«Үкім» көрерменге жол тартты
Қарағандыда «Үкім» толық метражды фильмінің көрсетілімі өтті. Кинотурдың кеншілер астанасынан басталуы да тегін емес. Туындының режиссері әрі сценарий авторы Диас Бертіс – Қарағандының тумасы. Алдағы уақытта фильм Астана, Қызылорда, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында көрсетілмек.
Жас талант Диас Бертіс мыңдаған көрерменнің жүрегін жаулаған «Черный двор» телехикаясының да режиссері екенін атап өткен жөн.
«Үкім» фильмі өмірде болған шынайы оқиға негізінде түсірілген. Түсірілімнің негізгі жұмыстары Қырғызстанда өтсе, басқасы Қазақстанда атқарылған.
– 2008 жылы Қырғызстанның Тоқмақ қаласында мектептің жоғары сынып оқушылары полиция бөлімін басып алып, әділдік талап еткен. «Үкім» фильмінің идеясы осы оқиғаға негізделді. Бірақ, біз полиция бөлімін қалалық сотқа ауыстырдық. Идеяны ұсынған қырғызстандық Автандил Батырбеков деген талантты оператор. «Черный дворды» бірге түсірген едік. Біздің фильмде әділдік қана емес, мейірім мен кешірім бас планға шықты. Осы туралы қасиетті Құран кәрімнің сүресін негізге алдық. Фильм жекеменшік демеушілердің қаржысына түсірілді. Түсірілім Ыстықкөл жағалауында Балықшы қаласында өтті. Алғашқы жабық көрсетілім Алматыда ұйымдастырылды. Кейін Қырғызстанда тұсауы кесілді. Қарағандыдан Қазақстан бойынша турды бастадық, – дейді Диас Бертіс.
Туынды – Қазақстан мен Қырғызстан киногерлерінің бірлескен жобасы.
Экшн-драманың бас продюсері – Данияр Хатим. Бас рөлдерді Рауан Ахмедов, Дамир Амангельдин, Айбар Салы, Болот Тентимышов, Назым Мендебаиров, Калипа Таштанова сомдаған.
Сюжет желісі Бекзат, Ақтан, Қуат, Алан есімді замандас жастардың маңында 2009-2010 жылдары өрбиді. Алан – байдың баласы. Ол кезекті төбелес кезінде байқамай Ақтанның бауыры Бекзатты атып өлтіреді. Тапаншаны полиция қызметкерлерінен ұрлап алған Қуат. Бекзат осы тапаншамен атылды.
Болашағын Ұлттық қауіпсіздік комитетімен байланыстырғысы келген Ақтанға бауырының өлімі өте ауыр соққы болды. Байдың баласының жазадан құтылып кететінін білген Ақтан сот кезінде конвойдың автоматын күшпен иеленіп, ғимаратты басып алады. Мақсаты – әділ сот өткізу.
Оның жүрегін, өне бойын кернеген кек, өшпенділік, қатыгездіктің соңы орны толмас қайғыға алып келді. Мейірімділік танытып, кешірімді бола білгенде бәрі басқаша аяқталуы мүмкін еді.
Фильмнің соңында «Мүмкін біз балаларымызға дұрыс тәрбие бере алмаған шығармыз. Әлде осындай орны толмас қайғының орын алуына осы жастардың өмір сүрген уақыты кінәлі ме?» деген сөздер бар.
Кейінгі технологиялармен сапалы түсірілген фильмді тамашалап отырып, түрлі сезімді бастан кешірдік. Фильм осы тұрғыдан мақсатына жеткен. Десе де, әр көрермен өзінше ой түйері анық.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz