мәселелердің барлығын тасымалдаушымен бірлесіп шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ